Замандасымыз Мұхамеджан Лұқбанов Ресейдің Омбы облысының Есілкөл ауданындағы Гребешки ауылында дүниеге келген. Алайда, ата-бабаларының кіндік қаны тамған туған мекеніне оралған Мұхамеджан Лұқбанов бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласында талай жыл абыройлы еңбек етіп жүрген ел ағасы.
Мұхамеджан Сағынтайұлы 1979 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша тамамдап, алғашқы еңбек жолын сол кездегі Көкшетау облысы Ленинград ауданындағы Менжинский кеңшарында электр жабдықтарының маманы ретінде бастаған. Кейін ол аталмыш кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы, бас зоотехнигі, Ленинград аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары, “Ащыкөл” кеңшарының директоры, Қызылту аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аталмыш аудан әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.
Бертін келе Ақжар ауданындағы “Ленинградское” өндірістік кооперативінің директоры, аталмыш аудан әкімінің бірінші орынбасары, “Агротехника Ақжар”, “Лұқбанов” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директоры болды. 90-жылдардың қиын кезеңінде шаруашылықтың аяғынан тұрып кетуіне бар күш-жігерін салды. Жаңа экономикалық жағдайларға тез бейімделіп, өзін білгір, бастамашыл басшы ретінде көрсетті. Еңбекқор, талапшыл Мұхамеджан Сағынтайұлының іскерлігінің арқасында ол тізгінін ұстап отырған серіктестік аудандағы табысты шаруашылық ретінде танылды.
Кәсіпкер егіншілікпен ғана шектеліп қалмай, мемлекеттің “Сыбаға” бағдарламасы бойынша бөлінген несиеге асылтұқымды ірі қара өсіруді мықтап қолға алды. Кәсіпорын басшысы ретінде Мұхамеджан Лұқбанов ауылдың ахуалын жақсартып, тұрғындардың тұрақты жұмыс орындарымен қамтылуына да өз үлесін қосып келеді. Ол ауылдың әлеуметтік саласын жақсартуға ерекше назар аударады. Облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп, Мұхамеджан Сағынтайұлы ауылдағы әлеуметтік салалар шығынының жартысын жергілікті шаруашылық, кәсіпорындар өз мойындарына алу керектігі туралы бастама көтерген болатын. Бұл патриоттық бастама облыс көлемінде “50х50” деген атқа ие болып, зор қолдау тапты.
Сөзі мен ісі әрқашан үйлесім тауып отыратын Мұхамеджан Лұқбановтың шаруашылығының демеушілігінің арқасында ауылдағы Мәдениет үйі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, орта мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараттарының жөндеуден өткізілуіне, ауылдың абаттандырылып, тазартылуына да шаруашылық субъектілері мен кәсіпорындар атсалысты.
Ардагеріміз ауылдың ғана мақтанышы емес, оның есімі облыс көлемінде де танымал десек, артық айтқандық емес. Мұхамеджан Сағынтайұлының қоғам алдындағы көпжылдық әрі тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Оның омырауындағы жарқыраған “Құрмет” ордені, “Тың жерлерді игергені үшін”, “Қазақстан Конституциясына 10 жыл”, “Ерен еңбегі үшін” медальдары біздің сөзіміздің дәлелі.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының Президенті мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыс әкімінің марапатына да бірнеше мәрте ие болды. Ол зейнеткерлікке шықса да, әлі де облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүр. Біз арамызда осындай еңбекқор жанның бар екенін әрқашан мақтаныш етеміз.
Серғазы ЖҰМАБАЕВ,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Ақжар ауданы.