Кеше кешкісін Көкшетау қаласындағы политехникалық колледждің 16 жасар студенті “Көкшетау-Арықбалық-Чистополье” бағытында қатынайтын автобустан түсіп қалып, Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Моховое ауылына жаяу аттанған. Бұл ауылда оны курстасы күтіп алуға тиіс болатын. Бірақ досы келмеген соң, ол “112” нөміріне хабарласқан.
Оқиға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болғандықтан осындағы тиісті мекемелердің қызметкерлері бірден бозбаланы іздеуге кірісті. Оның ұялы телефонының өшіп қалғаны, әрі ұйтқыған боран жағдайды қиындата түсті. Іздеушілер “Foton” қар тазалағыш көлігінің соңынан жылжып отырды. Түнгі сағат екі кезінде “Алматы-Екатеринбург” тасжолының 850-ші шақырымында, Ақмола облысының шекарасынан 6 шақырым қашықтықта әбден қалжыраған жасөспірімнің сұлбасы көрінді. Чистополье ауылына жеткізілген ол қазір ауылдық амбулатория мамандарының бақылауында. Дәрігерлердің айтуынша, боз баланың еш жері үсімеген.
Сурет https://diapazon.kz сайтынан алынды.