«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТІН КӨБЕЙТПЕЙ, БҮЙІРІ ШЫҚПАЙДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген болатын. Бұл жүйе 2021 жылдан бастап енгізіліп, мемлекеттік басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы маңызды қадамның алғышарттары қаланды. Содан бері елімізде 2334 ауыл әкімі сайланыпты.

Алғашқы тәжірибеден-ақ сай­лаудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, ауылдың дамуына, әлеу­меттік мәселелердің шешілуіне оң әсер ете бастады. Әкімдер мен аза­маттар арасындағы байланыс ны­ғайып, басқару ісіне қатысуға қо­лайлы жағдайлар жасалды. Мұ­ның өзі «әкім бол, халыққа жақын бол» принципінің өміршеңдігін көрсетті. Жергілікті кірісті көбей­ту мақсатымен төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері салық пен төлемдердің 25 түрінің белгі­ленуі, осылайша мемлекет тара­пынан қарастырылатын қаржыға, яғни дотацияға тәуелділіктің бір­шама азайғаны – соның бір мыса­лы. Жыл өткен сайын әлеуеті ар­тып, өмір сүру сапасы көтерілген ауылдар шоғырының, соған сәй­кес, кәсіби тұрғыдан білікті, көр­сетілген сенімді ақтайтын, жергілікті жағдайдың ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, өзекті пробле­маларын жақсы білетін басшылар­дың көбейгені құптарлық.

Ауылдық аумақтарды дамыту­дың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2 жылдың ішінде елімізде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашыл­ды. Ауыл халқына алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек көрсе­тетін 864 нысан, 388 мектеп са­лынды. 2 мыңға жуық ауыл мек­тебіне сапалы интернет тартыл­ды. «AMANAT» партиясының ұсы­нысымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынып, оқу курстарына 2400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімі тартылды.

Өңірдегі тікелей сайланған ауыл әкімдерінің сапалық құра­мына келсек, оннан бірі – 35 жас­қа дейінгілер, 20 пайыздайы – пе­дагогтар, 4,3 пайызы – агроном­дар. Араларында зейнетке шық­қан күштік құрылым қызметкер­лері де кездеседі. Дегенмен жергілікті билік құрамы біршама жаңарғанымен, білім, біліктіліктің төмендігінен, басқару тәжіри­бесінің аздығынан және де жоға­рыдан қаражаттың жеткілікті түрде бөлінбеуі, бұған қоса функ­ционалдық міндеттердің нақты айқындалмауы салдарынан ішкі мүмкіндіктердің толығымен пай­даланылмай отырғаны жасырын емес.

Түсім аз, шығын көп

Мемлекет басшысының қаты­суымен өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы айрықша ма­ңыздылығымен ерекшеленді. Қа­сым-Жомарт Тоқаев ауыл әкім­дерінің 80 пайыздайы жиналған басқосуда халқымыздың 40 па­йыздан астамы тұратын ауылдың жағдайы еліміз үшін стратегиялық мәні бөлек мәселе саналатынын, осы себепті тұрғындармен тіке­лей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші – әкімге үлкен жауап­кершілік жүктелетінін атап көр­сетті. Алқалы басқосуға Қызыл­жар өңірінен 149 әкім қатысты. Олардың атынан сөз алған Қызыл­жар ауданы, Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина­мен хабарласып, қандай мәселе төңірегінде ой қозғағанын білген едік.

«Бюджеттің төртінші буыны­ның ұлғаюы ауылдағы өзекті проблемаларды еңсеруге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз өз қаржымыз­ды өзіміз басқарсақ, жүйелі істер одан әрі арта түсер еді. Ауылдар­ды дамытуда заңды тұлғалардан жиналатын салықтың бір бөлігін жергілікті жерлерде қалдыру өте маңызды. Біздің ауылдың кірісі 21 млн. теңге шамасында. Ал шығын 5 есе көп. Дотацияға әлі қатты тәуелдіміз. Тығырықтан шығудың бір жолы – жергілікті жерлерде жиналатын салықтың бір бөлігін ауыл қазынасына бағыттау», – дейді ол. Ирина Шишкинаны кей кәсіпорындардың ауылдық округ­терде пайда табатыны, бірақ са­лықты өздері тіркелген аудан бол­маса облыс бюджетіне төлейтіні алаңдатып отыр.

