Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы және “100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру технологиялары туралы “Қазақстан өңірлерінде бірлік пен бірегейлікті нығайту бойынша этносаяси менеджмент” тақырыбында семинар-тренингтер өткізді. Бейбітшілік, этносаралық келісім, патриотизм, ұлттық бірлік сияқты қазақстандық құндылықтарды бұрынғыдан да нығайта түсуге бағытталған шаралар еліміздің Жезқазған, Шымкент, Атырау, Павлодар, Өскемен және Қостанай қалаларында да ұйымдастырылды.
Қостанай қаласындағы семинар-тренингке Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының этносаралық және конфессияаралық қатынастар, этносаясат мәселесімен айналысатын жергілікті мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармалары мен бөлімдерінің, жастар саясаты, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары мен мамандары және өңірлік “Қоғамдық келісім” мекемелерінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, этномәдени, діни, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Үш күндік семинар барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғалымдары дәрістер оқып, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында белгіленген жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен имиджі мәселесіне көңіл бөлінді.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.