Аудан тұрғындары арасында сұранысқа, құрмет пен беделге ие болған басылымдар – әрине, “Вести” және “Мағжан жұлдызы” газеттері. Ал ширек ғасырдан астам уақыт бойы шығармашылық ұжым тізгінін ұстап келе жатқан Неля Гончар – ауданымыздағы беделді адамдардың бірі.
1945 жылы облыс орталығында дүниеге келген ол Петропавл есеп-экономикалық техникумында “Ауылшаруашылық өндірісінің есепшісі” мамандығын игерген. Дипломын құшақтаған жас маман еңбек жолын бұрынғы Булаев (қазіргі М.Жұмабаев) ауданындағы “Қазақстанның 40 жылдығы” кеңшарының Писаревка бөлімшесінде бас есепші болып бастаған. Кейін облыс орталығында “Орыс тілі мен әдебиеті” мамандығын меңгеріп, білімін жетілдірген. Осылайша, мамандығына сәйкес Писаревка орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Өзінің өмірлік жары Анатолий Ивановичті де осында жолықтырып, көңілдері жарасқан қос ғашық көп кешікпей шаңырақ көтереді. Ал 1965 жылы жас отауда Игорь есімді ұл дүниеге келіп, жас ата-ана үлкен қуанышқа бөленеді.
Содан отбасылық жағдайына байланысты Булаево қаласына көшкен Неля Федоровна №1 Булаев орта мектебіне қызметке орналасып, аталмыш білім беру ордасында табандай 16 жыл бойы ұстаздық қызметін атқарып, оқушыларды білім нәрімен сусындатқан. Ұстаздық жолындағы еңбек өтілінің 9 жылын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі лауазымына арнаған талапты да жауапты ұстаздың жан-жақтылығы, белсенділігі мен орындаушылық қасиеттері жергілікті партия өкілдері тарапынан жоғары бағаланып, 1980 жылы Неля Гончар аудандық партия комитетінің саяси оқу кабинетіне ауыстырылады. Кейін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып, 9 жыл бойы мол тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, ол бірнеше рет аудандық деңгейдегі депутат болып сайланады.
Еңбек жолында әр салада қызмет атқарып, үлкен тәжірибе жинаған Неля Гончар 1989 жылы аудандық “Путь Ильича” газетінің бас редакторлығына тағайындалады. Ол кезде газет редакциясы екіқабатты ғимаратта орналасқан еді. Ғимараттың бірінші қабатында баспахана, ал екінші қабатында редакция орналасқан газет ұжымында қырыққа жуық адам еңбек еткен. Тоқсаныншы жылдар барлығына оңай болмағаны есімізде. Алайда, әртүрлі ғимараттарды жалға алып, көшіп-қонып жүрген ұжым тағдырдың соққысына мойымай, газет шығаруды тоқтатпады. Аудандық газет редакциясын осындай ауыр жағдайдан сүріндірмей алып шығу жолында Неля Гончар іскерлік-ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Ол басқарған газет ұжымы ауданның сол кездегі барлық тұрмыс-тірлігін қамтып, өте жауапкершілікпен, зор белсенділікпен жұмыс істеді. Басшының есеп-қисап пен экономикадан хабары барлығы, оңайлықпен жеңіле қоймайтын қайсар мінезі мен байсалдылығы игі әсерін тигізді.
Аудандық газет күлден қайта жаралған ғажайып Феникс құсындай жандануы үшін, ең алдымен, әбден тозығы жеткен әріп теретін ескі линотип пен баспа машиналары мен олардың құрал-жабдықтарын жаңарту қажет болды. Бұларды да кезегімен жаңарту Неля Федоровнаның еншісіне бұйырған еді. Осы кезеңде ол қараңғыда шырпы жарығымен жол іздегендей күй кешті. Себебі, бұған дейін қарапайым қағаз бен бояу сияқты материалдардың жетіспеушілігінен редакцияның өз баспаханасы жұмысын тоқтатқан болатын. Сондықтан газеттің нөмірлері облыс орталығындағы баспаханада жарық көріп отырды.
1994-1995 жылдары жаңа технологияларға көшкен аудандық басылым газет нөмірін заманауи компьютерде тере бастайды. Бұл құрылғының ол кезде жаңа шығып жатқан уақыты еді. Әйтеуір, сәті түсіп, редакция бір компьютер сатып алады. Сөйтіп, газеттің техникалық базасы да жақсарды. Шығармашылық топ қажетті жаңа заманғы құралдармен қамтамасыз етілді. Араға екі жыл салып, газет ескі атауын “Вести” атына өзгертсе, 2002 жылы басылым “Газета “Вести” ЖШС-нің құрамына кіреді. Осыдан бастап газеттің таралымы өсе бастайды. Егер де аталмыш аралықта басылымның таралымы 400 дана болса, бүгінгі күні ол 5 мыңға жетіп отыр. “Мағжан жұлдызының” таралымы да өсіп келеді.
25 жылдан астам уақыт бойы аудандық газет редакциясын басқарып келе жатқан Неля Федоровна бәрімізге абыройлы басшы әрі тәрбиеші бола білді. Ол ұжымның ұйымшылдығына, ауызбіршілігіне, өзара түсіністікте еңбек етулеріне айрықша назар аударды. Әрбір қызметкердің отбасы жағдайын да зерделеп отырған басшының арқасында айлық еңбекақының көлемі де өсіп, уақтылы беріле бастады. Тіпті, ол кісі екі газет ұжымындағы жас кадрлардың жоғары білім алуларына септігін тигізіп, мамандардың біліктілікті арттыру курстарына жүйелі түрде барып тұруына түрткі болды. Қазіргі таңда екі газеттің редакциясы жаңа компьютерлермен, жиһаздармен және жұмыс кабинеттерімен толық қамтамасыз етілген.
Баспасөз саласындағы еңбегі еленген Неля Гончар “Тәуелсіздіктің 10 жылдығы”, “Тәуелсіздіктің 20 жылдығы” мен “Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл” мерекелік медальдарымен, “Еңбек ардагері” медалімен, облыс, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың көптеген грамоталарымен марапатталған.
Басшымыздың алға қойған межелері көңіліңе қызығушылық ұялатады. “Ойың тоқырап қалмауы үшін өмір бақи оқып-ізденгенің игі, тілші барлық мамандықтың сырына қанығуы, дәуірдің жүрек лүпіліне терең үңілуі тиіс, онсыз ол өмір ағымынан қалып қояды”, – дейтін Неля Федоровна ұжымы алдында осындай қасиеттерімен, ақ, адал пейілімен қадірлі.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Мағжан Жұмабаев ауданы.