Экологиялық қылмыстардың жолын кесуге және болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар барысында табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкері, полиция капитаны Самат Мейрамов, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкері полиция капитаны Дмитрий Цыганюк және Булаев орман шаруашылығының саятшысы Александр Шитов Мағжан Жұмабаев ауданындағы орман алқаптарын тексерді. Октябрьское ауылының маңындағы жолда “ВАЗ-21310″ автокөлігі күдік туғызды.
Әрі форма киген адамдарды көрген жүргізушінің жылдамдықты арттыра түскені күдікті күшейтті. Булаево қаласының 1991, 1993 және 1995 жылы туған үш тұрғыны мінген көліктің артқы орындығында “ТОЗ-34ЕР” маркалы мылтық пен 12 калибрлі оқ-дәрі, жүк салғышынан заңсыз атылған екі сібір елігінің еті табылды.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Автокөлік, мүшеленген ет, қару мен оқ-дәрі тәркіленіп, қажетті сараптамалар тағайындалды.