«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біздің Әсия

Қазіргі таңда біздің қоғамда ер-азаматтармен бірге иық түйістіре барлық салада жұмыс істеп жүрген әйелдер мен қыз-келіншектер баршылық. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте де рухы мықты, іскер әрі нәзік жандар аз емес. Соның бірі – Әсия Баталова ұжымда зор құрмет пен беделге ие.

Әсия Есіл ауданының Жарғайың ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Қалел Ұлы Отан соғысына қатысып, ел мен жерді жаудан қорғауға өзінің үлесін қосты. Майдангер Берлинге дейін барып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Оның ерлік ісін балалары бүгінгі күнге дейін мақтанышпен айтып жүреді. Анасы Дайша екеуі балаларына тәлімді тәрбие беріп, өмірде өз орындарын табуларына жағдай жасады. Бүгінде құтқару саласында еңбек ететін Әсия өзінің ата-анасы берген тәрбиенің арқасында, Отанының патриот азаматы болып өскенін айтады. 1982 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтын тамамдап, инженер атанды. Алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы “Суперфосфат” зауытынан бастады. Сонымен қатар, еліміздің басқа да қалаларындағы зауыттарда жұмыс істеді. Кейін өмірі басқа арнаға ауысып, ұстаздық қызметте де өзін бірталай сынады.

– Мен үшін бұл күтпеген ұсыныс болды. Өйткені, ұстаз болу менің техникалық мамандығыма мүлде сәйкес келмейтін. Ол кезде көптеген білім ордаларында қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі анық байқалды. Менің қазақ мектебінде алған 10 жылдық білімім өмірімде үлкен рөл атқарды. Балаларды мемлекеттік тілге үйрете жүріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша екінші жоғары білім алдым, – дейді ол.

Бірақ гуманитарлық саладан гөрі, техникалық мамандыққа бүйрегі бұрып тұратын Әсия 2002 жылы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға жұмысқа орналасады. Содан бері, міне, ол аталмыш салада қажырлы еңбек етіп, өз ісінің білікті де білімді маманы атанды. Бұл саланың жұмысы сан қырлы, қызықты әрі қиын, әр адамға жауапкершілік жүгін арқалататынын жақсы біледі. Жүздеген, тіпті, мыңдаған тағдырдың өмірі төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмысының нәтижесіне байланысты екенін түсінетін Әсия Қалелқызы әр іске барынша жауапкершілікпен қарайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінде қиындықтарды еңсеріп, оған қолдау көрсеткен ұстаздары Анна Олейникова, Любовь Ануфриеваға айтар алғысы шексіз. Кейін оның қызметі аталмыш департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту бөліміне жетекшілік етумен жалғасын тапты.

Әсия Қалелқызы әрқашан ана тілінің жанашыры, белсенді насихаттаушысы болды және солай болып қала бермек. Оның бастамасымен ұйымдастырылатын іс-шаралар да аз емес. Көптеген адамдарға қолғабыс етіп, қолдау көрсететін білікті де білімді маманның адамгершілік асыл қасиеттері де ерекше. Ол өзінің ізгі ниетімен әрбіреуіне қиын жағдайда қол ұшын беріп, қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Жауапкершілік жүгі зор салада жұмыс істесе де, ол өзінің нәзіктігімен, сырбаз да сұлу мінезімен ерекшеленіп тұрады. Өйткені, ол шығармашылықпен айналысқанды да жақсы көреді. Әдемі үні, әсем даусының арқасында түрлі байқаулар мен концерттерге қатысып, көрермендерді өзінің тума талантымен таң ғалдырып жүр.

Оның айтуынша, әкесі домбыра тартып, ән айтатын. Анасы да бұл өнерден құр алақан емес. Анасының құрсағында жатқанда оның әсем әндерін тыңдап, бойына сіңіргендіктен, әнге деген құштарлығы ерте оянды.

Талант – шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен берілген табиғаттың сыйы. Студент кезінде “Жас дәурен” студенттік ансамблінің маңдайалды әншісі болғанын ол сағынышпен еске алады. Институттың абыройын қорғау үшін қалалық, облыстық байқауларға қатысып, лауреат атанған. 1981 жылы аталмыш ансамбль Алматы қаласының телестудиясына шақырылып, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев пен режиссер Лұқпан Есеновтің жетекшілігімен Әсияның орындауында “Екі жирен” әнінің жазылғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін ол барлық республикалық телеарналардан берілді. Ол ән айтумен ғана емес, өлең жазумен де айналысады. Жеке шығармашылық кешін де өткізді.

Бүгінде ол өзіне қамқоршы, жанашыр Айжан, Айгүл есімді қыздарын мақтан тұтады. Оларға тәлімді тәрбие берумен қатар, жоғары білім алуларына да барынша жағдай жасауының арқасында үлкен қызы Айжан Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін тамамдап, жапон тілін жетік меңгерген маман, кейін халықаралық қатынастар магистрі атанды. Кіші қызы Айгүл биыл Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіреді. Әсия Қалелқызы қыздарының әрбір құтты қадамына, жетістігіне марқайып, шаттанып отырады.

Бүгінде ол өскелең ұрпақ үшін, әсіресе, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте жұмыс істейтін жастарға өзінің еңбекқорлығымен, талапшылдығымен, жауапкершілігімен үлгі-өнеге көрсетуде. Департаментте өтетін барлық іс-шараларға қатысып, оптимистік көзқарасымен айналасын қуанышқа бөлеуде. “Басқа салаларға қарағанда, біздің қызметіміздің жауапкершілік жүгі ауыр екенін барлығы жақсы біледі. Сондықтан біздер әрқашан халықтың сенімін ақтауымыз керек. Мен өзімнің әріптестерім сияқты Отаныма адал қызмет етуге ант берген болатынмын. Тағдырыма ризамын. Өзімнің күш-қайратымды, көп жылдық тәжірибемді, білімімді шын көңіл, ниетіммен сүйікті ісіме арнаймын”, – деген оның жалынды сөздері біздерге қанат бітіреді.

Наталья ПОПОВА,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің

бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp