«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІЛЕР БӘЙГЕСІ

Кеше жалпы білім беру пәндерінен республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңі басталды. Бұл білім бәсекесіне Петропавл қаласы мен өңіріміздің барлық ауданынан 584 оқушы қатысуда.

Олимпиаданың аудандық кезеңінің жеңімпаздары дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” лицейі мен Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатқа жиналды. Былтырға қарағанда биыл сайысқа қатысушылар саны едәуір артқан. Әсіресе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша сынға түсушілер көп. Былтыр республикалық олимпиадада аталған бағыт бойынша сынға түскендер жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншілеген еді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиадада да жүлделі орынды иеленген оқушылар аз емес.

– Балалар 15 пән бойынша бақ сынауда. Оқушылардың жұмысын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Назарбаев Зияткерлік мектебі мен колледждердің ұстаздары, басқа да білікті мамандар саралайды. Үздік нәтиже көрсеткен оқушылар 15-30 наурыз күндері Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова.

Оқушылар арасында бірнеше жыл қатарынан облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып жүргендер аз емес. Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Ыбырай Өмірзақов сияқты сайыстың жоғары кезеңіне жолдама алуды армандап жүргендер де бар. Ыбырай болашақта саясаткер болғысы келеді. Сондықтан Қазақстан тарихын тереңдетіп оқуды өзіне басты міндет етіп қойған.

Былтыр республикалық білімділер бәйгесіне өңірімізден 68 бала қатысқан еді. Биылғы нәтиже қандай болатынын уақыт көрсетеді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp