
Соңғы жылдары мұғалім мәртебесі, абырой-беделі жайлы жиі айтылып жүр. Шынымен де, өзін өзгелерге сыйлата алатын тәлімгердің сын-сипаты қандай болуы керек деген сауал туындаса мен ойланбай-ақ Сайран Мұстафинаны айтар едім. Ол – ұзақ жылдардан бері білім беру саласының ыстығына күйіп, суығына төзіп жүрген жандардың бірі. Жылдағы дәстүрге сай Мұғалім күні мерекесіне орай өңіріміздің үздік ұстаздарына құрмет көрсетілді. Сол тізімге Сайран Бикенқызы да енді. Облысымыздың екі ұстазы “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталса, соның бірі – біздің директор. Бүгінгі күні облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебін басқарып отырған оның білім беру мекемесінің дамуына, қалыптасуына және бүгінгі жеткен биігіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қазақта “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген асыл сөз бар. Табиғатынан аз сөйлеп, көп іс тындыруды мақсат тұтатын әріптесіме менің ғана емес, ұжымның да ілтипаты зор. Ал ол мұндай құрметке қалай жетті, бүгінгі мақалада сол жайында айтып өткім келеді.
Көпшілік біздің мектебімізді өңіріміздегі ұлттық тәрбие мен білімнің қарашаңырағы деп біледі. Өйткені, біз ашылған күннен бастап шәкірттеріміздің бойына қазақы тәрбиенің уызын сіңіруді мақсат тұтып келеміз. Ал бүгінгі күні діттегенімізге қол жеткіздік. Алтын ұяның табалдырығын аттаған жұртшылық оқушыларымыздың бойынан қарапайымдылықты, үлкенге деген құрметті аңғаратындарын айтып, абыройымызды өсіріп кетеді. Ата-аналар тарапынан зор сенімге ие болу мектеп ұстаздарының ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі десем, қателеспейтін шығармын. Әрине, мұғалімдерге бағыт-бағдар сілтеп, ұжымда жақсы шығармашылық ахуалдың қалыптасуына ықпал ететін тұлға – директор. Шынымен де, халқымызда “басшыға қарап бағыныштылар бой түзейді” деген ежелден айтылып жүрген тәмсіл бар. Мен де бұл пікірмен толық келісемін. Қол астындағы мұғалімдермен туысындай сыйласып, досындай сырласатын директорлар көп емес. Міне, Сайран Бикенқызы осындай адам!
Біз ұлттық тәрбие, адамгершілік қасиеттер жайлы жиі сөз қозғаймыз. Адам бойынан табылуы тиіс асыл мінездерді жас ұрпақтың бойына қалай сіңіруге болады деп бас қатырып жатамыз. Меніңше, мектептің әрбір мұғалімі, әрине, бұл санатта директор да бар, өзінің жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі, сөзі, мінезі арқылы оқушыларға үлгі болуы тиіс. Біз Сайран Мұстафинаның ұстамдылығына, еңбекқорлығына, ішкі мәдениетінің жоғары екеніне ылғи сүйсініп отырамыз. Бұл, әрине, көп адамның бойынан табыла бермейтін жақсы қасиеттер. Ендеше, біздің директор адамгершілігімен жас ұстаздарға ғана емес, шәкірттерге де үлгі көрсетуде.
Білікті басшы бола білген Сайран Бикенқызы қазақ мектебінде 2000 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бере жүріп ол ұжым арасында ізденімпаз-дығымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, көпшілік ілтипатына бөленді. Өз пәнінің нағыз білгірі екеніне бәріміздің де көзімізді жеткізді. Оның жетекшілігімен оқушыларымыз республикалық, халықаралық “Полиглот”, “Инфоурок” және пәндік олимпиадаларға үзбей қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. “Почитайка” зерттеу сайысын ұйымдастырып, өткізгені және оқушыларды түрлі білім байқауларына дайындағаны үшін бірнеше рет қалалық білім бөлімі мен облыстық басқарманың Алғыс хатын иеленді. Оның “Қоғамға қызмет қыл” авторлық бағдарламасы еліміздің білім беру саласы мамандарының тарапынан жоғары бағаланып, бүгінгі таңда бұл жоба мектебіміздің тәрбие бағытына енгізілді.
Сайран Бикенқызы мектебімізді 2010 жылдан бері басқарып келеді. Тоғыз жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде білім беру мекемесінің өңіріміздегі озық мектептердің қатарынан көрінуіне күш салды. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, лайықты шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтты. Өнерлі өрендердің қатарын көбейтуді естен шығармады. Осындай еңбектің нәтижесінде біздің мектептің түлектері түрлі бәсекелерде топ жарып жүр. Ең бастысы, өз ісіне берілген мұғалімдерді жасақтады. Облыстың бетке ұстар тәлімгерлеріне айналған қаншама ұстаз біздің мектепте қызмет атқаруда.
Ол ұстаздарға: “Мұғалімдік жолға адасып келетіндер бар. Өйткені, ондайлар ұстаздық қызметке жеңіл-желпі қарағысы келеді. Сөйтіп, мұғалімнің қадір-қасиетін түсіреді. Олардың жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жаны ашымайды”, – деп жиі айтып отырады. Шынымен де, өз ісін сүйе білген адамдардың ғана еңбегі жанады.
Шынар ТЕМІРХАНОВА,
Қожаберген жырау
атындағы №6 қазақ орта
мектебі директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары.