«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Мал шаруашылығы атакәсібіміз ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Мал басының басым бөлігі, яғни 80 пайыздан астамы қосалқы шаруашылықтарда шоғырланғандықтан, Елбасы тапсырмасымен оларды кооперативтерге біріктіріп, оңтайландыру шараларының қолға алына бастауы өте құптарлық. Осы орайда, болуы мүмкін қателіктерге бой алдырмау үшін бірнеше алғышарттарды ескерген жөн. Олардың ішінде бірінші кезекте кадр мәселесіне айрықша назар аударғым келеді. Экономиканың қай саласын алсақ та, қаржыны тиімді игеретін де, ғылым жаңалықтарын енгізетін де – білікті мамандар.

Бұл мәселе ауыл шаруашылығы үшін әлі де өзекті проблема болып есептеледі. Саланы реформалауда кейбір ұшқарылықтар жіберілуі салдарынан тәжірибелі кадрлар басқа жұмыстарға ауысып, жоғары және арнаулы орта білімді мамандар 40 пайызға дейін азайып кетті. Аға буын ізбасарларын даярлау, орналастыру, тұрақтандыру күрт төмендеді. Осындай себептерден ауыр еңбекті, көп мехнатты талап ететін ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығына қызығатын жастар қатары сиреді. Бұрындары ауыл шаруашылығы мамандықтарында ұлдар жағы басым болып келсе, қазір қыздардың үлесі – 70-80 пайыз. Олардың көпшілігі елді мекендерге барып, жұмыс істегілері келмейді. Өйткені, мамандардың жайлы баспанамен қамтамасыз етілмеуі, жалақының төмендігі, еңбек ахуалының нашарлығы сияқты жағымсыз факторлар толық жойылған жоқ. Сондықтан аграрлық секторды білікті мамандармен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын тиімді жүйені жалпы мемлекеттік міндет ретінде айқындап алуымыз қажет. Ол үшін мектептен бастап балаларды белгілі бір мамандыққа бейімдеу саясаты қолға алынса, ал ғылыми-зерттеу институттарында, ауыл шаруашылығы факультеттерінде, колледждерінде кіші аграрлық академия, жас фермерлер мектебі бағдарламалары енгізілсе, құба-құп болар еді.

Жасыратыны жоқ, ауыл еңбеккерлерінің инновацияға, ғылыми-техникалық жетістіктерге құштарлығын, белсенділігін арттыру жайы да назардан тыс қалып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында білім таратудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы жете ескеріле бермейді. Білім беру тек жоғары оқу орындарымен шектеледі деген түсінік әлі басым. Сондықтан сабақтастық дәстүрін қайта жаңғырту үшін жүйелі түрде үздіксіз білім беру, кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттырмай болмайды. Жаңа заманға сай инновациялар жүзеге асырылып жатыр дегеннің өзінде, ауылдарда дәстүрлі технологиялар сақталып қалғанын, бастауыш кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс көп екенін жете ескерген жөн. Кез келген елдің аграрлық экономикасының негізгі тұтқасы саналатын қарапайым шаруа адамының жұмыс дәрежесі мен мәртебесін көтеру де – көкейкесті мәселелердің бірі.

Қазіргі кезде бұл бағыттағы іс-шараларды жандандыруға “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлік палатасының құрамындағы “Агробіліктілік” орталығы тартылып отыр. Ел тұрғындарының 18 пайызы ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысатынын, 190 мыңнан астам шаруашылықтар барын ескерсек, “Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас” деген нақыл еске еріксіз оралады. Меніңше, ауылдық жерлерде консультативтік-ақпараттық кеңес беру және білім тарату орталықтары құрылса, ұтарымыз көп болмақ.

Аудандарда орналасқан ауыл шаруашылығы колледждері базасында білім тарату, фермерлерге консультативтік-ақпараттық қызмет көрсету орталықтарын ашу орынды. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек қаласында шетелдік инвесторлар кеңесі арқылы “Филип Морис” компаниясы құрған агро-бизнес орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Осы үлгіні кеңінен таратып, жақсы тәжірибелерін пайдалану керек.

Келесі маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін көтеру, жұмыс тиімділігін арттыру. Өкініштісі сол, көп еңбек күшін қажет ететін мал шаруашылығы инвестициялық­ технологиялық жаңалықтарға өте зәру. Бүгінде адамдарды ауыл шаруашылығымен айналысуға ынталандыру түрлі жеңілдікті бағдарламалар мен субсидиялар арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Демеуқаржының пайдасымен бірге зиянды жақтары барын да ұмытпаған дұрыс. Бұл жағдайда қаржы мәселесі бірінші орынға шығып, шаруашылықты инновациялық жолға түсіруге деген ұмтылыс кейінге шегеріліп жататыны бар. Бұл жерде демеу-қаржы беру бағдарламалары ғылыми-инновациялық жұмыстармен ұштастырыла, бірге жүргізілсе дұрыс болар еді. Өйткені, қаражат алған адамға оны қалай тиімді пайдалануға үйретпей, белгілі бір технологияларға икемдемей және нәтижеге мақсаттандырмай бере салған демеуқаржының қайтарымы төмен болатынын тәжірибеден жақсы білеміз.

Қазір жер-жерлерде кооперациялар құрылғанымен, науқаншылық сарын басым болып бара жатқан сияқты. Ауылдық жерлерді аралағанда бір байқағанымыз, әңгіме желісі негізінен қаржыландыру төңірегінен әріге аспай жатады. Көпшілігі кооператив құрудың негізгі мақсатын, тәртібін, жұмыс істеу ережесін жете біле бермейді. Тіпті, сүт өндіремін деп мақсат қойған бірқатар кооператив мүшелері малдың сүтті және етті бағыттағы тұқымдарының аражігін ажырата алмаса, не үміт, не қайыр? Кооператив құрамын деушілер алдымен арнаулы дайындықтан өтіп, бизнес-жоспарын құрып, оны жақсы қорғаған жағдайда ғана іспен айналысса, ғылыми консалтинг беретін мекемелермен бірлесіп атқарса, абзал болар еді. Қазір негізгі жұмыс “Қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы жүргізіліп жатқанымен, нәтижесі қалай болары белгісіз.

Кооператив құруға оның басшыларының білікті болуы ғана жеткіліксіз. Осындайда мал шаруашылығы кооперативтері сапалы азық қорын қалай құрады деген сауал көлденеңдейді. “Сиырдың сүті тілінде” деп аталарымыз тегін айтпаған. Жеке қосалқы шаруашылықтарда шырынды жемшөп пен құрама азық тапшы. Соның салдарынан сүттегі ақуыз мөлшері 3 пайыздан төмен болып, тіпті, сары ірімшік алуға да жарамай қалады. Сондықтан белгілі бір аумақта орналасқан мекемелер шаруааралық кооперация жасап, бірін-бірі қажетті өніммен қамтамасыз етуге бейімделіп жатса, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу жеңілдейді. Кейбір ірі шаруашылықтар арасында сүрлемнің бірнеше жылдық қорын жасап қойып, жүгері егуден бас тартқандары кездеседі. Сүрлемді өздері үшін ғана дайындамай, басқаларға да сатумен айналысса, қандай ғажап! Ауыл шаруашылығы өндірісін дұрыс жоспарлай алмағандықтан, шегіп жатқан зиянымыз көп. Негізгі дақыл бидайды өсіре бергендіктен, ауыспалы егіс жүйесі өрескел бұзылады. Септориоз, қоңыр дат аурулары қаптап кетті. Көп және біржылдық мал азығы дақылдары егіліп, тиімді ауыспалы егіс технологиясы жүргізілсе, сапалы бидайымыз да, мал азығымыз да жеткілікті болары анық. Мал азығын әзірлегенде азықтандыру технологиясын да қатаң ескеру қажет. Өйткені, желіндеген немесе сауылған малдың талғамы әртүрлі. Өнім сапасының төмен келетіні де сондықтан. Міне, кооператив құрған кезде осындай ғылыми ұсыныстарға жүгінген жөн.

Тағы бір ескеретін нәрсе, белгілі аймақтардың табиғи климаттық жағдайларына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізу картасын жасау керек. Кооперация құрғанда осыны ескерген дұрыс. Халқы аз, шалғай жерлерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі, әсіресе, бақташыларға деген зәрулік бар. Осындай жағдайларда Үкімет тарапынан бақташы иттер дайындау, электр жайылымдарын құру секілді бағдарламалар құрған тиімді.

Қалай десек те, аграрлық ел екенімізді естен шығармауымыз керек. Көне заманнан бастап біздің ұлан-ғайыр жерімізде ата-бабаларымыз мал шаруашылығының тиімді жүйесін қалыптастырған. Дәстүрлі кәсіпті заманауи технологиялармен астастырып дамытатын білікті мамандар дайындай білсек, етті де, сүтті де, теріні де, жүнді де экспорттайтын мемлекетке айналатынымыз сөзсіз.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

Солтүстік Қазақстан

мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp