“Ақсақалдар – ел бірлігін ойлайтын даналар” деген аталы сөздер күні бүгінге дейін халқымыздың арасында сақталып, дәстүріміз жалғасып келе жатқаны қуантады. Уәлиханов ауданының 300 жыл тарихы бар Қулыкөл ауылдық округінде бұл дәстүр өте жақсы сақталған. Округке қарасты Қулыкөл, Қаратал және Береке ауылдарында 5 адамнан құрылған ақсақалдар алқасы қызмет атқарады. Осы алқаның арқасында ауылдарда біраз мәселелер шешілді десек, асыра сілтегендігіміз емес. Ауылда орын алған қылмыстық істерден бастап, күнделікті күйбең-тіршілікте орын алатын дау-дамайларға дейін ақсақалдардың салиқалы сөздерімен шешімін тауып жатады. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Округтегі 289 үйде 1276 тұрғын бар. Қосалқы шаруашылықтарда күнкөрістің қамы үшін өсіріліп отырған 4300-дей бас қара мал, 1270 бас жылқы, 6 мыңнан астам қой бар. Сондай-ақ, мал басы жылдан-жылға көбею үстінде. Ауызбірліктің арқасында елде тұрмыстық ахуалы төмен отбасы жоқтың қасы.
Округтегі алқа мүшелігіне ортасына сыйлы, белсенді және елдің қамын ойлайтын ақсақалдар енген. Ең бастысы – олар өмірдің жақсы-жаманын саналарына түйген, көпті көрген қарттар. Солардың қатарындағы Қулыкөл ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Аманбай Оспанов зейнет жасына дейін Әуезов орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті және арабтану пәндерінен ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен адам. Қаратал ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы көп жылдар бойы осындағы негізгі мектепті абыройлы басқарған Ақбар Ғаббасов, ал Береке ауылындағы алқаның көш басында – Зайыт Мұқатов деген ардагер тұр.
Осылардың басшылығымен төңіректе бірқатар мәселелер шешімін тапты. Мәселен, 2011 жылдың қысы солтүстікқазақстандықтар үшін ауыр болғаны белгілі. Бұл қар ерте түсіп, оған қоса жауын араласып, көп мал қырылған жыл болатын. Осы қиындықты еңсеру үшін ауыл ақсақалдары бас болып, жастар жан-жақтан жемшөп тасып, оларды әр үйге теңдей бөліп, тұрғындардың табиғаттың тосын ауыртпалығынан мал басын азайтып алмауларына мүмкіндік туғызды.
Қоғам өміріне белсене араласатын аға буынымыздың әлеуметтік мәселелерге, жастар тәрбиесіне, соның ішінде оларды имандылыққа баулу, түрлі қауіп-қатерлерден сақтау, әсіресе, ішімдік, есірткі, темекі сияқты жаман әдеттерден аулақ болу, құқық бұзушылықтың алдын алып, қылмысты болдырмау мақсаттарын көздеп, атқарып жатқан жұмыстары бір төбе. Жастарға ақыл айтып, жөн сілтеуден жалықпайтын аға буынның қамқорлығы зор. Олар жастарға: “Әкеңнен мал қалғанша, бір тал қалсын” деген өсиеттерін жиі құлаққағыс етіп, ниеті барларға еңбектің жолдарын көрсетуге әрқашан дайын тұрады. Бұл ауылда “қарашаңырақтың отын сөндірмеу” деген дәстүр қалыптасқан, яғни бір үйдің де есік-терезесі бекітіліп, түндігі жабылып қалмайды. Ауыл маңынан өтіп бара жатқан жолаушыларға деген қамқорлықты шын ниеттерімен жасайды. Жолда қиналып қалған жолаушы болса, ел болып көмектесіп, әрі қарай аттандырып жібереді. Бірлесіп көтерген жүк қашанда жеңіл. Аудан орталығынан 180 шақырымда жатқан бұл ауылдың өмірі мүлдем басқаша. Өткен жылы ауыл тұрғындары шаруашылықтарына пайдалану үшін үш “КамАЗ” көлігін сатып алса, биыл бір тракторға қол жеткізіп алсақ деп отыр. Ауылда Мәдениет үйі бәз баяғы қалпында сақталып қалған. Оның қасынан өлкетану мұражайы ашылған. Онда түрлі көне жәдігерлермен бірге нумизматиканың да түр-түрі табылады. Оған басшылық жасап отырған Мұхтар ағамыз. Талай жыл Әуезов орта мектебінің директоры болған Мұхтар Әутәліпұлы – бүгінде ауылдың белсенді ақсақалдарының бірі. Жастардың имандылық жолына қарай тартылғанын игі іс санайтын ауылдың үлкендері кіші буынмен жаңа мешіт ішінде бас қосып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салады.
Ал Бидайық ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылындағы ақсақалдар кеңесінің жұмысы да жақсы. 292 жыл тарихы бар бұл ауылда қарттарға деген құрмет ежелден ерекше. Аталмыш елді мекендегі 60 үйде 300-ге жуық адам тұрады. 2005 жылы құрылған ақсақалдар алқасын алғашқыда Қажымұқан Ахметқалымов басқарса, бүгінде оның өнегесін Әнуарбек Қабипов жалғастырып отыр.
2011 жылы тұрғындар өз қаражаттары есебінен Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатты. 2013 жылы жастарға арналған стадион салдырды. 2014 жылы 100 адамға арналған мешіт ғимаратының құрылысын бастап, биылғы жылдың соңына дейін оны аяқтауды жоспарлауда. Ауыл дүкендерінде ішімдік пен темекі сатылмайды. Өткізілетін барлық тойлар қымызбен атқарылады. Бұл – ауыл ақсақалдарының ұйғарымы.
“Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра”, – дейді дана халқымыз. Сондықтан көпті көрген, оқығаны мен тоқығаны мол, білгені мен білімі жетік ақсақалдардың қоғамымызға тигізер пайдасы зор. Аталмыш белсенділік – еліміздің ертеңін ойлаудан туған әрекеттер. Ақсақалдар еліміздің ынтымағына тамшыдай болса да үлестерін қосып, кейінгілерге жақсы өнеге көрсетіп жүр. Осы жағынан да олар қашанда қадірлі.
Айжан ТӨЛЕУБАЕВА,
аудандық мәслихаттың бас маманы.
Уәлиханов ауданы.