Айыртау – көгілдір тауларымен, қалың алқапты ормандарымен, айдын шалқар көлдерімен жадыңда мәңгілік сақталып қалар көркем өлке. Талайды тамсандырған қайталанбас сұлу табиғатын жырға қоспаған ақын жоқ шығар. Арқадағы осы бір ерекше өңірде көптеген этностың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Біздің жаққа келген жандар тағдыр тәлкегіне ұшырап, қазақ даласына жер аударылған түрлі этнос өкілдері құрған ауылдардың тамаша тіршілігінің куәсі бола алады. Ал қазақ ауылдарында қоныстанып, жергілікті ұлтпен аралас-құралас өмір сүргендердің тағдыры бірліктің іргесі сын сағатта қаланатынын ұғындырғандай.
Ботай ауылының тұрғыны Теодор Круч – неміс этносының өкілі. Оның әкесін ағайын-туғанымен 1941 жылы Кавказ жерінен Қазақстанға жер аударған. Фашистер Кеңес одағына қарсы соғыс бастағанда жергілікті неміс ұлтының өкілдерін сенімсіз ұлт ретінде ежелден мекендеп, орныққан қоныстарынан мал таситын вагондарға тиеп, Қазақстанға жер аударғанын тарихтан білеміз. Сол “сенімсіз” жандардың бірі ретінде Давыд Круч та Ботай жеріне аяқ басады. Осы жерде жылы жүзді, құшағы кең қазақтың ортасында тұрақтап, шаңырақтарына құт дарыған неміс отбасында 1956 жылы Теодор Круч дүниеге келеді. Қазақтың ортасында дүниеге келген Теодор ауыл көшесінің шаңын шығарып ойнаған кездерін сағына еске алады.
– Мені ботайлықтар “сары Давид” деп атайтын. Қарадомалақ балалардың арасында ерекшеленіп тұратын сары реңіме қарап солай ат қойып, айдар тақты. Бірақ мен оған еш ренжімейтінмін. Бала кезімнен қазақ ауылында тұрып, жер иесінің салт-дәстүрін, ділін бойыма сіңіріп, мемлекеттік тілде сөйлеп өстім. Ауылдың мектебінде оқып, осы елдің бір азаматы болып қалыптастым, – деген Теодор Круч туған жердің туы биіктеп, егісі астыққа, қыры малға толсын деп жан аямай еңбек еткен жандардың қатарынан.
Бүгінде жасы алпыстан асқан жерлесіміз туған ауылы – Ботайда бірге ойнап өскен құрдастарының ортасында әзілдері жарасып, сыйласып өмір сүріп жатыр. Бір жылдары Германияға көшіп кеткен қарындасы тарихи Отанға шақырып, өркениетті елдің өмірімен қызықтырыпты. Қарындасының көңілін қимай, мақтаған елдің тұрмысын көрейін деген оймен қонаққа да барған. Бірақ жат жер көңіліне жақпағанын айтады.
– “Өркениетті елдерде өмір сүргіміз келеді” деп көше берсек, Отан деген ұғымның құны қала ма?! Жас кезімнен бұл елден көшу жайлы ойламаппын. Кіндігімнен байланған туған жерімде өзімді жайлы сезінемін, қарға адым алыстағым келмейді, – деген Теодор Давыдович Германияда өмір сүру үшін сол жақта туып, барша салт-дәстүрді көзіңді ашқаннан бойға сіңіріп өсу керектігін айтады. Сонда ғана табаныңның астындағы жердің киесін сезінесің. “Ал мен бар тәрбиені кең қолтық қазекеңнен алып өскен адаммын. Ендеше, менің мәңгілік мекенім – өз Отаным, өз жерімде”, – деп ойын түйіндеді ол.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.