«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ҒАЛЫМДАР САЙЫСЫ

Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңіне өңіріміздің 193 оқушысы қатысып, 160 зерттеу жұмысын ұсынды. Оның отыз үші командалық жоба болды.

Оқушылардың ғылыми-зерттеу мен оқу-танымдық әрекеттерін ынталандыруды, дарынды да жас зерттеушілерді іріктеу мен оларға қолдау жасауды және еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруды көздеген жобалардың ғылыми тереңдігі, зерттеу сапасы, мазмұны жағынан деңгейі артып келеді.

Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы Абдужаппар Мұқымтаев ғылыми жобаны биология пәнінен жазған екен. Ол Жер маңындағы кеңістіктегі қалдық техникалық құралдардың метеорлық қауіпсіздігін зерттеген. Жас ғалым алдағы уақытта жер маңы қоқыстан тазартылмаса, онда адамдарға ғарышқа ұшу мүмкіндігінен айырылу қаупі бар екенін айтады. Мұндай қорытындыға ол жетекшісімен бірге бір жыл бойы зерттеу жүргізгеннен кейін келген.

Абдужаппар басқа қарсыластарының ғылыми еңбектерімен де танысып шыққан. Солардың ішінде тақырыбы жағынан және көтеріп отырған мәселесінің өзектілігі жөнінен өзінің жобасы көш ілгері екендігіне сенімі мол. Сондықтан жас ғалым, өзінің еңбегінің лайықты бағаланып, жеңімпаздар қатарынан көрінетінінен үмітті.

Петропавлдағы №4 орта мектептің оқушысы Екатерина Подлужная қоршаған ортаның ластануына қатты алаңдаулы екен. Сондықтан ол өзінің зерттеуін бүгінгі күні маңызды болып табылатын тақырып ретінде қатты қалдықтардың бұзылуын зерттеуге арнаған. Биыл ғылыми жобалар байқауына екінші жыл қатысып отырған оқушы осы тақырып бойынша зерттеу жүргізуді ұстаздарымен ақылдаса отырып қолға алған.

Облыстық кезеңде ең көп ұпай жинағандар екі кезеңмен өтетін іріктеу турына жіберіледі. Олар желтоқсанның 14-і күні бейіндік пәндерден тестілеуден және жобаны алдын ала сараптаудан өтеді. Конкурстың республикалық кезеңі келесі жылдың басында Алматы қаласында өтеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp