«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 БОТАЙ – АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНІҢ НЕГІЗІ

Петропавл қаласында бірегей археологиялық ескерткіш – «Ботайға» арналған монументалды өнер нысанының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа монумент Ботай мәдениетінің Қазақстан мен бүкіл адамзат тарихындағы маңыздылығын бейнелейді.

Бұл монумент тарихи-мәдени мұраны есте қалдырумен қатар, жұртшылықтың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыруға бағытталған.

– Бүгін біз үшін тарихи маңызы зор айтулы күн. «Ботай» археологиялық ескерткішіне арналған монументалды өнер құрылысының салтанатты ашылуы – халқымыздың көне өркениетін ұлықтау, тарихымызды ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды қадам, – деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Монументтің шымылдығын ашу құрметіне облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев пен профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков ие болды.

– Энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» тұрағының Қызылжар аумағынан табылғаны кездейсоқ емес. Тарихи орынды анықтау оңайға соқпады. Біз жан-жақтан ақпарат алып, өзіміздің бол­жамдарға сүйеніп, Айыртау ауданына бардық. Сол төңіректен құнды дүниелер табылды. Үйге бір сөмке артефактпен оралдық. Бұл тарихи жаңалық болды, – дейді Анатолий Плешаков.

Монументтің биіктігі 14 метрді құрайды. Төменгі бөлігі гра­ниттен қашалса, жоғары жағы, яғни ат, ер адамның бейнесі, жер шары мен таңбалы тастар қоладан жасалған. Ескерткіштің ав­торлары: Мұрат Садықов, Асқар Нартов пен Жалын Бауырқан. Өнер иелерінің айтуынша, монументтің әр бөлігінде терең мән- мағына жатыр.

– Бұл монументтің композициялық құрылымы өте күрделі. Үш түрлі тұғырдан тұрады. Астындағы Жер шары Қызылжарда алғаш рет жылқының қолға үйретілгенін бейнелейді. Таңбалы тастардың да өз айтары бар, – деді мүсінші Жалын Бауырқан.

Монумент маңы гүлмен көмкеріліп, жанына орындықтар қо­йылған.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp