Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,
облыстық мәслихаттың депутаты,
“Нұр Отан” партиясының орталық бақылау-
тексеру комиссиясының мүшесі.
Жаңа Жолдау бұрынғылардың біріне де ұқсамайды. Оны іс жүзінде “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру жоспары десе болады. Осыған байланысты Елбасы “Нұр Отан” партиясына ерекше үміт артады. Осы міндеттемелерді шешу үшін біздерге, нұротандықтарға, партия бірлігін нығайту, бастауыш партия ұйымдарының, барлық деңгейдегі фракциялар депутаттарының қызметін жандандыру, қоғамдық санада Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын қолдауды қалыптастыру қажет.
Барлық дамыған мемлекеттер өз Стратегияларын қолданады. Жолдауда: “ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді” деп атап өтілді.
Және де ең бастысы, Жолдауда баса маңыз берілгені – ол адамның, Қазақстан халқының, оның әл-ауқаты мен болашағының жайы болып отыр. Құжат біздерге – депутаттарға жақын, өйткені ол қазақстандықтардың барлық тұрмыс және қызмет саласын қамтиды, онда жекелеген санаттардың, соның ішінде зейнеткерлердің де тұрмыс деңгейін арттыру мерзімдері анық жазылған. Сайлаушылар өтініштерінің басым бөлігі зейнеткерлер мен мүгедектерден түседі, сондықтан мүгедектігі жөніндегі жәрдемақыны көтеру дер кезіндегі шара болып табылады. Бұл жайында Жолдауда: “Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын” делінген.
Аталмыш санаттағы адамдармен жұмыс жүргізу ерекше назар аударуды және қамқорлықты қажет етеді. Тұрмыс мәселелерін шешуді қажет етушілерге көмегіміз тиіп жатса қуаныштымыз. Әдетте, барлық әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша біз әртүрлі сатыдағы орындарға сұрау саламыз, олардың көбісі қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тиесілі. Мереке Мұхамедияров басшылық ететін ұйымшыл ұжым өтініш-тілектерімізге әрдайым құлақ асады және мұқтажы барлардың бәріне көмек көрсетуге дайын. Міне, тап осылай, жергілікті жерде, сөзбен емес, іспен зейнеткерлер мен мүгедектерге шынайы қамқорлық танылуы тиісті.
Сол сияқты Мемлекет басшысының: “Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс” деген сөзі жаныма жақын.
Жолдаудың әрбір жолы ойластырылған, уақтылы және өзекті. Барлық игі істердің басында біздің Президентіміз тұр. Түркияда туристік жолдамамен болған кезімде ондағы халықтың бізге “назарбаевтықтар” деп жылы шырай танытқаны есімде. Иә, өз Президентіміздің шет жерде қаншалықты танымал және құрметті екенін есту де жанға жағымды екен. Әлем бүгінде Қазақстанның табыстары туралы жиірек еститін болды – оның бәрі Елбасымыздың арқасы. Еліміз өсіп, өркендеп келеді, онымен бірге біз де өсуге міндеттіміз. Стратегиямызды жүзеге асыру Қазақстан тұрғындарының барлық топтарының белсенді қолдауы мен қатысуына байланысты. Әрбір қазақстандықтың үнемі өзін-өзі жетілдіру қажеттігін сезінуі өте маңызды. Бізге “ХХІ ғасырда “жеңіл-желпі жүріп өту” деген болмайды” деп ескертеді. Ал, біз жеңіл жолды іздемейміз де, жұмыстан да қорықпаймыз. Республикамыздың жаңа асуларының алда екенін елдің әрбір тұрғыны біледі.