
Жолдаудағы ең маңызды бағыттың бірі – ауыл балаларын қолдау, дарынды балалардың қабілетін ашу. “Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек”, – деген болатын Президент. Өңірімізде дарынды өрендерді оқыту, тәрбиелеу жұмысы арнайы Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Мәселен, дарынды балаларға білім беретін өзге мектептер секілді біз де талантты жастарды жан-жақты қолдай отырып, олардың білім, ғылым, өнер және спорт саласындағы жетістікке жетуін көздейміз. Нәтижесінде халықаралық, республикалық және облыстық пәндік олимпиадалар мен түрлі деңгейдегі байқауларда өңір абыройын асқақтатып жүрген оқушыларымыз аз емес. 2018-2019 оқу жылында он бір оқушы халықаралық, 13 оқушы республикалық ғылыми жобалардың жеңімпазы атанып, Мәскеу қаласының мемлекеттік, Назарбаев, Қазақ-Британ техникалық, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеттері сынды белді жоғары оқу орындарының түлектері атанды. Сонымен бірге Қазақстан, Ресей, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен халықаралық олимпиадаларда оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленді. Мирас Бәриев, Арман Әлібеков, Алина Кардашова мен Арина Жаркова кезекті білім сайыстарына дайындық үстінде.
Жолдау жүктеген межелі міндеттердің үдесінен шығу үшін білім сапасын арттыруды көздейміз. Осыған орай оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту арқылы оқушының танымдық белсенділігін дамыту бағытында түрлі жұмыстар жүзеге асырылуда. Әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны жетелеу – ұстаз парызы болса, баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екені сөзсіз. Біз жұмыс барысында “Әрбір бала – болашақ данышпан” деген қағиданы ұстанып, шәкірттердің барлығының бірдей деңгейде дамуына көңіл бөлудеміз. Әрбір баланың бойындағы шығармашылық қабілетті дамыту арқылы үлкен нәтижеге жетуге болатынына лицейіміздің ұстаздар қауымы да көз жеткізіп отыр. Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицей-интернатының басты ұстанымы осы. Лицейде “Росток” атты оқушылардың ғылыми қоғамы бар. Мұнда оқушыларға өз бетінше жұмыс жасауға, ғылыми-зерттеумен айналысуға, пән олимпиадаларына дайындалуға мүмкіндік жасалған.
Оқушыларымыз осы күнге дейін 46 халықаралық олимпиада мен осынша ғылыми жоба байқауының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 370-тен астам бала облыстық пән олимпиадасының жүлделі орындарын жеңіп алды. “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауын өткізеді. Негізгі мақсат – оқушылардың өзіндік шығармашылық ізденісін дамыту, зерттеу дағдыларына үйрету, ғылым саласындағы зерттеулерге қызығушылық танытатын дарындыларды анықтау. Өткен жылы бұл байқауға 20 мыңнан астам оқушы қатысып, солардың ішінде 6 оқушымыз – алтын, 79 жоба бойынша 10 қатысушы – күміс, 130 жоба бойынша 11 оқушы қола медальмен марапатталды.
Білім сапасындағы жоғары көрсеткіштер, ғылыми жұмыстар мен олимпиадалар нәтижесі бойынша ЛОРД лицейі бірнеше мәрте “Үздік олимпиадалық мектеп” атағын жеңіп алды, Қазақстан Республикасының “100 үздік мектебі” тізіміне ендік. Өткен жылы облысымыздың “Ең үздік білім беру мекемесі” байқауында бас жүлдені иеленіп, 34 млн. теңге ұтып алғанымыз да білім беру саласындағы жеңісіміз. Лицейде информатика, биология және химия кабинеттері озық үлгіде жабдықталған. Бұл ұстаздардың білімді шәкірттерді тәрбиелеуіне серпін беріп отыр.
Ұлы Абай “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге” дегендей ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біз осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан көрінуді көздейміз.
Светлана ШӘУКЕРОВА,
ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары.
Сурет http://school.petropavl.sko-bilim.agartu.kz/ сайтынан алынды.