«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСҚА СЕНІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?

Жүрдек пойыздай зымырап өтіп жатқан күнделікті күйбің тіршіліктен шаршаған кез келген адам шынайы серпілтетін, жан рахатына бөлеп, алаңсыз күй кештіретін демалыс орындарын іздейді. Петропавлдың орталық Мәдениет және демалыс саябағына барып, серуендемеген адам кемде-кем шығар.

Жанға жайлылық сыйлап, тербететін сырлы әуен, таза ауа, қол ұстасқан ғашықтар, сәбилердің риясыз күлкісі… Барлығы сол саябақта тоғысады. Сіз де қым-қуыт уақыт ағымынан қалыс қалып, өзіңізге демалыс жариялау үшін саябаққа ат басын бұрған боларсыз? Ат басын тіреген әрбір адамның ішкі тілегі мен шынайы ықыласын үнсіз қабылдаған, түрлі түсті орамалдардан, ленталардан, маталардан шашбау тағынған ағашқа көзіңіз түскен болар? Мүмкін, онда кезінде сіздің де ішкі тілегіңіздің куәсіндей бір естелігіңіз ілініп тұрған шығар?

Әлгі ағаш қызылжарлықтардың көбінің танымында “Махаббат ағашы” саналады. Әсіресе, мұнда енді шаңырақ көтеруді қалаған қос ғашықтар, махаббаттың ауылын аралаған жас жұбайлар бой көрсетеді екен. Әрқайсысы махаббатымыз мәңгілік болсын деген ниетпен махаббат жібін байлайды екен. Әйтеуір, өңіріміздегі жұбайлық өмірге аттанған жандардың барлығы бұл “ағашқа” соқпай кетпейді. Ғашық жандардың тілегін тал бойына жинаған “ағаштың” қандай қасиеті бар? Көзімізбен көріп, көңілімізбен сезіну мақсатында оған біз де бет бұрдық. Тамырын тереңге жайған ағаш емес, кәдімгі қара темір. Діңгегін жарып шыққан жасанды бұтақтар. Мен секілді немесе сіз секілді адамның қолымен жасалған қарапайым туынды. Әрбір бұтағын көмкерген түрлі түсті маталардың көбінің тозығы жетіп, енді кейбіреулері шіріп, иістенудің аз-ақ алдында тұр. Біз әңгімеге тартқан кейбір адамдар “Бақыт ағашы” деп атап жүргендіктерін де жеткізді. Ойланып қаласың. Осы атаудың шынымен-ақ бармақтай бақыт әкелетіндігі рас болса, облысымызда ажырасу фактісінің азаймай тұрғандығы неден екен деген ой келеді.

Қытайдың Синьцзян қаласында биіктігі – 35, жуандығы 9 метрді құрайтын киелі ағаштың бар екендігін естуіміз бар еді. Тәу еткендердің тауын шақпайтын әлгі ағаш бір перзентке зар болып жүргендерге бала сүйдіріп, ауру-сырқаулардың жанын жадыратып жіберетін қасиетке ие деседі. Бір бұтағына қасақана тиіскен қаскөйлердің жолы болмай, бір қайғыға ұшырайтынын Қытай журналистері сан мәрте жазған. Дәл осындай қасиетке ие ағаш Алматы облысының Жаркент қаласынан жиырма шақырым қашықтықта орналасқан. Шамашұрып деген бабамыз қажылыққа аттанар сапарында таяғын жерге қадап, Алланың құдіретімен әлгі таяқтың алып ағашқа айналғандығы туралы аңыз да бар. Аңыз болғанмен, астарында адамның арманы да, қиялы да астасып жатыр. Бірақ бір анығы – ағаштың киелілігі батысқа қарап, сәждеде тұрған адамның бейнесіне ұқсайды екен. Осындай кереметтер жайында естігенде біздің өңіріміздегі де “Махаббат ағашын” сондай армандардан туындаған дүние ме деп қаласың.

Айтпақшы, әлемдегі ең сұлу қала – Париждегі Сена өзені жағасында орналасқан “Өнер” деп аталатын көпір бар. Күніне жүздеген ғашықтар сезімдерінің символы ретінде көпір жақтауына құлып салып, кілтін өзенге лақтырады. Құлып ілудегі мақсаттары сезіміміз мәңгілік болсын деген ниет екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын құлыптарды көтере алмай, темір жақтаудың құлап түскені бар. Құлыптардың құлауы ештеңе емес-ау, құлыпқа сенген әлгі адамдардың махаббаттары не болды екен?

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp