«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ МАМАНҒА СҰРАНЫС ЗОР

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізді одан әрі нығайтуға, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге төтеп беруге, әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылуға бағытталған жүз нақты қадам жоспарын белгілеп берді. Онда экономиканың негізгі салаларына білікті кадрларды даярлап, кейін бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарында тарату міндетін қойды.

Өйткені, елімізге тұрақты негізде еңбек ететін білікті және кәсіби мамандар ауадай қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі оқу-өндірістік үдерісіне дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін енгізудің барынша тиімді жолдарын қарастырып, оны жүзеге асыруды қолға алды. Дуалдық оқыту арқылы студенттер оқу үдерісінің басынан бастап кәсіпорын жұмысшысы ретінде өндіріске кірісіп, қызметтік міндеттерге сәйкес бөлінген ресурстарды басқарып, лауазымдық жауапкершілікке ие болады. Сонымен қатар, кәсіптік біліктілік пен дағдыларды меңгере жүріп, белгіленген жағдайларда жалақы да ала алады.  

Колледжде кадрларды даярлау екі деңгейде жүзеге асырылады. Бірінші деңгейде – жаппай жұмысшы мамандықтары, екіншісінде орта буын бойынша кадрлар даярланады. Еңбек нарығы, экономика және жалпы қоғамның бүгінгі талаптарына сәйкес кәсіби білікті кадрларды даярлауды жүзеге асыру мақсатында бірнеше білім беру буындары енгізілген. Мәселен, кадрларға теориялық және тәжірибелік білім беретін оқу-өндірістік үдеріс колледж шеберханаларында, цехтарында және зертханаларында, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестіктер базаларында жүргізіледі. Онда дуалдық оқытумен қатар, басқа да икемді (қашықтықтан, электрондық, қысқамерзімді оқыту) білім беру тәсілдері іске асады. Студенттердің қолданбалы қолөнер шығармашылықтарын дамытуға арналған ағаш ою, дәнекерлеу, әрлеу материалдарының жаңа түрлерімен жұмыс істеу бойынша үйірмелер бар.

Білім ошағында жастардың өз қажеттіліктеріне пайдалана алатын өнімдерді шығаратын және оларды әлеуметтік әріптестер арқылы сата алатын кәсіпкерлік бригадалары құрылған. Бұл студенттердің сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге қызығушылығын оятады. Студенттерді, өндірістік оқыту шеберлерін, оқытушыларды, әлеуметтік әріптестерді біріктіре отырып, жастардың кәсіпкерлік қызметін дамыту шығармашыл адамдардың инновациялық өсуін қалыптастыруға ыңғайлы. Сонымен қатар, бұл колледж бен бизнес құрылымдардың тығыз байланысына оң ықпал етеді.

Колледждің оқу-технологиялық орталығында өңіріміздің жұмысшы кадрлары, өндірістік оқыту шеберлері, арнайы пәндер оқытушылары қайта даярлықтан өтеді және біліктіліктерін арттырады. Жасалған келісімдерге сәйкес студенттердің әлеуметтік әріптестердің ақы төленетін жұмыс орындарында тәжірибеден өтуі жастардың жалақы алуларына және колледждің материалдық базасын нығайтуына жағдай туғызады.

Оқу мекемесінің түрлі бизнес-жобаларға қатысуы маңызды. Колледждің “Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту” атты институционалдық даму бағдарламасының 1 және 2-кезеңіне қатысуы білім ордасының тұрақты қалыптасуына және алдына қойылған міндеттерді шешуіне серпін берді.

Бүгінде еліміз өндірістік-инно­вациялық даму жолына түскен­де жұмысшы мамандардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Осының салдарынан елімізде бой көтеріп жатқан құрылыстардың сапасы жиі сынға ұшырайды. Сондықтан өңірдің білім мекемелері мен құрылыс ұйымдарының өкілдері студенттерді колледждің оқу-технологиялық орталығында жаңа үлгідегі жабдықтармен жұмыс істеуге үйретеді. 2014-2015 оқу жылының басынан жалпы кәсіптік және арнайы цикл пәндерінен “Ғимараттар мен имараттар салу және пайдалану” мамандығының “Техник-құрылысшы” біліктілігі бойынша он модульден тұратын оқытудың сараптамалық жүйесі қолданылуда. Колледждің құрылыс пәндерінен сабақ беретін оқытушылары әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, сараптамалық топтардың оқу бағдарламаларын жасады.

Бірінші курс студенттері аптасына төрт күн теориялық білім алса, бір күн колледждің оқу шеберханалары мен кәсіпорындарында оқиды. Екінші курстан бастап студенттер “Основание” ЖШС, “Металлоэлектроконструкция” ЖШС, “СредазЭнергоМонтаж” ЖШС, “Лира” ЖШС, “Жамалиев” ЖК, “Тез тұрғызылатын ғимараттар мен имараттар зауыты” ЖШС, “Ремплазма” ЖШС, “Мастерская Артель” ЖШС сияқты әлеуметтік әріптестердің ірі кәсіпорындарында өндірістік оқытудан және тәжірибеден өте бастайды. Әзірленген жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес қажетті теориялық білім мен тәжірибелік дағдыны жинақтаған үшінші курс студенттері 2014-2015 оқу жылының басынан 14 маусымға дейін өндірістік тәжірибеден өтеді. Үстіміздегі жылы облыстық білім басқармасы және кәсіпкерлер палатасының қолдауымен колледж жанында оқу-технологиялық орталық ашылды. Сонымен қатар, негізгі құрылыс үдерістерін көзбе-көз көрсетуге және студенттердің тәжірибелік жұмысын жүргізуге арналған оқу полигоны да салынды.

Білікті ұлттық кадрларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту және кәсіби жағынан даярлау бүгінгі таңның басты мәселесі. Біздің колледжде атқарылып жатқан шаралар – оқу мекемесінде жоғары білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарды даярлауға жағдай туғызылғанының айғағы.

Ерке СЫЗДЫҚОВ,

Петропавл құрылыс-экономикалық

колледжі директорының дуалдық

 оқыту жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp