«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДЕ ДЕ БАЛАЛАР ТАҒАМДАРЫН ӨНДІРУГЕ БОЛАДЫ

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов пен Омбы облысының губернаторы Виктор Назаровтың үстіміздегі жылдың 13 ақпанындағы Омбы қаласындағы кездесуінің басты мақсаты көршілес екі облыстың жылдан-жылға дамып келе жатқан экономикалық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту болатын. Сол сапардың нәтижесі кеше өткен “дөңгелек үстел” басында тағы бір пысықталды. Онда ресейлік кәсіпкерлердің көмегімен біздің өңірде балалар тағамдарын өндіретін өндіріс алаңын ашу мәселесі талқыланды.

Жиынға ведомстволық мекемелердің басшылары, азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты қызмет-керлер мен дәрігерлер, кәсіпкерлер шақырылды.

Рас, елімізде сапалы да құнарлы балалар тамағының жетіспейтіндігі – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Олардың басым бөлігі шетелден тасымалданатындығы анық. Сондықтан кәсіпкерлер жаңа туған нәрестеден бастап, жүкті әйелдерге дейін күнделікті тағамына қосымша тұтынатын құнарлы өнімдер өндіріп жатса құба-құп. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының араласуымен қаралып жатқан бұл мәселеде жергілікті “Молсоюз” ЖШС-іне көп салмақ түспек. Балалар тағамында табиғи құнарлықтың сақталуы басты мәселе болғандықтан, өнімдері таза шикізаттан жасалатын аталмыш зауыттың бұл мақсатты абыройлы жүзеге асыратынына сенім мол.

Омбы өңірінде балалар тағамын өндіру 2007 жылдан бастап қолға алынған. Оны жүзеге асырып отырған – “Тағамдық қоспа орталығы” коммуналдық кәсіпорны. Жұрттың сұранысын, адам ағзасын дәрумендермен және минералдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, бүгінгі кең тараған аурулардың алдын алу мақсаттарын көздеген зауыт жеті түрлі өнімді сараптамадан өткізіп, өндіріске қосқан. Кәсіпорынның ғалымдары мен технологтері әлі де ізденіс үстінде. Зауыт тәулігіне 6 тонна өнім шығарады. Алайда, тауарлардың сақталу мерзімі 5 күннен аспайтындықтан, географиялық таралу аумағы тар, яғни 450 шақырымға дейін. Сондықтан өз бизнестерін кеңейтудің қамын жасаған ресейліктер біздің кәсіпкерлерге әріптестік ұсыныс жасап отыр.

Жиын барысында ресейліктердің шығаратын өнімдерінің сапасы мен құрамы және оның бала ағзасына пайдасы туралы аталмыш кәсіпорынның директоры Игорь Богдашин айтып берді. Өз кезегінде петропавлдық “Молсоюз” ЖШС-нің директоры Александр Кузлякин жиналған мамандардан ұсынылып отырған балаларға арналған тағамдардың қажеттілігі мен пайдасы қаншалықты екендігін жан-жақты талдап, ойларын ашық ортаға салуларын өтінді. Кәсіпорын үшін жаңа жобаның тиімділігі маңызды. Сондай-ақ, ол 1928 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыттың басшысы ретінде өндіріске жаңа серпін беруді мақсат ететінін жеткізді.

Жалпы, азық-түлік өндіру, оның ішінде балаларға арналған тағамдар – аса ұқыптылықты талап ететін бизнес. Сондықтан екі жақ та шешім қабылдауға асықпады. Жоба жан-жақты талқыланып барып қолға алынбақ. Ресейліктердің ұсынысы қабылданса, “Молсоюз” ЖШС Қазақстанда бірінші болып балаларға арналған тағамдар шығаратын кәсіпорынға айналмақшы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp