«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗГЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ ЗОР

Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан судьяларының кезектен тыс VII съезін өткізу көзделіп отыр. Бұл еліміздің сот жүйесін жетілдіруге, сот ісін жүргізу тиімділігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы сот төрелігінің қолжетімділігі мен жариялылығына жаңа серпін береді. Күтіліп отырған республика судьяларының съезінде сот жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралатын болады.

Жалпы алғанда съезде сот қызметін ұйымдастыруда қазіргі заманғы судьяның бойында қандай әдеп қасиеттері болуы тиістігі жөніндегі мәселе талқыланбақ. Өйткені, сот билігінің беделі, оның тәуелсіздігі мен тұрақтылығы, азаматтық қоғамның, құқықтық мемлекеттің бұдан әрі даму жетістігі осыған байланысты. Биыл біз жаңа Судья әдебі кодексін қабылдап, тәртіптің нормалары мен стандарттарын сақтауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты ережелеріне дауыс беруіміз қажет. Ал олардың алдын алу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Съезд мемлекеттің сот жүйесін жетілдіру мен дамытуға, судьялардың мәртебесін нығайтуға, сот төрелігін жүзеге асыруда олардың маңызын арттыруға бағытталған негізгі қадам болмақ. Судьялар шынында сот жүйесінің кейбір мәселелері шешімін тауып, соттың жоғары білікті мамандары өздерінің озық ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыс аясы нақтыланатынына сенімді.

Судьялар қауымдастығы үшін маңызды шараға Елбасының қатысуы жоспарланып отырғаны бізге көрсетілген зор құрмет деп білемін. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдарда азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді, еліміздің сот жүйесінің мінсіз сот төрелігіне жетуін міндеттеген еді.

Тұтастай алғанда, барлық алты съезде сот төрелігін тиісті түрде жүзеге асыру талқыланды. Ол – қоғамның сот жүйесіне деген сенімінің артуы, соттардың құзыреттілігі, тәуелсіздігі және әділдігі.

Елбасы жариялаған Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам” Ұлт жоспары сот жүйесінің алдына заң үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде жаңа міндеттер қояды. Қазіргі күні ағымдағы міндеттер толық орындалуда. Осыған байланысты бірнеше жаңа Кодекстер қабылданды, кейбір заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілді.

Біздің мемлекетімізде мықты сот жүйесінің құрылуы – оң өзгерістің белгісі. Елімізде Жоғарғы Сотты қосқанда 371 сот жұмыс істейді. 17 облыстық және оларға теңестірілген сот, 353 аудандық сот (сонымен қатар, әскери, экономикалық, әкімшілік, қылмыстық істер жөнінде және кәмелетке толмағандардың істері жөнінде) бар. Судьялардың саны – 2 664.

Қазіргі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің қызметін жетілдіруге және олардың әділ үкім, дұрыс шешім шығаруы үшін барлық жағдайды жасады. Қазір олар қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген, барлық тараптан рухани қолдауға ие мықты құрылымға айналды. Ал ең бастысы, Елбасы судьялардың тәуелсіздігін бекітіп, сот жүйесінің ескі ережесімен емес, жаңаша өмір сүруіне мүмкіндік берді.

Арайлым ЖАНАТҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының №2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp