«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМДІ ЕЛДІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында да, одан кейін де қаншама тың идеялар айтылды. Солардың барлығы пісіп, жетіліп, бүгінде Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның өзегіне айналып отыр. Осы орайда оны Қазақстанның дамып өркендеуінің бас жоспары деуге болады. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыратын қадамдар білім саласын да қамтыған.

Ел тәуелсіздігінің нығаюы орта білім беру жүйесімен тығыз байланысты болғандықтан, ауыл мектептерінің бүгінгі жайы, даму бағыттары, оның болашағы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Елбасының алдағы уақытта мемлекет пен қоғамды одан әрі дамытудың неғұрлым өзекті мәселелерін анықтап, нақты міндеттер жүктеген бағдарламаларда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, олардың санасында жалпыұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, ар-намыс, ізгілік пен қайырымдылық нормаларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артады.  

Біздің Троицк орта мектебінде білім екі тілде беріледі. Осыдан 20 жылдай бұрын орыстілді мектептің жанынан қазақ сыныбы ашылған еді. Бүгінде мектеп ұжымы қазіргі заман талаптарына сай ой-өрісі кең, саналы да тәрбиелі шәкірттерді үлкен өмірге қанаттандыруда осы биік міндет деңгейінен көрінуге күш салып келеді. Оған мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған. Мектебіміз сапалы білім беруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

100 нақты қадам жоспарында “Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру” қажет екендігі айқын көрсетілген. Бүгінде мұғалімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оларды біліктілікті арттыратын курстардан өткізіп, деңгейлік бағдарламаларды оқытуда. Бұл, әсіресе, ауыл мұғалімдерінің алдынан зор мүмкіндіктер ашып отыр. Мысалы, мен өткен жылы III базалық деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, біраз тәжірибе жинақтадым. Қазір сол курстардан алған білімім мен жинақтаған тәжірибемді сабақ барысында жиі пайдаланамын. Бұл балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруда. Ізденетін, оқып-үйренуден жалықпайтын мұғалім оқушыларына білім бере отырып, өзінің де біліктілігін арттырады. Ондай мұғалімдер заман ағымынан қалмасы анық. Бүгінде мектеп мұғалімдерінің шәкірт тәрбиелеу мен оқытудағы оң нәтижеге қол жеткізуі – болашақта еліміздің өркениетті елдердің қатарына қосылуы мен алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуі. Осы орайда жас буынды болашаққа даярлау, қоғамға сай бейімдеу – мектеп еншісінде екенін ұмытпайық.

Дәстен СМАҒҰЛОВ,

Троицк орта мектебінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp