«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСТАНДЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМІ

Биылғы 2 қарашада КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының “Солтүстік Қазақстан облысы мектептерінің ұстаздарын ордендермен және медальдармен наградтау туралы” Жарлығының шыққанына 70 жыл толады. Ұзақ жылғы еңбек өтілі мен мінсіз қызметі үшін Ленин орденімен наградталғандардың ішінде қазіргі Мамлют ауданындағы (бұрынғы Приишим) Бостандық ауылының тумасы, бастауыш мектептің мұғалімі Ғали Мусин (тізімде бесінші) мен Бексейіт бастауыш мектебінің мұғалімі Ғабдолла Шоқаев (тізімде тоғызыншы) та бар. Ғабдолла Шоқаев туралы өлкетанушы Қайролла Мұқанов ағамыз “Туған өңіріміздегі тұңғыш ұстаздардың бірі” (“Қызылжар нұры” №22 (338 санында) атты көлемді зерттеу мақала жазса, ал Ғали Мусин жайлы ондай танымдық материал жариялана қойған жоқ. 

Ғали атамыздың Ақжан, Елдес, Амангелді есімді ұлдары болғанын және Назыкен есімді қызы барын жақсы білемін. Ақжаны 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, әскери училищені тамамдаған, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, капитан шенінде 1943 жылы майданда хабарсыз кеткен. Соңғы екі ұлы да қазір арамызда жоқ. Елдестен тараған ұрпақтар Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында түтін түтетіп жатыр. Сексеннің сеңгіріне көтерілген жалғыз қызы Назыкен кенже ұлы Серікпен бірге елордада тұрады. Ұзақ жыл мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, құрметке бөленген, көпбалалы ана ретінде “Алтын алқа” иеленген апамыздың үлкені Аман Қабдөшев облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі, оның інісі Төлеген Дәстемұлы СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып жүр.

Биыл осы жиендердің іздестіруімен Бостандық ауылынан үш шақырым жердегі ескі қорымнан Ғали Мұсаұлының жермен жексен болған зиратын басына қойылған тас арқылы анықтадық. Онда араб тіліндегі сөздерден кейін туған жылы “1887”, қайтыс болған жылы “1949”, тастың төменгі жағына кириллицамен “Ғали Мұсаұлы” деп жазылыпты. Қолдан құйылып, 1950 жылы орнатылған тастың қисайғаны болмаса, әрі сыны кете қоймағанына, ондағы жазулардың жақсы сақталғанына таңғалдық. Бұл облыстық мұрағаттан табылған “Ғали Мусин 1949 жылы 28 қазанда 62 жасында қайтыс болды” деген деректі дәлелдеп тұр. Сонымен күзде Ғали атамыздың соңында қалған ұрпақтары зиратты қызыл кірпішпен қоршап, ұлағатты ұстазға және оның зайыбы Ғазиза Шәріпқызына мәрмәртастан белгі қойып, Құран бағыштады.

“Ғалия” медресесінде оқыған
Біз Ғали Мусиннің, ауылдас ағайыны Нұғыман Ораңкиннің және Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы Ғабдолла Шоқаевтың Уфадағы “Ғалия” медресесінде бірге оқығанын, жолдастық қарым-қатынас арқылы кейін туыстасқанын, яғни Ғабдолланың 29 жасында өзімен бірге оқыған Ғалидың Мақпуза есімді қарындасына үйленіп, ұзақ жыл Бостандық, Бексейіт бастауыш мектептерінде басшылық және ұстаздық қызмет атқарғанын көнекөз қариялардың, туған-туысқандардың, жиен ағамыз Нұри Ғабдоллаұлының әңгімесінен білетін едік. Бексейіт ауылының білімдар көнекөз қариясы, Ғабдолла Шоқаевтан бастауыш сыныпта білім алған Балатай Әбдіқасымов ақсақал да екі ұстаздың Уфадағы медреседе бірге оқығанын талай рет мұғалімінің өз аузынан естігенін айтып отыратын. Қайролла Мұқанов ағамыздың зерттеуінше, олар медресені 1909 жылы аяқтаған.
Белгілі ғалым, әдебиетші Ғалым Ахметов Алматыда 2005 жылы жарық көрген таңдамалы шығармалар жинағының 2-томында (140-145 беттер) “Ғалия” медресесінде оқыған 76 жастың аты-жөнін теріп алғанын мысалға келтіреді. Сондағы 51-тізімде Шоқаев Ғабдолла есімі келтірілген. Өкінішке қарай, ол тізімнен Ғали Мусин есімін таба алмадық. Оны “Туған жер” бағдарламасы аясында іздестіру және нақтылау келер күндердің міндеті деп есептейміз.
Уфадағы Ресей Ислам университеті “Ғалия” медресесінің қазіргі мұрагері саналады. Сол университетке Ғали Мусин туралы қандай мәліметтер сақталғанын білмек болып, әлеуметтік желі арқылы сұрау салған едік. Ондай материалдар сақталмаған болып шықты. Оқу орнының ректоры А.Сулеймановтың айтуына қарағанда, “Ғалия” медресесі 1872 жылы ашылып, 1919 жылы жабылған. Медресенің ұйымдастырушысы – түркі зиялысы Зия Камали. Медресенің “Ғалия” (араб.: “ұлы”, “мәртебелі”) аталуы оның жоғары дәрежелі ежелгі оқу орны екенін аңғартады. “Ғалия” медресесі Еділ бойы, Орталық Азия, Қазақстан аумағына жоғары білімді оқытушы мамандар даярлаған прогресшіл бағыттағы білім ұясы болған. Онда дін сабақтарымен қатар араб, парсы, түрік тілдері, исламдық құқық (шариғат), шығыстану тари­хы, арифметика, география, математикамен қатар орыс тілі мен әде­биеті де оқытылған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында “Ғалия” медресесінде М.Жұмабаев, Б.Майлин сияқты көптеген талапкер қазақ жастары оқыған. Медреседе жалпы 500-ге таяу шәкірт білім алған. “Ғалия” медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен 1911 жылы “Әліппе яки төте оқу” атты қазақша оқулық, 1913-14 жылдан бастап Б.Майлиннің негіздеуімен “Садақ” атты журнал шыққан.
Ғалым Ахметовтің біз мысалға келтірген еңбегінде: “Төңкерістен бұрын осы “Ғалияда”, Орынбордағы “Хұсайнияда”, Қазандағы, Троицкідегі медреселерде оқыған қазақ жастарын, олардың елге істеген қызметтерін зерттеп, қорыту мәдениетіміздің тарихы үшін өте керек жұмыстардың бірі. Еліміздің бейқам кезінде өкіметтің көмегінсіз, өздері тырбанып, оқып білім алған, сол білімдерін мектебі, медресесі жоқ елге таратып, қызмет еткен адамдардың еңбегі қазіргі өлшеммен қарағанда қарлығаштың аузымен су тасып, өрт сөндірмекші болғаны сияқты көрінгенмен де, ол заманның жағдайында үлкен ерлік еді”,– дейді. Бұл – ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға алғашқы болып кіріскен ұстаздарға берілген жоғары баға.

Мағжан Жұмабаевтан дәріс алған
Академик жазушы Сәбит Мұқановтың Алматыдағы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиеті баспасынан 1953 жылы шыққан “Өмір мектебі” трилогиясының 2-кітабында “Ел тану” деген тарау бар. Сол тарауда төңкерісшіл ақын Баймағамбет Ізтөлин жасаған тізім бойынша қазақ ауылдарында сауатсыздықты жою үшін 116 мектеп ашу міндеті қойылғаны, тек оларда оқытатын мұғалім жетпегендіктен, Қызылжарда қысқамерзімдік курс ұйымдастырылғаны баяндалады. Ол курс, Сәбеңнің жазуы бойынша, Театр көшесіндегі Романовтар патшалығының 300 жылдығына орай тұрғызылған ғимаратта (қазіргі гуманитарлық-техникалық колледж) жұмыс істепті.
Осы мемуарлық романның 154-бетінде Сәбит Мұқанов өзі сияқты курсқа келгендердің кейбіреулерін атай келіп: “…Балтадан (Балта керей руынан дегені) советтік мектепте 31 жыл қызмет атқарып, өткен 1950 жылы қайтыс болған Ғали Мусин де келді. Қызылжар уезінен жиналған мұғалімдердің бар саны жетпістен асты”, – дейді.
1950 жылы ақпан айында Бостандық ауылына Ленин орденін тапсыруға келгенде Ғали Мусин қайтыс болған еді. Сондықтан облыстық мұрағатта сақталған “Марапатты тапсыру парағына” “Қайтыс болуына байланысты Ленин ордені табыс етілмеді”, – деп жазылған. Сәбеңнің Ғали Мусиннің қайтыс болған жылын дөп баспай, 1950 жыл деп жазуына мұрағаттың осы дерегі себеп болған сияқты.
Сәбеңнің жазуынша, осы курста ақиық ақын Мағжан Жұмабаев қазақ тілінен сабақ беріп, алашордашыл ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығынан мысалдар келтіріп отырған. Кейін оның бұл “алашордашыл қылығы” жоғары жаққа жетіп, кеңестік саясатқа жат тұлғаларды атауға мүлдем тыйым салыныпты.
Сонымен “Ғалия” медресесінде білім алған, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қысқамерзімдік курстан өткен Ғали Мусин ауылдағы және көрші елді мекендерде жоспарланған 116 мектептің бірінің ашылуына, онда жерлестерінің сауатын ашуға бел шеше кіріскен алғашқы мұғалім болып отыр.
Бостандық ұжымшары құрылғанға дейін қыстаулары жақын орналасқан Төлеп, Балғабек, Апақ ауылдарының балалары мен сауатсыз жастарын Ғали Мусин Ескендір деген азаматтың кең үйінде оқытқан көрінеді. Кейін 1932 жылы Балта керейдің Төлеп, Балғабек, Апақ, Өтел, Қосал, Нұрабай табына қарайтын ауылдары бірігіп, Бостандық ұжымшарының негізін қалады. Елді мекеннің белсенділері 1933 жылы Приишим ауданына қарасты (қазір Қызылжар ауданы аумағындағы) Надежка ауылынан бір ағаш үйді бұзып әкеліп, бөренелерін жаңа мектептің құрылысына пайдаланды. Жергілікті білім ошағының тарихы сол жылдан басталады. Алғашқы мектеп үйі ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін сақталып, шеберхана қызметін атқарып келді.

