Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген болатын. Бұл жүйе 2021 жылдан бастап енгізіліп, мемлекеттік басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы маңызды қадамның алғышарттары қаланды. Содан бері елімізде 2334 ауыл әкімі сайланыпты.
Алғашқы тәжірибеден-ақ сайлаудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, ауылдың дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне оң әсер ете бастады. Әкімдер мен азаматтар арасындағы байланыс нығайып, басқару ісіне қатысуға қолайлы жағдайлар жасалды. Мұның өзі «әкім бол, халыққа жақын бол» принципінің өміршеңдігін көрсетті. Жергілікті кірісті көбейту мақсатымен төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері салық пен төлемдердің 25 түрінің белгіленуі, осылайша мемлекет тарапынан қарастырылатын қаржыға, яғни дотацияға тәуелділіктің біршама азайғаны – соның бір мысалы. Жыл өткен сайын әлеуеті артып, өмір сүру сапасы көтерілген ауылдар шоғырының, соған сәйкес, кәсіби тұрғыдан білікті, көрсетілген сенімді ақтайтын, жергілікті жағдайдың ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, өзекті проблемаларын жақсы білетін басшылардың көбейгені құптарлық.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2 жылдың ішінде елімізде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан, 388 мектеп салынды. 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет тартылды. «AMANAT» партиясының ұсынысымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынып, оқу курстарына 2400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімі тартылды.
Өңірдегі тікелей сайланған ауыл әкімдерінің сапалық құрамына келсек, оннан бірі – 35 жасқа дейінгілер, 20 пайыздайы – педагогтар, 4,3 пайызы – агрономдар. Араларында зейнетке шыққан күштік құрылым қызметкерлері де кездеседі. Дегенмен жергілікті билік құрамы біршама жаңарғанымен, білім, біліктіліктің төмендігінен, басқару тәжірибесінің аздығынан және де жоғарыдан қаражаттың жеткілікті түрде бөлінбеуі, бұған қоса функционалдық міндеттердің нақты айқындалмауы салдарынан ішкі мүмкіндіктердің толығымен пайдаланылмай отырғаны жасырын емес.
Түсім аз, шығын көп
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы айрықша маңыздылығымен ерекшеленді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің 80 пайыздайы жиналған басқосуда халқымыздың 40 пайыздан астамы тұратын ауылдың жағдайы еліміз үшін стратегиялық мәні бөлек мәселе саналатынын, осы себепті тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші – әкімге үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Алқалы басқосуға Қызылжар өңірінен 149 әкім қатысты. Олардың атынан сөз алған Қызылжар ауданы, Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкинамен хабарласып, қандай мәселе төңірегінде ой қозғағанын білген едік.
«Бюджеттің төртінші буынының ұлғаюы ауылдағы өзекті проблемаларды еңсеруге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз өз қаржымызды өзіміз басқарсақ, жүйелі істер одан әрі арта түсер еді. Ауылдарды дамытуда заңды тұлғалардан жиналатын салықтың бір бөлігін жергілікті жерлерде қалдыру өте маңызды. Біздің ауылдың кірісі 21 млн. теңге шамасында. Ал шығын 5 есе көп. Дотацияға әлі қатты тәуелдіміз. Тығырықтан шығудың бір жолы – жергілікті жерлерде жиналатын салықтың бір бөлігін ауыл қазынасына бағыттау», – дейді ол. Ирина Шишкинаны кей кәсіпорындардың ауылдық округтерде пайда табатыны, бірақ салықты өздері тіркелген аудан болмаса облыс бюджетіне төлейтіні алаңдатып отыр.
Мемлекет басшысымен өткен кездесуге қатысқан Аққайың ауданы Аралағаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов – білікті мамандардың бірі. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 16 жылды құрайды.
«Пайдамыз ел-жұртқа тисе екен деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, жұмыс істесек те, кейде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге дәрменсізбіз. Былтыр жиналған салық түсімі 2 млн. теңгеге жуықтады. Биыл оның мөлшері 14-15 млн. теңгеге дейін көтерілді. Мемлекеттік қазынаны қалай, ненің есебінен толтырамыз деп басымыздың қатып отырған жайы бар. Меніңше, тұрғындардың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымынан бөлек, «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидаттарын жете ескеру керек сияқты», – дейді ол.
Қайрат Бабақовтың «Округте жұмыс істейтін тауарлы сүт кешені жеке табыс салығының бір бөлігін төртінші деңгейлі бюджетке аударса, табысымыз көбейе түсер ме еді» деген тілегі бар.
Түйткілдер жетіп артылады
Заңда әлі күнге дейін ауыл әкімдерінің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма айқындалмаған. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен қызметінен босату тетіктері қарастырылса, жалаң сөздерге, популистік әрекеттерге бармасы, керісінше есептілігі күшейе түсері анық. Облыс орталығында барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің басшысы Қызылжар ауданы, Петерфельд ауылдық округ әкіміне сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін параның он еселенген көлемінде айыппұл салынғаны жөнінде дерек келтірді. Демек, осы санаттағы шенеуніктер арасында қазына қаржысын игеру, мемлекеттік сатып алу, лицензия берудегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тәуекелдері тыйылмай отыр деген сөз. Құмар ойындарына қатысқан бес мемлекеттік қызметшінің екеуі – ауылдық округ әкімі. 2025 жылы Ақжар ауданында 20 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 2 адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеуді сақтамаған, букмекерлік кеңседе бәс тіккен. Араларында Ұялы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы бар. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ақжар ауданының әкімі мәселенің себеп-салдарына үңілудің орнына кадр жетіспеушілігін, мемлекеттік қызметке ешкімнің барғысы келмейтінін, ауылдық округ әкімдігіне сайлауға түсетін адамның жоқтығын айтып, ақталған. Сайлаушылардың өтініш-тілектерін ескермек түгіл, сауалға жауап беруге «ерінетін» әкімдер де жоқ емес. Редакцияға Қызылжар ауданы, Белое елді мекенінен Жанат Арсақұлов деген азамат телефон соғып, жолдардың айғай-шудың зорымен әрең тазаланатынын, күйіп кеткен көше шамдарының ауыстырылмағанын жеткізді. Бұл жөнінен Рощинск ауылдық округінің әкімі Руслан Аитовты хабардар етіп, шара қолдануын өтінгенбіз. Өтінішіміз бүгінге дейін орындалған жоқ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».