Облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметінің бір бағыты кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету болып табылады. Бұл бағыт аясында бизнес өкілдеріне бухгалтерлік және салық есебіне байланысты қызметтер көрсетіледі.
Соңғы уақытта облыс кәсіпкерлері тарапынан бухгалтерлік қызметке қатысты сұраныстың өскенін ескере келе кәсіпкерлер палатасында бухгалтерлер клубын құрды.
– Өткен аптада бастамашыл топ бас қосты. Бухгалтерлер осы саладағы жаңалықтармен, тың өзгерістермен бір-бірімен бөлісіп отырмақшы. Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан кездесулерге салаға жауапты тиісті мемлекеттік орган өкілдерін шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастыратын болады. Клуб жұмысы ерікті түрде, еркін форматта жүргізіледі. Қатысамын деушілерге есігіміз ашық, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов.
Клубтың алғашқы отырысында Салық кодексіндегі заңнамалық өзгерістер қаралып, қатысушылар электронды шот-фактура енгізу, тіркеу және ақпарат алу,1С жүйесінде алынған шот-фактураларды электронды түрде толтыру тәртібі, тіркеу, электронды есептерді алу және беру бойынша тәжірибе алмасты.
Динара БЕКТҰРОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.