Еліміздің ертеңі заманауи білімге бет бұрған, ғылыммен қаруланған жас ұрпақтың қолында екені айтпаса да түсінікті. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында, бағдарламалық мақалалары мен үндеулерінде үнемі айтып келеді.
Мемлекет басшысы биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында “Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс”, – дей келе орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіпке бағдарлаудың маңызды екенін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың мансаптық өсуін, қайта даярлаудан өтуін және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты қамтылған. Ұстаздың еңбегін қолдау мен ынталандыруға өңіріміздегі және ауданымыздағы білім беру мекемелері өз үлестерін қосып отыр. Өзім жетекшілік етіп отырған оқу орны мұғалімдерінің 90 пайызы жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Қазіргі таңда мектеп ұжымында алпыс алты ұстаз қызмет етуде. Олардың 95 пайызынан астамы жоғары білімді. Біліктілік сапасы бойынша жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің саны 71 пайызды құрайды. Мұғалімдердің 31 пайызы деңгейлік, 12 пайызы “Тәжірибедегі рефлексия” және жеті пайызы көшбасшылық біліктілік арттыру курстарын аяқтады. Бұл ел ертеңін, болашақтың бағбандарын тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымы үшін үлкен көрсеткіш әрі жетістік.
Мектепте ұстаздардың электрондық базасы құрылған. Бұл мұғалім туралы мәліметтен хабардар болуға және мониторинг жасауға жол ашады. Сондай-ақ, мектепте біраз жылдан бері ата-аналарға арналған көмек беруші электронды құрал жұмыс істеп келеді. Мектеп сайты, электронды күнделік, электронды база мұның бәрі ұжымымыздың заманауи, жаңа талаптар деңгейінде жұмыс жүргізіп жатқандығын көрсетеді.
Президент өз Жолдауында “Келесі жылы “Педагог мәртебесі туралы” Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын”, – деп мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің көңілдеріне қуаныш ұялатты. Бұл заң білім саласы қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылтуға ықпал етеді. Жылдың басты құжатында айтылған педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан педагог-мамандарды аттестаттаудың ережесі бойынша педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор біліктіліктерінен өтуге ұжымымыздағы бірқатар мұғалім күш салды. Олар өздерінің жинаған тәжірибелері мен білімдерінің арқасында деңгейлік сатыға көтеріліп отыр.
Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту мақсатында химия, биология, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері тіл курстарын аяқтап, В1, С1 деңгейлерін меңгерді. Осы пәндер бойынша биылғы оқу жылында қосымша сабақтарды ағылшын тілінде оқыту жұмыстары жалғастырылады.
Мұғалімдеріміз жыл сайын республикалық “Үздік педагог” сайысына қатысып, біліктілік деңгейлерін сынайды. Мектебімізде екі мұғалім “Үздік педагог” атағына ие болды. Ұстаздарымыздың Семей қаласында өткен республикалық “Дарынды балаға – талантты ұстаз”, облыстық “Үздік дене шынықтыру мұғалімі” байқауларының жеңімпазы атануы ұжым үшін абырой. Мұғалімдер іс-тәжірибелерін тарату мақсатында облыс, республика көлемінде семинарлар өткізіп, мақалалар мен ғылыми туындыларын халықаралық, ел деңгейіндегі басылымдарға жариялайды. Биыл ағылшын тілі пәнінің мұғалімі “Fullbright Tea” бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасу үшін АҚШ-тың Вашингтон қаласына жіберілмек. Үстіміздегі жылы мектебімізден түлеп ұшқан 17 өрен жоғары оқу орындарының білім беру грантына ие болды, біреуі Астана қаласындағы Назарбаев Университетіне оқуға түскенін атап өткен жөн. Оқушымыз Дубай қаласында өткен менталды арифметикадан халықаралық жарыстың үшінші орын иегері атанды. Осынау жетістіктер – ұлағатты ұстаздарымыздың жас ұрпақты сапалы біліммен, орнықты тәрбиемен сусындату бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі.
Білім беру саласы бүгінгі жаһандану жағдайында барлық елдердің гүлденуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі қозғаушы күші саналады. Ол үшін Елбасымыз айтып отырған орта білім жүйесінде белгіленген негізгі тәсілдерді сәтті жүзеге асыру маңызды. Бұған әрбір мектеп ерекше жауапкершілікпен әрі ыждаһаттылықпен қарауы керек.
Сағат ЕЛЕУКИНА, “Парасат” мектеп-лицейінің директоры.
Қызылжар ауданы.