«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БРАКОНЬЕРЛЕРГЕ АЯУШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Ақ қайыңдар өлке­сінің 98 мың шаршы шақырымды алып жатқан табиғаты өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады. Біздің өңіріміз түрлі өсімдіктерге, аң-құсқа, жерасты қазбаларына бай. Мемлекет тарапынан қорғауға алынған табиғи аймақтар қатарына облыс аумағының 8 пайызын құрайтын орман-тоғай алқабы да жатады. Басқарманың басты міндеті – орман, аңшылық, ерекше бақыланатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру, табиғат ресурстарының қорғалуын, қалпына келтірілуін қадағалау, заңсыздықтарды болдырмау, алдын алу.

Мекеме басшылығы аңшылық алқаптарын қорғау іс-шараларын жүргізу бағытында да бақы­лау-қадағалауды күшейтіп, заң талаптарының дұрыс орындалуына айрықша назар аударады. Былтыр аңшылық алқаптарын бекітіп беру бойынша екі конкурс өткізіліп, 8 аңшылық алқабын жеке субъектілерге беру жөнінде келісімшарт жасалды. Бүгінде облыс аумағы 47 аңшылық алқапқа (8408,135 мың га.) бөлін­ген. Оның 37-сі жеке субъектілерге берілген.
Сөз арасында аңшылық алқаптарында орналасқан резервтік қорлар аумағында биотехни­калық жұмыстар (азықтандыру) орман шаруашылықтарындағы егерьлер қызметінің күшімен атқарылатынын айта кеткен жөн. Түз тағыларын қоректендіру үшін қыс маусымында 50 мың дана сыпырғыш, 2115 центнер шөп, 5033 центнер жем әзірленді.
Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, табиғат қорғау заңдылықтарын бұзушылықтың жолын кесу және анықтау бойынша рейдтер жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Былтыр аңшылық тәртібін бұзған 60 факт тіркеліп, 11 хаттама толтырылды. 126,25 мың теңге айыппұл салынды. 17 балық аулау ережесін бұрмалау фактісі анықталып, 214,625 мың теңге айыппұл өндірілді. Биыл тәртіп сақшыларымен бірігіп ұйымдастырған рейд барысында заңсыз аң аулаған күдіктілер қолға түсті. Булаев ор­ман мекемесінің егері Александр Шитов пен полиция капитаны Самат Мейрамов Октябрь ауылы маңында күдікке ілінген “ВАЗ 21310” маркалы жеңіл көлікті тоқтатып, тексеру кезінде екі сібір елігінің еті мен тегіс ұңғылы “ТОЗ-34” мылтығы табылған. Келтірілген шығын – 1656875 теңге. Шал ақын ауданы аумағында үш сібір елігін заңсыз атқан браконьерлер ұсталды. Келтірілген шығын мөлшері 2651000 теңгені құрайды.
Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің “Заңсыз аң аулау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істер негізінде тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.

Михаил НИКИТИН,
табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының
бас маманы. 

Сурет /24.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp