«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІММЕНЕН ҚАЛАНҒАН ӘР КІРПІШІ

Атауы сан мәрте өзгерсе де, білікті педагог кадрларын әзірлеу секілді басты ұстанымынан айнымаған, өңірдегі кәсіптік, гуманитарлық білім беру мекемелері арасында қарашаңырақ, көшбасшы саналатын байырғы оқу орындарының бірі – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж екені даусыз. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алатын оқу орнының тарихы ерен еңбектерімен елге танымал тұлғалардың есімдерімен, шығармашылық қызметтерімен тығыз сабақтас. Колледжге осы тізімнің ұшар басында тұрған алты Алаштың ақиық ақыны Мағжанның аты беріліп, “жоғары колледж” мәртебесін иеленді. Көптеген бәсі биік байқауларда олжа салып, жаңартылған білім беру мазмұнын халықаралық стандарттармен, озық технологиялық бағдарламалармен, инновациялық жобалармен тығыз ұштастыра білген ұжымның бәсекеге қабілеттілік қарымы басқаларға үлгі. Оған бір ғасыр ішінде бағындырған биік белестері мен жеткен жетістіктері, 30 мыңнан аса маманды қанаттандырып ұшырғаны дәлел. Өңірдегі тарихы бай еңселі оқу орнының шаңырақ көтергеніне бір ғасыр толуына орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, Мағжан салып кеткен дәстүрді абыроймен жалғастырып келе жатқан педагогтар қауымының қуанышына ортақтасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұжымға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

“Қадірлі ұстаздар! Құрметті колледж ұжымы!
Сіздерді Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Бұл – егемен еліміздің білім саласындағы айтулы оқиға. Тарихы мен тағылымы мол оқу орны ұстаздарының өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі орасан зор.
Колледждің білім ордасы ғана емес, сондай-ақ, мәдени және рухани орталық ретінде қалыптасқаны баршамызға белгілі.
Мұнда ұлт мақтанышына айналған танымал тұлғалар еңбек етіп, алғашқылардың бірі болып әдебиет және өнер саласындағы үйірмелердің ашылуы – оның айқын дәлелі.
Бүгінде колледж ұжымы заман талабына сай білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіне елеулі үлес қосуда.
Осындай мәртебелі миссияны абыроймен атқарып келе жатқандарыңыз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті болсын!” – делінген ыстық лебізге толы құттықтауда.
Құмар Іргебайұлы колледжге қазақтың ақиық ақынының есімі берілгенін өңір жұртшылығы үлкен мақтаныш тұтатынын атап өтті. Мағжанның жазған оқулықтары педагогика ғылымына зор үлес қосты. Бұл – шәкірттер үшін үлкен мәртебе. Сәбит Мұқановтың бастамасымен еліміздегі алғашқы әдеби үйірме де осында ашылды. Бүгінде колледж Қазақстандағы озық оқу орындарының қатарында. 100 жылда білікті ұстаздар 30 мыңнан аса түлекті қанаттандырып ұшырды. Түлектері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Айта кету керек, облыстағы колледждер мен университетті бітіргендердің 80 пайызы жұмысқа орналасады.
Мағжан колледжі биыл заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оқу процесінде озық технологиялар кеңінен қолданылады. Талаптарға толық сай келетін “IT орталығы” жұмыс істейді.
– Жалпы, өңір бойынша 4 колледжге 1,2 млрд. теңгеге жоғары технологиялық құрал-жабдықтар сатып алынды. Келесі жылы 5 колледжге 1,5 млрд. теңге бөлінеді. Осылайша, екі жылдың ішінде колледждердің 40 пайызы жаңарады, – деген облыс әкімі Мемлекет басшысының Құттықтау хатын колледж директоры Ерлік Жанділдинге салтанатты түрде табыс етті.
Жерлесіміз, аталмыш колледждің түлегі, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаевтың бейнеқұттықтауы да өте әсерлі шықты. “ЛОРД” дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры Гүлжан Жақанова өз ойын Мағжанның “Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі” деген сөзімен сабақтай отырып, өмірден өз орнын таба білуге даңғыл жол ашқан ұстаздарына деген шексіз алғысын білдірсе, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Ниеля Адамоните ұлты үшін білегіндегі күшімен, жүрегіндегі жырымен күресе білген Мағжан есімімен аталған білім орнын таңдап, қастерлі мамандық иесі атанғанын мақтан тұтатынын жеткізді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қазбек Қабдулов сиясы кебе қоймаған жыр жолдарын оқып, соңын былай түйіндеді:
“Түледік білім
ордам тұғырыңда,
Тұлпар болар күні
ертең құлының да.
Білімменен қаланған
әр кірпішің,
Бір ғасырлық колледжім
ғұмырыңда”.
Құмар Ақсақалов еңселі оқу орнының ғасырлық шежіресінен, ұстаздар мен студенттердің кәсіби шеберлігінен сыр шертетін фотостендтермен, электронды оқулықтармен, әдістемелік құралдармен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp