
Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Тал шыбықты өскенше қалай мәпелесең, жемісі де соған сай болатыны сияқты, адам баласының ой-түсінігі, қимыл-әрекеті бойына сіңірген тәрбиесіне, алған біліміне байланысты. Бүгінде мемлекетіміз өркениетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлкен мән беріп отыр. Жыл сайын мемлекеттік қордан қомақты қаржы бөлініп, зайырлы елдің ұрпағын тәрбиелеп, заманауи біліммен сусындату үшін стратегиялық жоспарлар жасалып, елдің ертеңін бүгін қалыптастырып жатырмыз. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған “Балапан” бағдарламасының өзі осы бағыттың үлкен жүгін арқалайды. Еліміз егемендік алып, көңіліміз марқайып, қолымыз ұзарғаннан бері қазақ тілінің мәртебесі өсіп жатқандығы баршамызды қуантады. Кеңес одағы кезінде қызылжарлық қазақ балаларына ана тіліндегі балабақшаға баруға мүмкіндік болмаса, бүгінгі жағдай басқаша. Ел тәуелсіздігімен бірге Қазақстанның көк аспанында талай жаңашылдықтардың таңы атты, есесі басқаға кетіп жүрген қазақ үшін жарқын күн туды. Егемендік алғаннан бері біздің облыс орталығының өзінде қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар ашылды. Сондағы бұлақтың бастауы болып алғашқы қабырғасы қаланған балабақша – “Салтанат”. Ол 1991 жылдың қараша айынан бері қаракөздермен қатар басқа этностардың да балаларын бауырына тартып келеді. Мекеменің атын “Салтанат” қоюдың өзінде үлкен мән болғаны сөзсіз. Бұл салтанат құратын дәуірдің басталғанының хабаршысы сияқты. Бұл тәрбие мен білім ошағы Шал ақын, Қожаберген жырау, Сегіз сері сияқты дана бабаларымыздың, бертіндегі Мағжан, Сәбит, Ғабит, Сафуан ағаларымыздың аталы сөздерінің астарын ұғатын ұрпақ тәрбиелеп, қазақ тілінің мәртебесін асырып, елде тәуелсіздік салтанатын құрудың жасыны болсын дегеніміз еді. Бүгінде осы 23 жыл ішінде қаншама бүлдіршін қанына, жанына жақын қастерлі тілінде ой толғап, сөз айтып, еліміздің азаматы болуға лайық бейне танытып жүр.
“Салтанат” балабақшасы бүгінде іргелі мекеме. Ол – аяғын қаз-қаз басқан талай бүлдіршінге рухани нәр берген шаңырақ. Бастапқыда мұнда 10-12 бала топ құрса, бүгінде әр топта 25-28 бала тәрбиеленуде. Әлбетте, алғашқы жылдары мекеменің әдістемелік жоспары мен құрал-жабдықтарында жетіспеушілік болғаны рас. Онда балабақшаның әр қызметкері бүлдіршіндерге жақсы білім мен тәрбие беру үшін бар жігерлерін салып, керек-жарақтарын қолдан жасап, жоқтан бар жасады. Бүгінгі ахуал көз қызықтырады. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Білікті де тәжірибелі тәрбиешілер мен ұстаздар ұжымы қалыптасты. Мекемеміздің бүгінгі жағдайы – ел саясатының ұстанымын қолдап, ұрпаққа жақсы тәрбие беру жолында ерінбей еңбек еткен әріптестеріміздің арқасы. Солардың қатарында Римма Ахметова, Сая Рахметова, Айгүл Нәсілова, Балғын Құттымбетова, Гүлнар Төлешева, Гүлмайра Ақжігітова, Алфера Әбдірахиева, Гүлнар Кеженева, Елена Мустафина сынды талай қызметкерлеріміздің есімдерін атауға болады. Мекемені 2012 жылдан бері Айгүл Нәсілова басқарады. Аталмыш балабақшада жиырма жыл қызмет етіп келе жатқан ол балабақшаның қалай қалыптасқанын, қалай өркендегенін жақсы біледі. Ол, тіпті, балалардың ойлау қабілеттері мен түсініктері жылдан-жылға өзгеріп, заман талабына сай дамып келе жатқанын айтады. Бұл, әрине, мемлекетіміздің жас ұрпаққа жасап отырған қамқорлығының, сала мамандары мен ата-аналардың маңдай терінің жемісі.
Риза ӘБДІРАХМАНОВА,
“Салтанат” балабақшасындағы
№4 топтың тәрбиешісі.