«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗ МАЛ БАҚҚАН ЕЛМІЗ

Әрбір халықтың ертеден қалыптасқан, өзгеге қарағанда жетік меңгерген кәсібі болады. Өзбек кетпенін алып бау-бақшасын баптаса, қытай күрішін еккен, ал қазақ атам заманнан бері отар толы қой, үйірімен жылқы, қора-қора сиыр ұстаған. Бір-бірімен көріскенде: “Мал-жан аман ба?” – деп хал-жағдай сұрасуының өзі біздің халық үшін төрт түліктің қадірі қаншалықты екенін аңғартып тұрғандай.

“Аймөлдір” шаруа қожалығының басшысы Бәделхан Семейханұлы – Моңғолия елінен атамекенге қоныс аударған қандастарымыздың бірі. Қазіргі таңда Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында атакәсіпті нәсіп қылып отыр. Көрген адам көркем табиғатына тамсанбай тұра алмайтын бұл өңір суы бал татыған өзен-көлдерге, шөбі шүйгін жайылымдарға да бай. 2000 жылдардың басында туыс-туғанын бастап, Қазақстанға табан тірегенде көп ойланып жатпастан, мал сатып алып, отбасылық кәсібін бастап кеткен болатын.

– “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз”, – деп келетін Қазыбек бидің айтқандары бар ғой. Көшпенді қазақ қайда жүрсе де кәсібі бір. Моңғолия қазақтары әлі күнге дейін мыңғырған қой бағады, үйір-үйір жылқы өрістетеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мал басы азайып кеткені анық. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде ұжымдастыру деген желеумен қазақты қорадағы төрт түлігінен айырып, ашаршылыққа ұшыратты. Соғыс үшін деп тағы сойылды. Осының бәрі қазақтың байлығын ортайтып кетті, – дейді кәсіпке де, тарихқа да жүйрік Бәделхан Семейханұлы.

Жер шары тұрғындарының саны көбейген сайын әлемде азық-түлікке деген сұраныс артып, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға даңғыл жол ашылып отыр. “Аймөлдір” шаруа қожалығының 200-ден астам қой-ешкісі, 150-дей сиыры өрісте жүр. Соңғы жылдары Қамбар ата тұқымын да көбейтпек ниетпен жылқы сатып алған, қазіргі таңда саны 50-ге жақындап қалған екен. Бала күнінен қозы-лақ бағып өскен азамат атакәсіптің қыр-сырына жетік, сондықтан мал басын әлі де көбейте түспек ойда. Ол үшін 200 басқа арналған қора салмақшы. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, арзан несие алмақ ойы бар.

Шаруа қожалығы – әулеттің отбасылық кәсібі. Бәделхан Семейханұлы бас болып, төрт ұлын жанына топтастырған. Ауылдағы жамағайыннан 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ағайын тату болса, ас та көбейеді, абырой да асқақтайды. “Ауылда жұмыс жоқ”, – деп қол қусырып отыратындар бұл әулеттен емес. Таңертең және кешке сиырды қолмен сауады. Жұмысты әйелдікі-еркектікі деп бөлу жоқ. Бәрі жұдырық болып жұмыла кіріскендігінің арқасында тәулігіне жарты тонна сүт сауып, зауытқа өткізеді екен.

– “Әкеге қарап – ұл, анаға қарап қыз өседі”. Қазақ осы күнге малының арқасында аман жетті. Сондықтан оның қадірін қазіргі ұрпақ та білсін деп, ұлдарыма атакәсіпті үйретіп келемін. Аттың қай жағынан мінетінін білмейтін жігіттерді көргенде, жаным ашиды. Көшіп келген кезде қаракөздері аздау ауылға қоныстандық, әртүрлі кедергілер де болғаны рас. Бірақ еңбектің арқасында бәрін еңсердік. Шаруашылыққа “Аймөлдір” деп жалғыз қызымның атын бердім. Малды төлдету, сиырларды сауу жұмыстарын зайыбым Қарлығаш басқарып, маған көп көмек көрсетеді, – дейді шаруашылық басшысы.

“Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” бағдарламасы ауылдық жерлерде Зеңгі баба тұқымын өсіруді кәсіп қылып отырған тұрғындарға көп демеу болды. “Аймөлдір” шаруа қожалығы жыл сайын қара күзде мал әбден семірген тұста 50 бұқаны етке өткізеді. Құнарлы шөп жеп өскен малдың экологиялық таза етін сатып алушылар әр кез табылады. Бағасы да жақсы.

Қазақтың ұлан-ғайыр жері, ауыл шаруашылығына ыңғайлы климаттық жағдайы бар. Бүгінде соны тиімді пайдаланудың маңызы артып отыр, арамшөп басып жатқан алқаптарға егін егіліп, мал жайылса игі. Қазақстанда – 180 миллион гектардай жайылым, 25 миллион гектар егістік бар екен. Бұл бізде ғана бар байлық. Соны Бәделхан Семейханұлы сияқты еңбекқор азаматтар кәдеге жаратуы қажет.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp