Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттік биліктің шегін анықтайтын, жеке адамның құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған басты құжат.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін екі жыл өткен соң, яғни 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң он екiншi сайланған тоғызыншы сессиясында тұңғыш Конституция қабылданды. Ал бұған дейін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясы қолданылып келген болатын.
Заман өзгерген сайын қолданыстағы заңнамаларға да өзгерістер енгізілетіні сөзсіз. Бұл мемлекеттің өркендеуіне, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуына жол ашады. Осы орайда Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Ата Заңның қабылдануының алдында Конституцияның жобасы халық арасында кеңінен талқыланды. Бұл Конституцияның 1993 жылғыдан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілді.
Біздің Конституциямыз “Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…” деп басталады. Бұл Қазақстанда тұратын барлық азаматтардың орныққан саяси келісімінің негізі болып табылады. Осы жерде “Қарапайым азаматтар үшін Қазақстан Конституциясы нені белгілейді?” деген сұрақ туады. Бәрінен бұрын, Ата Заң құқықтық мәртебемізді айғақтап, негізгі құқықтарымыз бен міндеттерімізге кепілдік береді. Қазақстан – ел аумағын жайлаған ұлт пен ұлыстың Отаны. Ендеше, олар үшін қоғамдық және саяси өмірдің негізін белгілеген басты заң – Қазақстан Конституциясы да ортақ. Сондықтан да Қазақстан аумағында тұратын әрбір адам Конституция нормаларын білуге және оны құрметтеуі тиіс.
Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, барлық заңдардың бастауы да болып табылады. Конституцияда адамның бас бостандығы, жеке өмірінің құндылығы, сондай-ақ, билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Дүниежүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы – қоғам дамуының айқын көрінісі. Сондықтан да құқықтық мемлекетіміздің азаматтарының Отан алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орындарда тұруы қажет. Содан да Конституцияға сәйкес мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық.
Елбасы белгілегендей, Конституция қоғамның дамуына зор үлесін қоса отырып, азаматтық қоғамның тұрақты дамуын қадағалап отырады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің саяси жүйесі Конституцияға сәйкес қайта реттелді. Конституция халықтың еркіндігін жоғары қойып, жаңа мыңжылдықта құқықтық нигилизм бағытында тоталитарлық жүйені артта қалдырды.
Елбасымыздың Ата Заңымыз – Конституцияның қабылдануына зор үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. 2007 жылғы 21 мамырда “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының №254-III Заңы қабылданды. Осы заңның негізінде Конституциямызға елеулі оң өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсам, 2-бапта: “Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады” деп айқын көрсетілген. Сонымен қатар, басқа да көкейкесті өзгерістер енгізілді. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ұмытпауымыз керек.
Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы өзінің егемен құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Конституцияда қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық. Бүгінде Ата Заңымыздың 20 жылдығын тойлай отыра, әр азамат осыны жете түсінері сөзсіз.
Асқар ПАРМАНОВ,
№2 Айыртау аудандық сотының судьясы.