Өзі тұратын елді мекеннің, қаланың көрікті болғанын кім жек көрсін? Тұрғындардың тұрмысы түзелген сайын эстетикалық талғамы да арта түседі. Қазіргі заман талабына сай көркейіп келе жатқан қаламыздың кескін-келбеті, әсіресе, еліміз егемендік алған жылдардың ішінде тіпті ажарлана түсті. Жылдам қарқында салынып жатқан осызаманғы үлгідегі сәнді тұрғын үйлері мен еңселі ғимараттарын айтпағанның өзінде, көшелеріне көрік беретін сәулеттік құрылыс жұмыстары көптеп жүргізілуде. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында атқарылатын осы жұмыстардың қатарында көше аялдамалары да бар.
Ал енді осы көше аялдамалары жиі ауыстырылып жүргенімен, бәрі орнына келді деп айту қиын. Оған мысал ретінде өткен жылы ауыстырылған Жамбыл көшесіндегі шынылы аялдамаларды келтіруге болады. Бұл жұмысты қаланың коммуналдық қызметі қазан айының аяғында жер қата бастаған кезде жүргізді. Бір күннің ішінде бұрынғы темір аялдамалар жұлып алынып, олардың орнына шыныдан жасалынғаны орнатылды. Шындығында орнатылды деуге де келмейді, төрт аяқтарынан жерге енгізіліп қоя салынды. Аялдамалардың төңірегіндегі қопарылып қалған өрнектастары сол қалпында шашылып қала берді. Бірақ, айтпағымыз ол емес, көкейімізде біздің қысы қытымыр өлкемізге мұндай шынылы аялдаманың не қажеті бар деген сұрақ жатыр.
Расында да, қаламыздағы жолаушылар аялдамалары жергілікті ауа райы жағдайын ескермей жасалады. Осы күнге дейін жасалып жүргендерінің көбісі шатыры бар демесең, панасы жоқ. Қабырғаларындағы тілімдей жапсармалары қыстың долы бораны былай тұрсын, күздің қара суығынан да қорғай алмайды. Соның бір мысалы, К. Сүтішев көшесіндегі дөңдегі бірінші аялдама, ал ондай жан-жағынан жел соғатын аялдамалар қалада жетерлік. Сөз реті келгесін айта кетейік, дәл осындай аялдаманың Қызылжар ауданындағы “Бәйтерек” ауылының жанынан өтетін республикалық күре- жолдың үстіне қойылғаны тіпті ақылға сыймайды. Оның күнқағарлығынан басқа пайдасы шамалы. Қала көшелерінен алынған бұрынғы аялдамалардың ішінде шыныланғандардың алдында тұрғандары жақсырақ болатын. Темірден жағалай қаусыра жасалған олардың іші ықтасын еді, отыратын орындығы және қоқыс салатын жәшігі болды.
Қазіргі шынылы аялдамалардың қысқалау орындығы бар, бірақ жанында қоқыс жәшігі орнатылмаған. Сондықтан маңы үнемі ыбырсып жатады. Олардың кемшілігін түзетіп, тәртіпке келтіру оншалықты қиын бола қоймас. Уақыт өте келе бәрі түзеледі деп сенуге болады. Әрине, шыныланған аялдаманың сәнділігінде сөз жоқ, бірден көз тартады. Қаланың тәртіпті, өздерін мәдениетті ұстайтын азаматтары үшін өте ұнамды жай. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Азат Бисембин айтқандай, біз осындай жоғары талғамды тәртіпке үйренуіміз керек. Оған қалай келіспейсің, жасалып жатқан жақсының бәрі адамдар үшін екені рас. Тек осындай игі мақсатта орнатылған шынылы аялдамалар аз қаржыға түспейді екен, әрқайсысы 600 мың теңге тұрады. Қала бойынша Жамбыл көшесінде 10 аялдама және біреуі “Рахмет” сауда орталығының алдына қойылған.
Алайда, бір апта өтпей солардың көпшілігіне зақым келтірген қала содырларына не деуге болады? 1-ші мектеп-гимназияның қарсысындағы аялдаманың алғашқы түннен қалмай күлпаршасы шықты. Қазір шынының орнына слюдамен тұр. Сол сияқты, қалғандарының да жағдайы мәз емес, ұрып-тепкілеп, шатынатып сындырып тастаған. Бүтін қалғандары бір-екеу ғана. Міне, осындай жағдайда бізге қымбат тұратын бұл аялдамалардың қажеті бар ма деген сұрақ туады. Демалыс күндері көше жинаушылардан бұрын ертерек тұрып қала орталығына шықсаңыз, көптеген келеңсіздіктерге тап боласыз. Төңкерілген қоқыс жәшіктері мен орындықтар, сындырып, бүлдірілген шағын мүсіндер түнде жортқан содыр азаматтарымыздың санасының тайыздығын көрсетеді. Шынылы аялдамаларымызды бүлдіретін де солар, олардың бәріне күзет қою мүмкін емес.
Жалғыз осы жайдың өзі-ақ, бізге әлі шынылы аялдамаға әуестеніп, бекерге қаржы шашудың қажеті жоқтығын байқатады. Оның үстіне, қысқы аязда ызғарлы, ал аптап ыстықта одан сайын күйдіре түсетін, етек-жеңі ашық мұндай панасы шамалы аялдаманың табиғаты құбылмалы өңірімізге сәйкес келмейтінін көріп отырмыз. Сондықтан, уақыттың алдына түсе бермей, өзімізге ғана лайықтысын таңдағанымыз жөн емес пе?!
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.