Өңіріміздің кез-келген тұрғыны ашық бюджеттің интерактивті картасы сайтынан (https://publicbudget.kz) Солтүстік Қазақстан облысының 338 миллиард теңгелік бюджеті туралы мәліметпен таныса алады. Бұл туралы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің басшысы Аман Сатанов хабарлады.
Ашық бюджеттің интерактивті картасына мемлекеттік мекемелер бюджеттің орындалуы туралы хабарларын жариялап, азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайды.
Бұл карта азаматтық бақылауды күшейту және тұрғындардың сана-сезімін арттырып, оларды бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға тарту мақсатында енгізілді.
Аман Сатановтың айтуынша, картаны пайдалана отырып, ұқсас нысандар мен мақсаттарға бөлінген қаржы көлемімен танысып, салыстыруға болады. Сондай-ақ, бюджет қаржысы бөлінген нысандар туралы азаматтардың пікірлері мен шағымдарын жинауға да мүмкіндік бар.
Бүгінгі күні бұл картада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2019-2020 жылғы 338,7 миллиард теңгенің 1477 бюджеті жарияланған. Атап айтқанда, құрылысқа, әлеуметтік нысандарды жөндеуге бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін, құрылыс мерзімін, кепілдік міндеттемелерді, жеткізіп берушлердің тізімін осы сайттан көруге болады. Тіпті құрылыстың бүге-шігесі, мәселен қиыршық тастың диаметрі мен асфальт жабынының қалыңдығы сияқты деректерді де таба аласыз.
Бұл – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізетін және мемлекеттік мекемелердің тұрғындар алдында есеп беруіне жол ашатын жоба, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың азаматтармен қарым-қатынас құралы.
“Бұл картада Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға және ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған бастамалары толық көрініс тапқан”, – деді қоғам белсендісі.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы