Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлері “Агрокәсіпкерлік – 2020” бағдарламасы аясында арнайы курстан өтті.
Үстіміздегі жылы өңірімізде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты Агробіліктілік орталығы құрылған болатын. Аталмыш құрылым мақсаты ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің аграрлық білім-білік деңгейін арттыру. Орталықта тек кәсіби біліктілікті арттырудан бөлек, оқу бағдарламалары мен әдістемелері дайындалады. Ал сол білімді жетілдіру үшін 800-ге жуық кәсіпкер алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда өткізілген агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттары бойынша оқыту семинарларында үш ай бойы білімдерін ұштады. Өткізілген 50 семинардың 14-і – өсімдік шаруашылығына, ал 36-сы мал шаруашылығына арналды.
Төрт мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар және шамамен 130 мың адам жұмыспен қамтылған өңір үшін осындай оқыту курстарын ұйымдастыру маңызды. Мамандар алған білім кәсіпкерлерге жаңа технологияларды шаруашылығында енгізуге, сонымен қатар өнім сапасын жақсартып, кірісті көбейтуге көмектесетінін айтады.
Динара БЕКТҰРОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.