«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ ҰСТАЗ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Облыстық білім басқармасы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығымен бірлесіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беретін ұстаздар арасында өңірлік семинар өткізді. Онда тәлімгерлер білім берудің жаңартылған әдістері бойынша жан-жақты мағлұмат алып, өзара пікір алмасты.

Семинар қатысушылары 6 секцияға бөлінді. Олар түзету мектептерінде оқитын балалардың білім деңгейін бағалау мәселелерін зерттеп, бұл салада тәжірибесі мол әріптестерінің ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Жаратылыстану-математика бағытындағы секцияда И.Агеева, Т.Лешкова, Т.Битбаева және өзге ұстаздар лекциялар барысында жаңартылған бағдарламаның өзгешеліктеріне тоқталды. Бастауыш сынып мұғалімдеріне дәріс бергендердің қатарында О.Глазунова, И.Ибрагимова, О.Герасименко және тағы бірқатар баяндамашылар білім берудегі өзіндік әдіс-тәсілдер жайлы әңгімеледі. Тәрбиешілер секциясында киіз басудан шеберлік сағаты өтті. Мектеп оқушылары өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми жобаларын қорғады. Ұстаздардың пікірінше, Ахмет Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сынды ұлт зиялылары туралы еңбектер сапалы жазылған.
Семинар барысында әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының бас маманы «Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуды жоспарлау» тақырыбында өткен конкурста үздік деп танылған бір топ ұстазды дипломмен марапаттады. Бұдан соң семинарға қатысушылар назарына балалар дайындаған концерт ұсынылды. Өнерлі өрендермен бірге «Мелодия» вокал үйірмесінің жетекшісі Димаш Жақыпов, жас әнші Анастасия Селезнева танымал әндерді орындап, қошеметке бөленді. Балалар үйі тәрбиеленушісінің анасына арнап жазған «Здравствуй, мама» өлеңіне құлақ түрген тыңдармандар еріксіз көздеріне жас алды. Кеш Абайдың «Желсіз түнде жарық Ай» әнімен тамамдалды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp