«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОТАЙДАН БҮГІНГЕ ДЕЙІН

Еуразия даласы – мұз дәуірінен кейін жылқылар аман қалған жалғыз құрлық. Кейінгі неолит пен энеолит дәуіріндегі су мен температуралық жағдайдың өзгеруі дала экосистемасының дамып, онда тұяқты жануарлардың еркін жайылуына қолайлы жағдай туғызды.

Equus caballus жылқы тегінің филогениясында Ботай жылқылары мен Ботай мәдениеті ерекше орын алады. Бұл туралы деректерді ықшамдағанның өзінде бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қайта құрылған Қазақ жылқы шаруашылығы институтының ғалымдары «Еуразия жылқысының эволюциясы: Ботайдан бүгінгі күнге» атты күрделі ғылыми еңбекті дайындап жатқанын айта кеткен жөн. Ағылшын тіліндегі нұсқасы Лондон типографиясында жарық көретін монография жылқы тарихын әлемге танытып, өңірге туристерді көптеп тартуға сеп болады деп күтілуде. Бүгінгі туристерді бес жұлдызды қонақүйлер мен шипажайлар емес, тарихи орындар мен қайталанбас танымдық шаралар қызықтыратынын Мемлекет басшысы да атап өтті.

Біздің адамзат тарихында жарқырай көрінген жетістіктеріміз ботайлықтар мен сақ дәуіріне тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңде бабаларымыз басқа дүние бөліктерінен жүздеген жылға алға озып, атқа мініп, коммуникацияның жаңа деңгейіне жетті. Бұл оларға алыс қашықтықтарды жылдам еңсеріп, соғыс жағдайында жедел қимылдауға мүмкіндік берді. Ата-баларымыздан бізге аманат болған сол ұланғайыр жерлердің игілігін бүгін де көріп келеміз. Біз тек кең даланың ғана емес ботайлықтардың технологиясы мен мәдениетінің де мұрагері болдық.

Соңғы уақытта қай мемлекеттің жылқыны қолға үйреткен мекен екеніне қатысты дау толастамай келеді. Басқа әлемнен оқшауланған кеңестік ғылым бұл сұраққа нақты жауап беруге қауқарсыз еді. Тек егемендік жылдары ғана әлем ғалымдарымен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туда. Кембридж, Бристоль, Экзетер университетінің ғалымдары Ботай жылқыларының әлемдік дамудағы рөлін растады. 2009 жылы Ұлыбританиядағы Экзетер университетінің ғалымы Алан Оутраманың басшылығымен жарияланған мақалада Ботайда б.з.б. IV мыңжылдықта қазақ даласында жылқының қолға үйретілгені жайлы сенімді дәлелдер табылғаны жазылған. Мұндағы жәдігерлер Еуропада табылған жылқы сүйектерінен 2 мың жылға ескі. Ал 2008 жылы Бристоль университетінің зертханасында жүргізілген тәжірибе нәтижесінде 5 мың жыл бұрынғы керамикалық ыдыстан жылқы сүтінің май қышқылдары табылды.

1980 жылы Ботай мәдениетінің ашылуы энеолит пен мыс-тас ғасырында Солтүстік Қазақстанда әлемде алғаш болып жылқының қолға үйретілгенін анықтауға мүмкіндік берді. Аталған жаңалықтық ашылуына алғаш себепкер болған бірінші адам тарих пәнінің мұғалімі Еслямбек Зәкәрияұлы екенін ел білуі керек. Ауыл тұрғыны тапқан құнды дүниелер негізінде профессор Виктор Зайберт бұл орынды індете зерттеді. Қазба жұмыстары кезінде Ботай жылқыларының тісінен сүйектен, қылдан жасалған ауыздықтардың ізі табылған. Дала өркениетінің дамуы мәдениеттер арасындағы байланысты арттырып, Еуразия тарихында өшпес із қалдырды.

Карнеги табиғи тарих мұражайының топырақтанушы ғалымдары Ботай маңындағы Красный Яр және Васильковка елді мекендерінде зерттеу жүрзіліп, бұл аумақта 5300 жыл бұрын адамдар қоныстана бастағанын растады. Красный Яр маңында орналасқан қоршау ішіндегі топырақ пен сыртындағы топырақ талдаулары ек түрлі нәтиже көрсетті. Қоршау ішіндегі топырақта фосфат үлесінің көп болуы мұндағы мал қиының жоғары концентрациясын айғақтайды. Яғни қоршаудың іші жылқы қамайтын орын болуы бек мүмкін. Өйткені ботайлықтарда ірі қара мен қой болмаған. Жылқы қоршауларының болуы, мал қиының құрылыс мақсатында пайдаланылуы ондағы тұрғындардың жабайы жылқыларды өз қажеттілігіне пайдаланғанының дәлелі.

Ботайлықтар тек жылқыны үйретіп қойған жоқ, олардың бар экономикасы жылқы шаруашылығына негізделді. Аталған қоныстардың дала тарпаңының (Equus ferus) табиғи ареалының дәл орталығында орналасуы да тегін емес. Ботайлықтар алғаш болып мал шаруашылығының күнтізбелік циклын ойлап тапты. Қыста олар аумағы 20-30 гектар жерді алатын қыстауларды тұрса, көктемде ондағы тұрғындар жылқыларын айдап, Торғай, Ұлытау, Жезғазған даласын мекен етті.

Отандық және шетелдік ғалымдардың 45 жыл бойғы зерттеулері жылқының алғаш қолға үйретілген кезеңі б.з.д. IV мыңжылдық деген тұжырымға тұрақтайды. Бұл болжамның растығын қуаттайтын бірнеше дәлел бар. Ең алдымен энеолит кезеңінде жылқы доместикациясына қолайлы эволюциялық факторлар орнады. Тұрақты өзендер арасындағы құрғақдалалық ландшафттар адамдардың отырықшы өмір сүре бастауына әсер етті. Балық аулаудың тиімділігі азайып, ылғалы мол далада жабайы жылқы басының көбеюі адамдардың аңшылықпен айналысуына себеп болды. Демографиялық өсім мен өмір салтының тұрақтылығы ботайлықтарды шаруашылықты дамытуға итермеледі. Осылайша аңшылық малшылыққа ауысып, жылқы үйрету процесі басталды.

Зерттеулер негізінде біз осыған дейінгі бірқатар гипотезаларды жоққа шығарып отырмыз. Мысалы, жылқыны қолға үйрету тарпаң жылқысынан басталды дегенге сенуге болмайды. Биология заңдылығы бойынша қолға үйретілген жануарлардың тұқымы одан сайын ұсақталуы тиіс. Ал Ботайда табылған жылқының сүйектері әлдеқайда ірі. Бұған дейін П.А.Лазарев Якутия жылқы үйретудің орталығы екенін дәлелдеуге тырысты. Алайда Шығыс Сібірдің оңтүстігінде жылқы тек түркі тайпалары мекен ете бастаған кезде пайда болған. Бүгінгі жылқы Пржевальский жылқысынан тарады деген ұстаным да бар. Алайда жүргізілген тәжірибелер Пржевальский жылқысының қолға үйретуге қолайсыз түр екенін көрсетті. Ал Солтүстік Еуразия мен Карпат маңындағы Еquus latipes жылқылары Ботай жылқыларына өте жақын түр екені анықталды. Біз Ботай жылқыларының морфометрикалық өлшемдері бүгінгі Жабы жылқыларына ұқсас, ал кейбірі Адай жылқыларының экотипімен бірдей екенін анықтадық. Өз зерттеулеріміздің қорытындылары мен жүздеген дереккөзге сүйене отырып, біз бүгінгі Equus caballus-тің арғы тегі Ботай жылқылары деген қорытындыға келдік. Егер мемлекеттен қолдау көрсетіліп, аталған зерттеулер жалғасын тауып, әлемдік деңгейде мойындалса, қазақ даласының туристік әлеуеті арта түсер еді. Бұған дейін Үкімет қаулысы негізінде «Ұлытау», «Ботай» музей-қорықтары құрылды. Өкінішке қарай бүгінге дейін аталған мекемелердің жұмысы мандымай келеді. Өңірдің туристік әлеуеті зор болғанымен, тиісті жұмыстар кешеуілдеп жатыр.

Ботай даласы – бұрын айтылып келгендей транзиттік ғана емес, керісінше әлемдік тарихи-мәдени процестер орын алған, көптеген халықтардың тарихына елеулі әсер еткен аймақ. Бұған археология, антропология, палеогенетика, этнография, тарих салаларындағы зерттеулер дәлел.

Осы күнгі кәдімгі үй жылқысының (Equus caballus) өткенін сөз еткенде, Ботай жылқыларын айналып өту мүмкін емес. Б.з.б. IV мыңжылдықтан бастап отарба пайда болған XVII–XVIII ғасырлардағы индустриялық кезеңге дейін ат тұтас құрлықтың өмірінде маңызды рөл атқарды. Далалықтар адамзат өркениетіне көшпелі архитектура, жылқы мен дөңгелекті қосты.

Алайда бүгінгі күнге дейін Ботай жылқылары жылқы тұқымының филогениясында көрсетілмей келеді. Әзірге тек біздің зерттеулерде ғана Ботай жылқысы «шежіреге» енген. Бұл мәселеге нүкте қойылмай дала мәдениетін әлемге танытуда да кедергілер туындай бермек. Жасыратыны жоқ, осы тақырыпты тереңірек қаузаған жандардың жаһандық мәселелерге кең көлемде қарай алмағанының салдарынан, ірі отандық ғалымдар зерттеу ісінен шеттеп қалды. Оның үстіне әлемдік деңгейде де әр мемлекеттің ғалымы адамзат тарихын өз еліне бұрғысы келетін үрдіс байқалуда. Ал ипполог ғалымдар жылқының морфометриясы мен биологиясын археологтардан әлдеқайда жақсы біледі. Егер аталған мәселеге қатысы бар ғалымдардың басы бірікпесе, Ботай мәдениетін әлем мойындайтын күн алыстай бермек. Біз жылқы филогениясын зерттеуді 2010 жылдан бастап қолға алдық. Сондағы түйгеніміз, Ботай жылқылары бүгінгі барлық 250 жылқы тұқымының арғы тегі саналады. Ақалтеке, араб, ағылшын аттарының өткені де осы даладан басталады.

Біздің зерттеулер ғылымдағы бұған дейінгі кей болжамдардың терістігін көрсетті. Зерттеу материалдары Ботай жылқыларының энеолит дәуірінен бүгінге дейінгі дамуын бағамдауға мүмкіндік берді. Алда әлі көп жұмыс бар. Ең алдымен құрлықтағы өзге ғылым ордаларымен бірлескен іске қарқын қосып, зерттеуді жүйелі жүргізу қажет. Бұл жылқы доместикациясына қатысты адамзаттың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, шетелдік туристер есебінен ел қазынасын толықтыруға жол ашады.

Мұрат НҰРЫШЕВ,

 Қазақстан жылқы өсірушілер одағының президенті,

биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp