«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗГЕ ТҰРҒЫНДАР СЕНІМІ ҚЫМБАТ

Сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесі Елбасының назарынан тыс қалып көрген жоқ. Елде парақорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасалды. Алайда, басты назар көбіне бұл дерттің салдарымен күресуге аударылып отыр. “Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы өзінің “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні, қоғамда демократиялық үрдісті тежейтіні, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген ықыласына кері әсер ететіні хақ. Жасыратыны жоқ, жең ұшынан жалғасқан жаман әдетпен күрес бүгінде түйткілді мәселеге айналды, себебі, мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы елдің дамуына, экономиканың өсуіне кедергі келтіретіні даусыз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы ауқымды шаралар қолға алынды. Бұл орайда облыстық полиция департаментінде де белсенді жұмыстар ұйымдастырылуда, ол тұрғындар тарапынан өзінің оң бағасын алуда.

Биыл Петропавл қаласында Көші-қон орталығы өз жұмысын бастады. Жыл басынан бері облыстық көші-қон полициясы 200 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыс жалғастырылуда. Келушілерге барынша жағдай жасалған, оның ішінде электронды кезек те қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет түрін алу үшін келетін мүмкіндігі шектеулі адамдардың ғимаратқа кедергісіз кіруіне және жүріп-тұруына жағдайлар жасалған. Ғимаратқа кіреберіс мүгедектерге арналған пандуспен және қызметкерлерді шақыру тетігімен жабдықталған. Қызмет саласын кеңейту бойынша жұмыс “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалының мамандарымен бірлесе ұйымдастырылады. Ол үшін он жұмыс орны бөлінді. Енді келушілер операциялық залда Халыққа қызмет көрсету орталығының негізгі талаптары бойынша қызмет түрлерін ала алады. Жаңа жүйе ашықтыққа, айқындылыққа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Одан басқа, азаматтар көші-қон қызметіне электронды форматта да жүгіне бастады, бұл парақорлық көріністерін жояды және халыққа қызмет көрсету жеделділігін арттырады. Шетел және Қазақстан азаматтары үшін электронды пошта арқылы тіркеуге тұру және басқа да қызмет түрлерін алу мүмкіндігін беретін сандық технологияны енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Біз жұмыстың жаңа түріне кезең-кезеңмен көшудеміз, Петропавл қалалық полиция басқармасында заманауи талаптарға жауап беретін фронт-офистің ашылуы осы бағыттағы жұмысымыздың бір парасы ғана. Түрлі бөліністердің қызметкерлері халықпен тікелей жұмыс істейтін бұл қызмет көрсету алаңының артықшылығы көп. Басты мақсат – азаматтарға жайлы жағдай жасау. Петропавл қалалық полиция басқармасына күн сайын ішкі істер органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша жүзден астам азамат жүгінеді. Өтініштердің негізгі бөлігі лицензиялау-рұқсат беру жүйесі, әкімшілік тәжірибе, қылмыстық істерді тергеу мәселелеріне қатысты болады. Сондай-ақ, азаматтар жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша жүгінеді. Жуырда осындай фронт-офистер Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарында ашылды.

Соңғы жылдары қолданысқа енген техникалық жаңашылдықтар адами факторға жол бермейді. Бірінші кезекте, бейнетіркегіштер туралы айтуға болады. Бүгінгі күні өңірдің жол-патрульдік полициясының барлық экипаждары осындай заманауи құралдармен жарақталған. Сонымен қатар полиция жұмысына енгізіліп жатқан электронды планшеттер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға септігін тигізеді. Қазір осындай құрылғылардың көмегімен 5 мыңнан астам электронды хаттама толтырылды. Ол бірден біріктірілген бірыңғай республикалық деректер базасына түседі және хаттамалардың электронды түрде толтырылуына бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесін кеңейту қылмыстың алдын алуды қамтамасыз етіп қана қоймай, полицияның жұмысын ашық ете түсті. Облыс орталығындағы барлық 13 аймақтық полиция пункттеріне арнайы орнатылған мониторға қызмет көрсетілетін аумақтардағы аулаларда, үйлердің подъездерінде және басқа да қоғамдық орындарда орнатылған камералар қосылған. Аймақтық полиция бекеттерінің өзінде де камералар орнатылған, оны жедел басқару орталығынан бақылау мүмкіндігі бар. Аталған бағыттағы жұмыс барлық аумақтық полиция бөлімдерінде де белсенді жүргізілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудегі пәрменді тетіктердің бірі – қарамағындағы қызметкер құқық бұзушылық жасаған кезде бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру. Жыл басынан бері облыстық полиция департаментіндегі тәртіптік комиссияның 25 отырысын өткіздік. Оның шешімі бойынша 184 қызметкер, соның ішінде 62 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылы облысымызда полиция қызметкерлері тарапынан жемқорлыққа қатысты 9 факті тіркелді. Барлығы бойынша қызметтік тергеу жүргізілді, кінәлі тұлғаларға қатысты заңмен белгіленген шаралар қолданылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменттерінің басшыларын, прокуратура, “Нұр Отан” партиясы филиалының, облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тәртіптік комиссия отырысына шақыру дәстүрге айналған.

Жеке құрам арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында кадр жұмысы басқармасы мен өзіндік қауіпсіздік басқармасы рейдтер жүргізеді. Мұндай іс-шаралар қызметтік тәртіп және әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін анықтауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу апта сайын тұрақты түрде өткізілетін іс-шараларда, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша сабақтарда, коменданттық патрульдердің бөлініс қызметкерлерінің жиналыстарында, тәлімгерлер кеңесі мен олардың қамқорлығындағылармен отырыстарында күн тәртібінен түсірілмейді. Өткізілетін барлық іс-шараның басты мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тиімділігін арттыру болып табылады.

Берік БІЛӘЛОВ,

облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp