
КЕЗДЕН ӨТТІК АЛДЫ-АРТҚА ҚАРАМАЙТЫН
Елден ерек туғандай есірмедім,
Болмаса деп тіледім есімде мін.
Басқан емен жалғанды жалпағынан,
Тұрған кезде таусылмай есіл демім.
Ала жібін ешкімнің аттамағам,
Бауыр болып көрінер жат та маған.
Берілмедім жан баурар құмарға аса,
Бәрін көріп тұрғанда хақ тағалам.
Жұрттан бөлек жоқ менің жасырарым,
Баяғыда басылған тасыр арын.
Жылдар жүгін арқалап жүргесін бе,
Келтіргім-ақ келмейді басыма мін.
Кезден өттік алды-артқа қарамайтын,
(Қатты қысты демеймін заман-ай тым).
Артын ойлар жандардың бірі болдық,
Мінбек түгіл, қосаққа жарамайтын.
Дей алмаймын мен сенің есіңдемін,
Сыйластыққа жетсек дер кесімдемін.
Төр іздеген кезім жоқ алабөтен,
Туған жердің төсі ғой көсілгенім.
ҚОҢЫР КҮЗ
Маң даланың сан түрлі келбетіне,
Үн қосады қайтқан құс тербетіле.
Ақ қайыңнан үзілген жапырақтар
Қонып жатыр қалықтап жер бетіне.
Қиыр жақтан жылыстап жел еседі,
Сағымды бел теңіздей “кеңеседі”.
Көк пен жердің арасы қандай ғажап?!
Табиғаттың тәнті етер тең есебі.
Туған жердің сарғайған атырабы,
Жең ұшынан жалғасып жатыр әлі,
Диқандардың төгілген маңдай тері,
Сыбағасын қамбадан татырады.
Қоңыр күздің жүгі көп арқалаған,
Күннің көзі көлгірсіп паң қараған.
Әндетеді, маңайды тәнті етеді,
Ауыл жақтың қызығы тарқамаған…
ҚАБЫЛДАП ЖҮРЕКПЕНЕН…
Досың емен, мен сенің қасың емен,
Атанғым-ақ келмейді пасық өрен.
Тонның ішкі бауындай болмағасын,
Барлау түгіл, қалайша қасыңа ерем?!
Болған емен жақының сырласатын,
Ортақ ой жоқ бөлісіп, қыр да асатын.
Заман бірге, әйтеуір, заман бірге,
Жан емеспіз жамылған құрдас атын.
Әзіл де жоқ біздерде жарасатын,
Бөтен жанбыз сыйласып, тарасатын.
Болмыс күйім қызықсыз болса-дағы,
Түскен емен биіктен аласа тым.
Құрбаны боп жүргем жоқ тосын жайдың,
Ғайбат айтар жанға да қосылмаймын.
Отбасының жалғызы болғасын ба,
Тосырқайтын менде бар осындай мін.
Құрақ ұшып, кезім жоқ жалбақтаған,
Сондай мінез көбіне қармақтаған,
Ақ жүректі жандарды сыйлап өтем,
Өзім үшін арлылар – ардақты адам.
Болсаң-дағы мығымдау атқа менен,
Көріне алман көлгірсіп жатқа кенен.
Бар болмысым осалдау көрінсе де,
Атақ үшін ешкімді сатқан емен.
Көргем талай биіктен аласарып,
Көмгем талай шындықты жаба салып.
Қитұрқысы жететін бұл тірлікте
Дос дегеннің байқалған шамасы анық.
Соның бәрін қабылдап жүрекпенен,
Атым ауып, түңілгем түнекте мен.
Көңілімді жаралар сөз-оқтарды
Жолдарымда қалдырмай, күреп келем…
ӨМІР — ӨЗЕН
Жан емеспін асығып, өрекпіген,
Көңіл көгін келемін демеп кілең.
“Сабыр түбі – сары алтын” болса-дағы,
Қамшылайтын намыс – от керек білем.
Жан емеспін өсекке малданатын,
Жамылып та көрмегем Алдар атын.
Жұрт танитын жандардың бірі болып,
Шықпаса екен деп жүрмін жалған атым.
Жұрттан бөлек жаралған жан емеспін,
Көтермедім шашбауын сан елестің.
Кездерім жоқ ат ауып, көштен қалған,
Ортасында жүрсем де әлі егестің.
Мен емеспін жұрт мақтар батырың да,
(Кей нәрсеге жетпейді ақылым да…)
Мына заман үйіріп бара жатыр,
Батыл ойлар тұншықты жатырында…
Қиын екен ашылып, айта алмаған,
Елден ерек жан емен жай талғаған.
Жұрт оянып жатқанда ұйқысынан,
Өмір – өзен, өзімді қайтар маған…
ЗАМАН ЖАЙЛЫ СЫР
Заман жайлы қажет пе сыр ақтарып?!
Жатқан кезде мына өмір сынаққа алып.
Түймедейді түйе етіп жүреміз бе,
Пәтуәсіз жел сөзге құлақтанып?
Заман жайлы толғанып керегі не?
Ойлағаның ойқастап келеді ме?!
Жаңалығы бір күннің жетіп жатыр
Салмақ салар ой-сана – елегіңе.
Заман жайлы қажет пе қиялданып?!
Жүрген кезде жабырқап, жиі алданып.
Өткен күнге семіріп болғандаймыз,
Келер күнге біз қандай сый арнадық?!
Заман жайлы жанбыз ба көпіретін,
Бармақ тістеп, кез бар ғой өкінетін.
Өтірікті соғамыз шындай қылып,
Былшыл сөздің ұзартып өкілетін.
Түк шықпайды дәрменсіз құр өкпеден,
Қам көңілді сабырмен тіреп келем.
Бұл заманның алыбы болсаң-дағы,
Жеңу қиын барлығын білекпенен.
Жеңу қиын жалғанда заман заңын
Көріп жүрміз пәрменін арамзаның.
Ақиқатты жалған ой белден басса,
Жермен жексен етіліп қалар жаның…
БОЛАШАҒЫ ЖОҚ АУЫЛ
Ауыл ауыр жүк тиеп санамызға,
Азық болды қиял мен сан аңызға.
Болжап жатыр білгіштер болашағын,
Күдікті оймен жік салып арамызға.
Болашағы жоқ дейді бұл ауылдың,
Сол шаһардың береді сұрауын кім?
Бас көтерер адамы таусылған ба?
Салмақ салып қойды ғой ең ауыр мін.
Бұл ауылдың құртқан кім келешегін?
Қалай білмей қалды екен ел есебін?!
Жермен жексен үйлердің жұртын көріп,
Кебін кидім жылауық жеңешенің.
Күндер қайда қозы-лақ маңыраған,
Жасап жатқан кез ғой бұл қамын адам.
Аумағына белшеден көк шөп өсіп,
Иесі жоқ үйлер тұр қаңыраған.
Кез келді ме үдеріп көшетұғын,
Ел еді ғой қашаннан өсетұғын.
“Кім кінәлі бәріне?”деген сауал,
Бермей қойды жаныма неше тыным…
ҚАЙДА КЕТІП БАРАМЫЗ?
Үйде отырып бөсетін
Сөзбен ғана батырмыз.
Жан емеспіз өсетін,
Ер емеспіз, қатынбыз.
Жүргендейміз күн кешіп,
Жұмыр бастың қамы үшін.
Өресізбен үндесіп,
Жыртып жүрміз намысын.
Ел дегенде өзегі,
Өртенетін жандаймыз.
Келген кезде кезегі,
Біздер осы қандаймыз?!
Бауырды емес, көтеріп
Жүрген жанбыз жатын біз.
Болғанбыз ба еті өліп,
Қайда бара жатырмыз?!
Өмір, мүмкін, ырықсыз,
Шыр айналған, дөңгелеп.
Адам болдық “қылықсыз”,
Айтып-айтпай не керек?!
Болып алды бүгінде
Өткен күннің бәрі аңыз.
Ел-жұрт аман күнінде,
Қайда кетіп барамыз?
ЖАН ӘКЕ
Жан әке, борышым бар өтелмеген,
Өзіңді хан көтеріп өтем деп ем.
Болатын ақ тілегің, асыл арман,
Немере сүйер жасқа жетем деген.
Жан әке, көп еді ғой бала арманым,
Адастым ретін таппай сан арнаның.
Келінді кезі келіп, көрер кезде,
Қолыңды жылы суға мала алмадым.
Жан әке, бірі болып марғасқаның
Осы ғой жең ұшынан жалғасқаным.
Жасынан Пайғамбардың асқанында,
Көрмедің жалғызыңның алға асқанын.
Жан әке, майдан көрген ер ісіңнің,
Жалғасы болып қалған Жеңісіңмін!
Бұл күні баптап жүрген шөбереңді,
Мен сенің бүрін жарған жемісіңмін.
Жан әке, ата атанып үлгермедің,
Сырласым болды содан түндер менің.
Құлынын баптап қосқан, асыл әке,
Тек қана сенің арқаң бұл көргенім…
ДИМАШЫ БАР ҚАЗАҚТЫҢ
Тау мен тастай жаңғырған.
Неткен дауыс таң қылған?!
Құштар болып үніне
Айтып жатыр: “Жан құрбан!”
Елін сүйіп жасынан,
Ақ Жайықтай тасыған.
Домбырасын қазақтың
Тастамай-ақ қасынан.
Естіген де арманда,
Әні ұласты таңдарға.
Жер шарында елітіп,
Табынбаған жан бар ма?!
“Дайдидауға” халықтың,
Ғашық болды қанып мың.
Қытай менен АҚШ-ты,
Жарып шықты “жарық күн”.
Айтпай-ақ қой күйді енді
Димаш түзеп күймемді,
Шетел танып елімді,
Қазақ тілін үйренді.
Жер жаһанда аз-ақпын.
Десем-дағы, ғажап күн
Ән көгінде сөнбейтін
Димашы бар қазақтың.
НЕМЕРЕМ — МЕНІҢ ЖАЛҒАСЫМ
(немерем Ералыға)
Немерем – менің жалғасым,
Бастадың жаңа жол басын.
Өмірдің қиын соқпағы,
Күтеді талай алда сын.
Жерің көп әлі баспаған,
Асуың мол ғой аспаған.
Абайды танып алғайсың,
Ұлылар содан бастаған.
Шоқанның жолын ұққайсың,
Мағжанды оқы, бұқпай, шын.
Сәбит пен Ғабит бар тағы,
Сапарды солай нықтайсың.
Жақсыға тиіп ерінің,
Естілсе деймін тел үнің.
Осал жан өмір сүрмейді,
Жерінде Ақан серінің.
Даналар бізде жетерлік,
Көңілге пана, етер құт.
Солардың жолын үлгі ғып,
Қазақтың туын көтер нық.
Немерем – менің жалғасым,
Арта біл ауыр алға сын.
Бастадың жаңа жол басын:
Қанатың тіптен талмасын.
Нұрсайын ШӘРІП.