Елбасы Қазақстанның алдағы даму жолын сайлау алдындағы бес реформамен байланыстырды. Бұл реформалар нені көздейді? Ұлтты жаңғыртуды. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Осы орайда біздің не істеуіміз қажеттігін айқындаған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға баса назар аударылған.
Елбасы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру арқылы елдің орнықты өсімі мен тұрақтылығы қамтамасыз етілетінін айрықша атап айтқан болатын. Барынша объективті және абырой-беделі кіршіксіз болуға тиіс кадрларды іріктеу және жоғарылату механизмдерін жетілдіру мақсатында мемлекеттік қызметтің моделін және қызметкерлердің олардың нәтижелеріне байланысты еңбегін төлеуді жаңартуға, тағайындаудың патронатты жүйесін жоюға күш салу қажет. Мемлекеттік қызметке іріктеудің мөлдірлігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің қызметін сапалы бағалауды енгізу, оларды оқыту және ынталандыру жүйесін дамыту мәселелері жан-жақты пысықтауды және кешенді тәсілдерді талап етеді.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің дайындық сапасы мен кәсіби біліктілігін арттыру мамандардың әлеуетін іске асырудың маңызды факторларының бірі болып отыр. Алға қойылған міндеттерді тиімді іске асыру үшін шығармашылық, ұйымдастырушылық және ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Басым міндет – талантты мамандарды анықтау ғана емес, оларды қолдау, халыққа адал және кәсіби түрде қызмет етуге шешім қабылдағандардың барлығының әлеуетін ашуға жағдай жасау. Яғни, мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндік берілетін әділ қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби аппаратын құру барысында олардың жалақысын да бәсекелестік жағдайға жеткізу қарастырылған. Шамамен алғанда, ол жалақы мөлшері жеке сектордағының 70 пайызына жуықтауы мүмкін. Алайда, бұған қосылатын үстемеақыларды әрбір орган өз ішінен табуы керек. Бұл – министрлер мен ведомстволар басшыларына бюджет мәселесін өздері шешуге мүмкіндік жасалады деген сөз. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыстардың басым бөлігі жергілікті атқарушы орган ретінде аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі құрылымдық бөлімшесіне түсетін болады. Яғни, барлық мемлекеттік органдар үшін қызметкерлерді құрылымдық бөлімше өзі іріктеп беріп отырады.
Бүгінгі уақытта аудандық мемлекеттік органдарда 131 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде мемлекеттік қызметтегі кейбір жекелей мамандарды қажет ететін орындарға кадр жетіспейді. Атап айтсақ, жаңадан ашылған ветеринария бөлімінде арнайы маманның жоқтығынан олардың орны бос тұр. Алдағы уақытта кадр даярлауда әр мемлекеттік органнан тапшы мамандықтар бойынша тапсырыс алу арқылы грант бөлінсе деген ұсынысым бар. Осындай жүйелі жұмыс бос орындарды анықтап, оған білікті кадр әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кәсіби мемлекеттік аппарат құруға жол ашады.
Сәуле БЕЙСЕМБАЕВА,
Ақжар ауданы әкімі аппаратының басшысы.