«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов кезекті аппараттық кеңес басталмас бұрын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен Солтүстiк Қазақстан облысының прокуроры мiндетiн уақытша атқарушы болып тағайындалған Тимур Ғазизбекұлы Тәшiмбаевті таныстырды.

Т. Тәшімбаев С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiн “Құқықтану” мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық прокуратурасында тергеушiнiң стажері қызметiнен бастаған. Бұдан кейін жергілікті прокуратураның тергеушiсі, прокурордың көмекшiсi болып iстеген. Сондай-ақ, Алматы облысының Iле ауданында прокурордың көмекшiсi, аға көмекшiсi, прокурордың орынбасары қызметтерiнде болды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында түрлi қызметтердi атқарды. Алматы қаласының Бостандық және Түрксiб аудандарында прокурор, Астана қаласында прокурордың орынбасары болған. 2007 жылдан 2012 жылға дейiн Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi сот қызметi және құқық қорғау мәселелерi жөнiндегi бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары қызметiн атқарды. 2012 жылдың сәуiр айынан бастап, осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жедел iздестiру қызметiнiң заңдылығын бақылау департаментiнiң басшысы болып жұмыс iстедi.

Аппараттық кеңес барысында мемлекеттiк қызметшілердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгін арттыру өңірлік орталығының өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланды.

– 2016 жылы өңірдегі орталықта қайта даярлау мен бiлiктiлiктi арттыру курстарынан 1383 адам өттi, олардың 1324-і – мемлекеттiк, 59-ы – азаматтық қызметкер. Қайта даярлаудан өткен 400 адамның 299-ы – алғаш рет мемлекеттiк қызметке қабылданғандар, олардың 101-i басшылық лауазымдарға тағайындалды, – дедi мемлекеттiк қызметшілердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгін арттыру өңірлік орталығының директоры Сабыр Ыбыраев.

2016 жылдың есептi кезеңiнде орталықта 49 оқыту семинары, алғаш рет мемлекеттiк қызметке қабылданғандар мен басшылық лауазымдарға тағайындалғандарға арналған 9 курс, бiлiктiлікті арттыру бойынша 40 семинар өткiзiлген.

Сондай-ақ, жиын барысында 2016-2019 жылдарға арналған бiлiм мен ғылымды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын кезең-кезеңмен жүзеге асыру мәселесі де қарастырылды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp