«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗГЕ ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ ҚЫМБАТ

Бүгінде елімізде сот жүйесін жетілдіру мен жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты алғашқы Жолдауында: “Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет”, – деп сот қызметкерлерінің алдына бірқатар міндеттер жүктеді. 

Соңғы жылдары облыс сотта­рында келушілерге қолайлы жағ­дай жасауды көздеген фронт-кеңселер ашылуда. Биыл мұндай жаңашылдық облыстық, Петро­павл қалалық №2, маманданды­рылған әкімшілік және Қызылжар аудандық соттарында енгізілді. Тұр­ғындарға заманауи қызмет көрсету талаптарына сай барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кеңселер сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Фронт-кеңседе ақпараттық орталық, кіріс кеңсе және өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған алаңдар жұмыс істейді. Олардан сотқа өтініш берудің тәртібі, соттың орындауындағы іс­тер мен материалдардың қаралу барысы, сот отырыстарын өткізу уақыты туралы деректерді алуға болады. Ал келушілер сотқа қа­жетті құжаттарын кіріс кеңсеге тап­сырады. Күту залында тұрғындар­ға қолайлы болу үшін ұялы теле­фон арқылы сот органдарының ин­тернет-ресурстарына кіре алатын “Wi-Fi”-ды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Сот қабылдаған шешімдер мен үкімдердің тұрғындарға ұғынықты болғаны маңызды. Сондықтан мұн­дай құжаттар, ең алдымен, түсінікті жазылуы керек. Өткен жыл­дардағы сот актілерін қарап отырсақ, оқыған адамды жаңыл­татын көп әрі қажетсіз ақпарат­тарды байқауға болады.
Өткен жылы Жоғарғы соттың тиісті нормативтік қаулыларына бірқатар өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес қазіргі сот үкімдері мен ше­шімдерінің құрылымы да жаңартылды. Яғни, мәтіннің құрылысы­на қойылатын талаптар күшейді. Осы уақыт ішінде судьялар бір­тіндеп бұл тәсілге үйренді десек болады.
Сот актілерін жетілдірудің ке­ле­сі амалына сот шешімдерін тү­сіндіруді жатқызуға болады. Су­дьялар сот актісін оқығаннан кейін тараптар мен отырысқа қатысушы­ларға осы шешімді қабылдау­дың себебін түсіндіреді. Осының нәтижесінде сот үкімдеріне түскен шағымдар азайғанын да айта кеткен жөн.
Биылғы Жолдау аясында сот жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Осы­ған дейін сот актілерін дайындау та­лаптарын және құрылымын бұ­зу шешімді қабылдауға негіз бо­лып саналмайтын еді. Енді судьялардың жұмысын бағалап, олар­дың қызметін өсірерде бұл жайт міндетті түрде ескеріледі. Бұл судья­лардың өз қызметтеріне үл­кен жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді.
Әкімшілік істерді қарау, жеке жә­не заңды тұлғалардың арасын­дағы құқықтық дауларды шешуде әкімшілік сот төрелігін пайдалана­мыз. Сондықтан оны мемлекеттік басқару саласындағы заңдылық­тың сақталуын танытатын сот қызметінің ерекше түрі десек те бо­лады. Азаматтар мен мемлекеттік ор­гандар арасындағы дауларды қа­рау жөніндегі заңнама қоғам­ның заманауи талаптарына жауап бермейтініне тәжірибе жүзінде кө­зіміз жетіп отыр. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдармен соттас­қан 347 жеке тұлғаның 16 пайызы ғана жеңсе, бұл көрсеткіш өт­кен жылы 12 пайызды ғана құра­ды. Бұл ретте екі тараптың мүм­кін­діктері бірдей емес екенін ес­кер­ген жөн. Мемлекеттік орган­ның заңгерлері болса, жеке тұлға өзінің құқықтары мен міндеттерін білмеуі мүмкін. Сол себепті әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекс пен әкімшілік сот төрелігін енгізудің қажеттілігі туындады.
Биылғы қыркүйек айында ғана Парламент Мәжілісінде әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жо­ба­сы ұсынылды. Оған сәйкес мем­лекеттік орган өзінің шешімін не­месе іс-әрекетінің себебін тү­сін­­діруге міндетті. Сондықтан бұл заң жобасы мемлекеттік орган­дар­мен дауға қалған қатардағы азаматтар мен бизнес өкілдерін қорғауға бағытталған. Олар сотқа арыз берсе болғаны, мемлекеттік орган өзінің кінәсіз екенін дәлел­дейтін болады. Мұндай сот төре­лі­гі ТМД-ға мүше елдердің барлы­ғында қолданылады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жол­дауында педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту жөнінде де айтты. Бұл – уа­қытында қабылданған әрі қажет шешім. Бірақ мұндай істер бойын­ша да тараптар өзара келісіп, та­туласа алады. Мәселен, жуырда Петропавл қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 1 бөлімі, 120, 121-баптары бойынша іс қаралды. Айыпталушы кінәсін толық мо­йын­дады, бірақ зардап шегуші сотқа күдіктімен татуласуына бай­ланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Яғни, бұл жерде сот ешқандай шешім қа­был­дай алмайды. Егер педофи­лия мен тұрмыстық зорлық-зом­былық қылмыстың ауыр түріне жатқызылса, тараптар татуласып, іс оңайлықпен жабылмайтын еді.
Бірақ басқа жағдайларға бай­ланысты дау туындаған кезде екі тарап арасында түсініспеу­ші­лік орын алғанда, бірден сотқа жүгін­бей, үшінші тараптың көмегімен мәселені шешуге болады. Бүгінгі күнге дейін бірінші инстанциядағы соттарда 21 медиация кабинеті ашылса, соның екеуі “Соттағы та­ту­ластыру рәсімдері” қанатқақты жобасының аясында жүзеге асы­рылды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс соттары 7931 аза­маттық іс қараса, соның 1337-сі тараптарды татуластыру арқылы шешілді. Ал апелляциялық инс­тан­циядағы татуластырушы су­дьялар 182 істі қарады.
Сот жүйесін жетілдіру бағы­тындағы жаңашылдықтардың бірі – “Еңбек дауларының алдын алу” қанатқақты жобасы биыл қолға алынды. Тоғыз айдың қорытын­дысы бойынша облыс соттарын­да еңбек дауларының азайғаны байқалады. Жоба аясында биыл 194 өтініш түссе, өткен жылы мұн­дай 228 іс қаралған еді. Еңбек дау­ларының азаюы оны сотқа дейінгі және соттан тыс тәртіпте шешудің тиімділігін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мүм­кін болды. Бұл жұмыстарға об­лыс­тың кәсіподақ ұйымдары да араласады.
Жалпы отандық сот жүйесіне жүк­тел­ген басты мақсат – тұрғын­дар сенімін арттыру. Жоғарыда көрсетілген жұмыстар, негізінен, осы мақсатқа бағытталған. Сон­дық­тан біліктілігіміз бен тәжіри­бемізді сот жүйе­сіне жүктелген осы міндеттерді сәтті жүзеге асы­руға жұмсауға тиіспіз.

 

Ерлан АЙТЖАНОВ,
облыстық соттың төрағасы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp