«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТ ТИІМДІ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетті басқаруды жетілдіруді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді бірінші кезектегі міндеттердің қатарына қойды. “Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту керек. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді”, – деп атап көрсетті Президент. Бұл, әрине, қаржы институттарының, оның ішінде еліміздің өңірлеріндегі жергілікті бюджет қаражатының жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізетін тексеру комиссияларының жауапкершілігін арттыра түседі.

Мемлекеттік аудит және қаржыны бақылау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қолданылады. Атап айтқанда, тексеру комиссиясы сыртқы мемлекеттік аудитті атқарады, оның мақсаты тұрғындардың өмір сүру жағдайының сапалы өсу қарқынын және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ресурстарды заңдылықпен және тиімділікпен басқару, тексеру, бағалау және талдау болып табылады.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 23 нысанда үш аудиторлық және үш сараптамалық-талдау іс-шарасын өткізді. Аудиттің тиімділігі талап деңгейінде болды, ал жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүргізу барысында 15 млрд. теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қамтылды.

Сыртқы мемлекеттік аудит іс-шараларының қорытындысы бойынша үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында қаржылық тәртіп бұзушылықтар жалпы соманың 30 пайызын құрайтыны анықталды. Сондай-ақ, өткен жылы қаржылық бұзушылықтар 2018 жылға қарағанда 28 пайызға аз болғанын да атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарда қаржылық тәртіптің бұрынғы жылдармен салыстырғанда нығайғанын көрсетеді.

2020 жылдың алғашы алты айында 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, артық 13 млн. теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қалпына келтірілді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық бюджеттің түсімдер жоспары 112,2 пайызға орындалды. Түсімдердің жалпы көлемінде кірістер 111 544,1 млн. теңге немесе 81,3 пайыз болды, қарыздардан түсетін түсімдер 18 473,2 млн. теңгені немесе 13,5 пайызды құрады. Салықтық емес түсімдер 3,8 есе асыра орындалды.

Қарыздардан түсетін түсімдер құрылымын тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру үшін әкімдік шығаратын бағалы қағаздардан түсетін түсімдер құрайды. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларындағы шығыстар бойынша облыстық бюджет толық орындалды.

Ең көп шығындар трансферттер, ауыл, су, орман, балық шаруашылықтары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация салықтық салаларында орын алды.

Қазіргі уақытта ел Президентінің дағдарысқа қарсы қаражаттың тиімді жұмсалуына мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру басым бағыт болып табылады. “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының” жоспарланған жобаларын орындау 6769 жұмыс орнын құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Үстіміздегі жылдың 10 тамызынан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы мен “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы” мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытын іске асыру тиімділігіне мемлекеттік аудит өткізіліп, онда 32 107,0 млн. теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активіне аудит жүргізілді.

“Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде облыстың ауылдық елді мекендерінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 2020 жылға 4 920,0 млн. теңге бөлінді. 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның 931 915,2 мың теңгесі немесе 95,9 пайызы игерілді.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында және облыстың еңбек нарығын дамыту мақсатында жыл басынан бері ауыл тұрғындарына 229 шағын несие берілді. 2020 жылдың желтоқсан айына дейін облыстың ауылдық елді мекендерінде тұратын, өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға тағы 360 шағын несие беру жоспарланған.

Әрбір мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит нысандарының бірінші басшыларының қатысуымен, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен, аудан әкімдерімен және мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бірлесіп отырыс өткізеді. Онда жергілікті бюджет қаржысын тиімді жұмсау бағытында анықталған кемшін жағдайлар мен оларды болдырмаудың жолдары қызу талқыланады. Отырыс қорытындысында қабылданған шешімдер тиісті мекемелерге жіберіледі.

Үстіміздегі жылы тексеру комиссиясының отырыстары “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткізілуде. Аудит қорытындысы бойынша 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында қаржылық тәртіпті нығайту және анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында 5 ұсыныс пен 25 тапсырма берілді.

Тілеген КАСКИН,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, PhD экономика докторы, экономика ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp