«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ҚЫМҚЫРДЫ

Еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне әлеуметтік қызмет көрсету сапасына қатысты ұжымдық шағымдар жіберді. 

Осы орайда агенттіктің өңірлердегі департаменті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы жемқорлық қауіптеріне сыртқы талдау жүргізді. Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті мамандары жүргізген талдау нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жеңіп алған қоғамдық бірлестіктер жеке көмекшілермен және ым тілі мамандарымен ақылы қызмет көрсету бойынша шарт жасағанда, жұмыстың бір сағатының құнын төмендеткенін анықтады. Мысалы, үстіміздегі жылдың наурыз айында қоғамдық бірлестіктердің бірі бюджеттен 3 млн. 79 мың 125 теңге қаржы алып, ым тілі мамандары қызметінің бір сағатына 6375 теңге төлеуі тиіс болған. Алайда, іс жүзінде тек 2800 теңге төлеген. Осылайша, наурыз айында ым тілі мамандарына төленген ақы мен қоғамдық бірлестіктің бюджеттен алған қаржысы арасындағы айырмашылық 1 млн. 726 мың 725 теңгені құраған. Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер жеке көмекшілерден заңсыз 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын ұстағаны да белгілі болды. Қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тек прокуратура органдары ғана тексере алатындықтан, жемқорлық қаупіне жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындысы Петропавл қалалық прокуратурасы мен ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді.
Бүгінгі таңда аудандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такси қызметі жоқ. Облыс орталығында көрсетілетін қызметтің ауданда болмауы қала мен ауылда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға тең жағдай жасалмағандығын аңғартады. Бұл мәселе әр ауданды мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған көлікпен қамтамасыз ету арқылы ғана шешіледі. Талдау қорытындысы бойынша 11 ұсыным әзірленді. Бұл ұсынымдар жүзеге асырылса, жоғарыда айтылған мәселелердің түйіні тарқайды. 

Сурет https://ru.sputniknews.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp