«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІҢ БЕЙНЕГҮЛ!

Неше көрсең күліп жүретін, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын осынау бір жан туралы жазбау мүмкін емес деп ойлаймын. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме?

Әңгіменің арқауы болғалы отырған кейіпкеріміз Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының дәрігері, түрлі деңгейлердегі бірнеше мәрте марапаттардың иегері – Бейнегүл Шауыпкелқызы Ботпаева.

Жасыратын несі бар, шалғайдағы шағын ауылдарға кейбір мұндай мамандар тұрақтамайды. Ал Бейнегүл болса, дәрігер мамандығын иеленіп, туған топырағына оралуды мақсат етті.

Жалынды жас осындай ниетпен 1989 жылы Петропавл қаласындағы медицина колледжін ойдағыдай аяқтап, Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылындағы аурухананың терапевтік бөлімінде еңбек жолын бастаған. Күзгі егін жинау науқанында аталмыш ауданның Жаңажол ауылына іссапармен келіп, ауыл тұрғындары мен егіншілеріне көмек қолын беріп жүрген жас маман ақырында сол ауылға келін болып түсті. Жасынан ширап өскен Бейнегүл отбасылық өмір мен еңбек жолын қатар ұстап, тұрғындардың құрметіне бөленді.

Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы қатар жүрмей ме? Құдай қосқан қосағы өмірден ерте озып, бір қыз, екі ұлмен жесірлік тауқыметін тартса да, мойымады. Бала тәрбиесі, отбасылық тірлігі, тағдырдың мұң-мұқтажы, соған қоса мазасыз дәрігерлік қызмет әйел адамға оңай бола қойған жоқ. Осыны байқаған әкесі Шауыпкел қызын немерелерімен Амангелдіге көшіріп әкеліп, қамқорлығына алды.

Сол 2001 жылдан бастап, міне, биыл 15 жыл, осы ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңып, өз жағдайын елеместен, бел шешпестен, “ауылым”, “жұртым” деп қызмет етіп келеді. Балаларын арнаулы оқу орындарында оқытып, білім әперді. Қазіргі уақытта олар сол алған білімдерінің игілік-қуанышын көріп, қызмет етіп жүр. Ана тәрбиесі ықпалының арқасында балалары елгезек, іскер, тыңғылықты.

Ауыл өмірі баршамызға аян. Ауа райының құбылуына қарай жолдың болмауы, ең алдымен, дәрігерге ерекше батады. Кәрінің де, жастың да денсаулығы үшін қатты алаңдайды. Қыстың көзі қырауда ауыр сырқатпен дірдектеп аудан орталығына барып, оның өміріне араша түсу Бейнегүлді ерте есейтті. Әсіресе, босанатын аналардың тағдыры үшін ауыл басшыларымен сөзге келіп те қалған кездері жоқ емес. Өйткені, қазақ айтатындай, “Кісідегінің кілті – аспанда” емес пе?! Үнемі көлік табыла бермейтінін жасырудың жөні жоқ. Бірақ мұндай енжарлық оны ешқашан мойытпады. Ренжіп, налыса да, сыртқа сездірмеді.

Балаларымыз қалада болған соң оларға ата-аналық көмек қолын созу мақсатымен Астанадан бір немеремізді, Қызылжардан екі немеремізді ауылға әкеліп бақтық. Жасқа жетпегені, жастан жаңа асқаны бар. Балаларды келген күннен есепке тұрғызып, бақылауда ұстады. Немерелерімізді отқасуға түсірмей, үш жастан асқан соң әке-шешелеріне табыстадық. Бұған Бейнегүлдің де сіңірген еңбегі бары анық. Ауылда тек біз ғана емес, немерелерін баққан ата-әжелер көп болды. Әлі де бағып отыр.

Сол немерелеріміз Құдай қаласа, биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттайды. Дендері сау, аман-есен.

Заман талабымен амалсыз қалаға көшіп кеттік. Алақандай ауылдың тағдыры Бейнегүлдің қолында тұрғандай сезінемін. Елдің кәрі-құртаңының, бала-шағасының денсаулығының жауапкершілігі осы ақ халатты жанның қолында қалды. Кейде ауылдан қалаға қоныс аударған ағайындар, басымыз қосыла қалса, қойы қоралас, қотаны аралас туған жерді сағынамыз. Сонда осы Бейнегүл жайында үнемі жылы сөз айтып, бір жасап қаламыз. Асқан ризашылықпен “Біздің Бейнегүл!” – дейміз бәріміз.

Зура КӘРІШАЛОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp