Жыл сайын еліміз 23 маусым күні мемлекеттік қызметшілер күнін атап өтеді. Елбасымыз жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі “100 нақты қадам” бағдарламасының ойдағыдай орындалуы осындай құрмет көрсетілген мемлекеттік қызметшінің тұлғасына, адалдығына, кәсібилігіне байланысты. Сондай-ақ, “Қазақстан – 2030” Стратегиясында көрсетілген дамыған елдердің отыздығына кіру мақсатының орындалуы да – мемлекеттік қызметшілерге жүктелген маңызды міндет.
Бірінші институттық реформаның қажеттілігін атап өткен Елбасы мемлекеттік басқару жүйесіндегі осал тұстарды көрсетіп, қуатты және мықты ел болу тек заманауи, кәсіби мемлекеттік аппаратпен ғана мүмкін екендігін ашық айтты.
Мемлекеттік аппараттың “жүйелік ауруына” “қамқоршылардың” өз жанына кәсібилігіне қарап емес, жершілдік қағидаты бойынша туыс-туған, жақындардан құралған топты жинауын жатқызуға болады. Түрлі деңгейдегі жекелеген шенеуніктердің осындай біліксіздігінен маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар ақсайды. Мұндай жүйеде сүйеніші, тіреніші жоқ адал қызметкердің мансаптық өсуіне кедергілер көп болады. Сол сияқты, “қамқорлықтың” бұл түрі жемқорлықтың өркендеуіне жол ашып, кадрлық әлеуетті төмендететінін де айта кетуіміз керек.
Басқарушылық жүйені жаңғырту жөніндегі шаралар мемлекеттік қызметке үміткерлерді төменгі лауазымдардан іріктеп, олардың мансаптық өсу жолын кәсібилік негізде ілгерілету сияқты үдерістерден тұрады. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке үш деңгейлі кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталық болмақ. Бұл жаңа өзгерістер “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңмен бекітіліп, барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметшілеріне таралатын болады. Бірінші рет мемлекеттік қызметке келгендерге міндетті сынақ мерзімінің ұзақтығы 3+3 формуласы бойынша өзгертілмек (шектік бақылау тиісінше үш және алты айдан кейін).
Еңбекақының төмендігіне байланысты мемлекеттік қызмет – экономиканың әлі де аса қызығушылық тудырмайтын секторы. Бұдан шығар жол мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішіне байланысты болмақ. Әр жылдың қорытындысы бойынша экономикадағы көрсеткіштері мен жеткен жетістіктеріне қарай саяси қызметшілер үшін бонустар, әкімшілік қызметшілер үшін сыйақы қарастырылмақ.
Мемлекеттік қызметшілер үшін бағалау өлшемі – жылдық жеке жоспарларды, мемлекеттік органдар үшін стратегиялық жоспарларды орындау болмақ. Министрлер мен әкімдер мемлекеттік қызметтің, халықтың өмір сүру сапасы, инвестиция тарту секілді арнайы индикаторлар бойынша бағаланатын болады. Ал Үкімет мүшелері интегралдық макроэкономикалық индикаторлар арқылы бағаланады.
Бағдарламада меритократия қағидаттарын нығайту және аталмыш салада заңсыздықты болдырмау жөніндегі қадамдар қарастырылған. “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді жоғары тұрған лауазымдарға ілгерілету төменгі лауазымда отырған қызметшілер есебінен конкурс бойынша жүргізіледі.
Осылай мемлекеттік қызметтің ағымдағы позициялықтан мансаптық модельге көшуі жүргізілмек. Әр жетекші төменнен бастап, барлық басқарушылық баспалдақтан өтуі тиіс.
Сонымен қоса өркениетті елдер сияқты мемлекеттік қызметті жаңғыртуда жекелеген лауазымдарға жеке сектордан және шетелдік менеджерлер арасынан талантты мамандарды ерекше талап бойынша іздеп, тарту да көзделген.
Алмастыру бойынша өзге өңірлерге жіберілген “А” корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндетін атқаратын уақытта міндетті түрде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік баспана беріледі.
Жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін әзірлеу қарастырылған. Этика мәселелері жөніндегі уәкілетті лауазым да енгізілмек.
Қадамдардың бірі – мемлекеттік қызметшінің біліктілігін үш жылда бір рет ұдайы арттыру жүйесі заңнамалық тұрғыдан бекітілуге бағытталған.
“Мемлекеттік қызмет туралы” жаңа Заң қабылданғаннан кейін жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудан өткізу, біліктілік талаптарын күшейту және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланған.
Енді басқарушылардың білек сыбана жұмыс істеуіне тура келеді. Себебі, олардың кірісі жолдың, салынған үйдің, әлеуметтік ортаның, зейнеткерлер мен мүгедектердің қамтамасыз етілу сапасына және мемлекеттік органдардың жұмысының нәтижесін сипаттайтын өзге де факторларға тәуелді болмақ.
Менің ойымша, Ұлт жоспарының қадамдарын орындауға барлық қазақстандықтар белсене атсалысуға тиіс. Жоғары өмір сапасын қамтамасыз ету жалпыхалықтық міндет болғанда ғана айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Шыңғыс ҚАБДУЛА,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.