«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІГЕ ЖОЛ АШЫҚ

Райгүл ТӨЛЕГЕНОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің 4-курс студенті.

2012 жылдың 5 қыркүйегінде Елбасымыз Астанадағы Назарбаев Университетінде “Қазақстан білім қоғамы жолында” атты интерактивтік дәрісін жастардың білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында оқыды деп есептеймін. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев: “Ықылым замандардан қалған “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша. Бұл заман – білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Сол білімді әжетке жаратып, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады”, – деп басып айтты. Елбасының сөзін тыңдаған жастардың бойында “иә, мен келешекте елімнің беткеұстар азаматы боламын, ол үшін қайтсем де көп оқып, білімді болуым керек” деген сезім пайда болуы тиіс. Президенттің айтқан сөздері еліміздің жас азаматтары, студенттерге терең ой салды.
Елбасы өз дәрісінде тіл және ел бірлігі туралы мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Дәріс соңында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағы жастардың қолында екенін ашық айтты. “Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім” деген. Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Мына заманда “Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады”. Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер. Мемлекеттің ең ұлы мұраты – әрбір азаматының тауқымет көрмей, бақуатты тіршілік кешуі. Менің “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаламның да түпкі мәні осында”.
Президентіміз дәрісін дәл осындай терең ойлы сөздермен аяқтаған соң әрбір студенттің бойында патриоттық сезімі оянып, терең оқып, білім мұхитында еркін жүзеді деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp