
Кемел келешекке, табысқа жетуге талпынған жастардың бойында көшбасшылық қабілет, ұмтылыс болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас басқарушыларды тарту мақсатында қолға алынған Президенттік жастар кадрлық резервіне осындай қасиеттерге ие 300 азамат іріктеліп алынды. Солардың қатарында солтүстікқазақстандық Асқар Баймұқанов та бар. Бүгінде облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып отырған Асқар Қайыржанұлымен сұхбаттасып, алға қойған жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Мағжан Жұмабаев ауданындағы Чистовское ауылындағы мектепті тамамдағаннан кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Табысқа жетудің негізгі тетігі сапалы білім болғандықтан, оқудан жалыққан емеспін. Жоғары оқу орнын үздік аяқтап, Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде магистр дәрежесін алдым. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде магистратурада оқып жатырмын.
Көп ұзамай қоғамдық өмірге белсене араласып, жазғы демалыста орманшыларға көмектесіп, көгалдандыру жұмыстарына атсалысу мақсатында әрі уақытты тиімді өткізу үшін “Жасыл ел” еңбек жасағына мүше болдым. Біршама уақыттан кейін еңбекке деген ұмтылысым бағаланып, жасақтың облыстық филиалына жетекшілікке тағайындалдым. Осының арқасында Қазақстанның барлық қалаларын араладым. Алты жылдың ішінде ұжымның ауызбіршілігінің, жастардың еңбекқорлығының арқасында жеткен жетістіктерімізбен мақтана аламыз. “Жастар жылында” жұмыспен қамтылған 683 жас аулаларды абаттандырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Бағдарлама аясында медиажасақтар құрылып, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде “Жасыл елдің” өңіріміздегі штабы республика бойынша ең үздік ұйым болып танылды.
– Бала кезіңізде мемлекеттік қызметке орналасып, басқару ісіне аралассам деген арман болды ма?
– Жалпы жастарға еркіндік керек. Бұл ретте жас буынға өзін дамыту үшін үкіметтік емес ұйымдар әлдеқайда ыңғайлы. Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүріп жатқанда, қатарластарымның, басқа өңірлердегі әріптестерімнің ұсынысымен бағымды сынадым. Бірақ жобаға қатысуымдағы басты мақсат өзімді тексеру болатын. Әр адам білгенімен шектеліп қалмай, үнемі жетілуі, ізденуі тиіс. Сондықтан бұл мен үшін бір сынақ болды.
– Жоба барысында жастардың бойындағы қандай қасиеттері бағаланды?
– Алдымен компьютер арқылы экономикаға қатысты тапсырмаларды орындап, вебкамера арқылы әрқайсымызға берілген мәтіннің негізгі мәнін, түйінін ашып, түсіндірдік. Бұл сындардан сүрінбей өткеннен кейін эссе жаздық. Бізге берілген қырық минут уақыт ішінде басқарушылық қызмет атқарсам, бойымнан табылатын үш негізгі қасиетім жайлы дәлелді пікір ұсынуым қажет болды. Бұл кезең мен үшін қиындық тудырған жоқ. Менің ойымша, қандай жағдай болмасын, әділетті болу керек. Қызмет барысында түрлі жайттар орын алуы мүмкін. Сондықтан әрқашан сабырлық сақтап, орынсыз дау-дамайлар мен келіспеушіліктерге жол бермеу аса маңызды. Үшінші кезекте, әр минутты тиімді пайдалануға тырысамын. Өйткені, әр адам уақытты босқа өткізбей, пайдалы іспен айналысса ғана жақсылыққа қол жеткізеді.
Келесі кезеңде әр қатысушы өзінің бағыты бойынша жоба әзірлеуі тиіс еді. Осыған дейін де қоғаммен байланыста жұмыс істегеннен кейін әлеуметтік саланы таңдадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім” жобасына сәйкес кітаптарды қазақ тіліне аудару міндеті қойылған болатын. Өкінішке қарай, көру қабілеті нашар жандар бұл кітаптарды оқи алмайды. Сондықтан оқулықтарды қазақ тілінде брайль шрифімен жазуды ұсындым. Елімізде де әлемдік деңгейде үлкен маңызға ие, мәнді де мағыналы кітаптар жеткілікті. Бұл ойым жүзеге асса, осы кітаптарды шет тілдеріне аударып әрі брайль шрифімен жазу арқылы оны көру қабілеті нашар жандар оқи алатын болады.
– Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктелген жастар туралы не айтасыз?
– Аталған жобаға қатыса отырып, елімізде талантты, табысты жастардың көп екенін аңғардым. Олардың басым бөлігі шетелдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алған. Бірақ жобаның басты ерекшелігі қарапайым оқу орнын тамамдағандар мен әлемнің белгілі университетінде білім алған жастар бірдей бағаланып, негізгі басымдық олардың көшбасшылық, алғырлық қабілеттерін анықтауға бағытталды. Сынақтардан өту барысында жастардың бір-бірінен тек шет тілдерін жетік меңгерулерімен ерекшеленетіні байқалды.
– Алға қойған жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданғаннан кейін министрліктерден, басқа өңірлерден де ұсыныстар келіп түсті. Бірақ менің мемлекеттік қызметте тәжірибем жоқ. Алдымен жұмыс істеудің мән-жайын көріп-біліп, мансаптық өсу арқылы бірте-бірте жетістікке жеткен дұрыс деп ойлаймын. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметінде өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бұл – өте күрделі әрі қызықты сала. Әрине, басты мақсат – осы саланы жетілдіру. Біршама уақыт жастар саясатымен айналысқандықтан, мемлекет пен азаматтық сектордың байланысынан хабардармын. Сондықтан осы саладағы мәселелерді шешуге атсалыссам деймін.
Әңгімелескен
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.