“Кім жеткен бұл дүниеде арманына?”

Біздің жас кезімізде ауылдағы басқосуларда, жиын-тойларда үлкендер жағы шығарма өлеңдер айтуға немесе сондай әндерді тыңдауға ерекше ықылас білдіретін. “Қарағым, сен пәленшенің әнін тамаша орындаушы едің ғой. Аруағы риза болсын, соны айтып жіберші”, – деген өтініш-тілектерді көп естідік, мұңлы да әуезді, ортақ мақаммен айтылатын жыр үлгісіндегі “ауыл әндерін” көп тыңдадық. Олар негізінен майданнан жазылған “сәлем-хаттар” немесе “қара қағаз” келген, хабарсыз кеткен боздақтарға шығарылған жоқтау-жырлар болатын. Сондай жиындарда Ғали Мусин атамыздың соғыста хабарсыз кеткен офицер Ақжанға арнап шығарған әндері де орындалатын. Ол ән:
Ақжан деген атыңнан,
Атыңа лайық затыңнан.
Қасіретім тарайды,
Хабарыңды естіп хатыңнан, – деп басталып:
Құлыншағым, Ақжаным,
Садақа сенен мал-жаным.
Жоқ деген хабар естідім,
Жазуы шығар Алланың.
Қайда кеттің хабарсыз,
Әкең отыр амалсыз.
Қайғыдан өлмес ата-анаң,
Жетпеген соң, ажалсыз, – деген жыр жолдарымен жалғасатын. Әннің келесі шумақтарында әкенің беліне алмас қылыш тағынып, автомат асынған Ақжанға деген сағыныш сезімі, аңсауы еселене түседі. Енді бірде:
Адасып жүрсең жарайды,
Дұшпан жоққа санайды.
Сені аңсап, құлыным,
Жат етемін құдайды, – деген шумақты үлкендер жағы көздеріне жас алып отырып тыңдайтын.
Ақиық ақын Мағжан арқылы қазақ тілінің мол байлығына бойлап, Алаш қайраткерлерінің шығармашылығымен танысқан, әдебиет әлеміне құлаш ұрып жүрген Сәбит Мұқановпен курстас болған Ғали Мусиннің жыр жазбауы, өмір жайлы толғанбауы, оқу, ағарту мәселелері жөнінде ой қозғамауы мүмкін емес еді. Кеңес дәуіріне дейінгі “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде Ғали Мусиннің, оның курстас ағайыны Нұғыман Ораңкиннің, жан жолдасы Ғабдолла Шоқаевтың өлеңдері мен мақалалары, ақпарат құралдарында басылған өзекті мақалаларға орай пікірлері жарық көргенін, соларды анықтамақ болып қазақтың белгілі жазушыларына сұрау салғанын бізге бастауышта білім берген ұстазымыз Шәйке Нұғыманқызы айтып отыратын.
Осыдан 70 жыл бұрын өкіметтің өзін жоғары наградаға ұсынғанын естіп, қатты сырқаттанып жатқан Ғали Мусин:
Қарсылық жоқ бір Алланың парданына,
Кім жеткен бұл дүниеде арманына?
Құлындай ойнақтаған денсаулығым,
Легіп тұр бір сырқаттың қармағына.
Алайын өткендерді енді есіме,
Тоқтайын тоқтау айтқан кеңесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне, – деп жалғыз қызы Назыкенге соңғы жырын жаздырып, қайтыс болған екен.
Ғали Мусиннің шығармашылығы жайында бізде әзірше толық мағлұмат жоқ. Дегенмен “Туған жер” бағдарламасы аясында Бостандық және Бексейіт орта мектептері бұл іске құлшына кірісіп, патриотизмнің ең жақсы үлгісін көрсетеді деген сеніміміз бар. Қалай десек те, кеңес дәуіріне дейін өздігінен білім алып, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы төңкерісті, ашаршылық жылдарын, саяси қуғын-сүргінді, екінші дүниежүзілік соғыстың тылдағы өмірін жұртпен бірге көрген, атқарған еңбегіне сай сол кездің жоғары наградасымен марапатталған, ұстаздық етуден жалықпаған Ғали Мусин атамыз ел есінен өшпейтін тұлға екенін өскелең ұрпақ білсе дейміз…

 

Нұрсайын ШӘРІП,
журналист. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp