«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОС УАҚЫТ ЖӘНЕ БІЗ

Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынығып алсыншы деп

бір сағаттан кейін оятыпты. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым отыз минуттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп, «Жарты сағат уақытымды қайтарып беріңіз”, – деген екен. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын ешқашан толтыра алмайсың», – депті немістің ұлы ақыны Гёте. Бұл жөнінде еңбекқор қытай халқында «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деген нақыл сөзі бар. Рас, біле білгенге уақыт – мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті қалай пайдаланып жүрсіз? Бос уақытыңызда не істейсіз? деген сауалдарды бірқатар солтүстікқазақстандық жастарға қойғанбыз.

Айдарбек Балғабеков, 23 жаста, “24kz” телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

– Қаладағы қарбалас тірлікте жұмысбасты адамның бос уақыт тауып, оны қызықты ұйымдастыру жағын ойластыруы сирек кездеседі. Менің бос уақытым бола бермейді. Дегенмен, қолым қалт еткенде алға қойған мақсаттарымды жүзеге асыруға тырысамын. Жұмыс бабымен түсірілімдерде, сұхбаттарда көп жүретіндіктен, кездескен жаны жайсаң, көреген жандармен әр-түрлі тақырыпта әңгімелесіп, көрген-білгендерін сұрап, білім-білігімді арттырамын. Әдеби кітаптар оқып, тіл байлығымды жетілдіремін.

Фархат Тастамбеков, 25 жаста, жеке кәсіпкер:

– Бала кезімізде бос уақытты ойынмен ғана өткізетінбіз. Есейіп, өмірді көрген сайын бір минуттың өзін бос өткізгім келмейді. Қазір мен үшін бір сағаттың өзі алтындай бағалы, маржандай құнды. Кейде сан сағаттардың қайтарымын ала алмай, сан соғып қалатын жағдайлар да кездеседі. Қолым бос кезде өзім үлгі тұтатын тұлғалардың өмірі жайлы зерттеулерді оқып, жеткен жетістіктерімен танысамын. Адамның басына екі рет келмейтін жалынды жастық шағымда өзім үшін, отбасым, елім үшін пайдалы әрі жемісті еңбек еткім келеді.

Уалихан Жапабаев, 19 жаста, студент:

– Мен – болашақ құрылысшымын. Өзім сүйіп таңдаған мамандығымның шебері болу мақсатымен жазғы демалыста жұмыс істеп, ауылдағы ата-анама көмектесіп жүрмін. Бос уақытымда ғаламторда отырамын. Демалыс күндері достарыммен бас қосып, кейде табиғат аясына шығамын.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp