«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ КАДРЛАРМЕН ТОЛЫҚПАҚ

“Нұр Отан” партиясы кадрлық резервті қалыптастыруды қолға алды. Бұл жайында жергілікті БАҚ өкілдеріне партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов хабарлады.

Кадрлық резерв тәжірибелі партиялықтардан, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен белсенді жастардан, сондай-ақ, партия жақтастары есебінен жасақталатын болады. Басты мақсат – партия қатарын білікті және кәсіби кадрлармен толықтыру. Елбасының тапсырмасы бойынша республикалық және облыстық деңгейде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын көзден таса қылмайтын нұротандықтар үшін тың күш қажет-ақ.

Осы орайда “Партиялық кадрлық резерв туралы” ережеге сәйкес партия мүшесі емес, бірақ оны белсенді қолдаушыларды да резервке іріктеу мүмкіндігі қарастырылған. Партия мүшесі емес жақтастардың кадрлық резервтегі саны 10 пайыздан аспауы тиіс. Кадрлық резерв республикалық және аймақтық деңгейлерде бекітіледі.

Партиялық кадрлық резервті қалыптастыру үш ай бойы өтеді. Қазіргі уақытта аймақтық резервке іріктеу басталды.

Оған мәслихат депутаттығына, аймақтық саяси кеңестер, партиялық бақылау комиссиялары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер және партияның басқа да органдарының мүшелігіне кандидаттар іріктеледі. Әр ауданнан – 10, қаладан – 12, облыс орталығынан 25 кандидат қажет. Партияның аймақтық кадрлық резервіне жалпы республика бойынша шамамен 3 мың адам енетін болса, оның 47-сі солтүстікқазақстандық болады деп күтілуде.

– Республикалық резервтің негізі аймақтық резервтегілер болып табылады. Аймақтық партиялық кадрлар резервіне ену үшін кандидаттар 3 сатылы іріктеуден өтеді. Кандидаттардың кәсіби, партиялық және жеке сипаттары тексеріледі. Мысалы, партия мүшелігі бойынша өтілі, жұмыс өтілі, білімі, партиялық қызметтегі сіңірген еңбегі назардан тыс қалмайды, – деді Артур Молдағұлов.

Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын теріс қылықтарының, алынып тасталмаған партиялық жазаларының болмауы жөніндегі талаптар әр деңгей үшін міндетті

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp