Тәуелсіздік жылдары елімізде жамағатты ізгілік пен мейірімнің шуағына бөлейтін көптеген мешіттер бой көтерді. Дегенмен, әлі де Алла үйі салынбаған, бірақ жүректері иманға толы тұрғындары бар ауылдар аз емес. Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылында асыл дініміздің қадір-қасиетін түсінетіндер саны жыл санап артуда.
Архангелка күрежолдың бойында, Петропавл қаласынан қырық шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл молдасы Баяхмет Жамалиевтың айтуынша, іргесі сөгілмеген елді мекен тұрғындарының тұрмысы соңғы жылдары біршама көтерілген. Ауылдың байырғы тарихи келбетін сақтап, бұрыннан қалыптасқан үрдіспен жұмыстарын жалғастырумен қатар, жаңашылдық көшінен қалмауды мақсат еткен. Бір өкініштісі, елді мекенде шіркеу болғанымен, мешіт үйі жоқ. Имандылық ордасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұр.
Көпжылғы армандарын жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған ауыл тұрғындары қаңырап бос тұрған “Қазпошта” АҚ-ы облыстық филиалының ғимаратын аукцион арқылы сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. “Көп түкірсе – көл” деп бекер айтылмаған ғой. Алыс-жақын ағайынның, жергілікті тұрғындардың асарымен ғимараттың іші-сырты сыланып, есік-терезелері ауыстырылған. Тозығы жеткен шатыры да жөнделіпті. Алдағы уақытта күмбезін орнату жұмыстары қолға алынбақ. Мұнда мінәжат етуге қажеттінің бәрі бар. Тек құжаттарды рәсімдеу кешіктірілуде. “Қазпошта” АҚ-ы құрамына кіретін “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамы басшылығының оң шешімін тосып отыр.
Жергілікті жамағатпен кездесуге арнайы келген Петропавлдағы 20 шағынауданындағы қалалық мешіттің бас имамы Қасымхан Исаевтың айтуынша, “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” қабылданған заң діни қызметкерлердің жаңа талаптармен жұмыс істеуіне жол ашумен қатар, мешіттердің тек бір орталықтан басқарылуына мүмкіндік береді.
– Ғибадатханалар – қала мен ауылдың көркі, тәрбиенің ұстаханасы. Мешіт жамағатымен көрікті. Оның құжаттары да талаптарға сай болуы керек. Яғни, ғибадат үйінің мемлекеттік жер актісі мен ғимараттың құжаттары толық рәсімделуі міндетті. Кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде облыстық әділет департаментінен тіркеуден өткізілуі қажет, – деген Қасымхан Абдуллаұлы жұртшылыққа түрлі діни шараларды өткізудің тәртібін де түсіндірді.
Дін өкілінің айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде 60-қа жуық мешіт болса, бүгінгі таңда қазақстандықтарға үш мыңға жуық Алла үйі қызмет көрсетуде.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.