Мемлекет басшысымен өткен кездесуге қатысқан Аққайың ауда­ны Аралағаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов – білікті ма­мандардың бірі. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 16 жылды құрайды.

«Пайдамыз ел-жұртқа тисе екен деп жарғақ құлағымыз жас­тыққа тимей, жұмыс істесек те, кейде қордаланып қалған әлеу­меттік-экономикалық мәселелерді шешуге дәрменсізбіз. Былтыр жи­налған салық түсімі 2 млн. теңге­ге жуықтады. Биыл оның мөлшері 14-15 млн. теңгеге дейін көтерілді. Мемлекеттік қазынаны қалай, ненің есебінен толтырамыз деп басымыздың қатып отырған жайы бар. Меніңше, тұрғындардың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымынан бө­лек, «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидаттарын жете ескеру керек сияқты», – дейді ол.

Қайрат Бабақовтың «Округте жұмыс істейтін тауарлы сүт ке­шені жеке табыс салығының бір бөлігін төртінші деңгейлі бюджет­ке аударса, табысымыз көбейе тү­сер ме еді» деген тілегі бар.

Түйткілдер жетіп артылады

Заңда әлі күнге дейін ауыл әкімдерінің сайлаушылар алдын­дағы жауапкершілігін нақтылай­тын норма айқындалмаған. Уә­десін орындамайтын, міндетін дұ­рыс атқармайтын ауыл басшысын халықтың талабымен немесе сая­си партиялардың ұсынысымен қызметінен босату тетіктері қарас­тырылса, жалаң сөздерге, попу­листік әрекеттерге бармасы, керісінше есептілігі күшейе түсері анық. Облыс орталығында бар­лық деңгейдегі әкімдердің қаты­суымен өткен кеңесте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы де­партаменттің басшысы Қызылжар ауданы, Петерфельд ауылдық ок­руг әкіміне сыбайлас жемқорлық­қа жол бергені үшін параның он еселенген көлемінде айыппұл са­лынғаны жөнінде дерек келтірді. Демек, осы санаттағы шенеунік­тер арасында қазына қаржысын игеру, мемлекеттік сатып алу, ли­цензия берудегі жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық тәуекелдері ты­йылмай отыр деген сөз. Құмар ойындарына қатысқан бес мемле­кеттік қызметшінің екеуі – ауыл­дық округ әкімі. 2025 жылы Ақ­жар ауданында 20 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 2 адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеуді сақ­тамаған, букмекерлік кеңседе бәс тіккен. Араларында Ұялы ауыл­дық округі әкімдігінің бас мама­ны бар. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ақжар ауданының әкімі мәселенің себеп-салдарына үңілудің орнына кадр жетіс­пеушілігін, мемлекеттік қызметке ешкімнің барғысы келмейтінін, ауылдық округ әкімдігіне сайлауға түсетін адамның жоқтығын ай­тып, ақталған. Сайлаушылардың өтініш-тілектерін ескермек түгіл, сауалға жауап беруге «ерінетін» әкімдер де жоқ емес. Редакцияға Қызылжар ауданы, Белое елді ме­кенінен Жанат Арсақұлов деген азамат телефон соғып, жолдардың айғай-шудың зорымен әрең тазала­натынын, күйіп кеткен көше шам­дарының ауыстырылмағанын жеткізді. Бұл жөнінен Рощинск ауылдық округінің әкімі Руслан Аитовты хабардар етіп, шара қол­дануын өтінгенбіз. Өтінішіміз бүгінге дейін орындалған жоқ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp