“Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру мүмкін емес. Бұл – өмір даналығы. Сондықтан бүгінгі жеңістерімізге марқайып, болашаққа қадам басу үшін кешегіге көз жүгірту – міндет”, – дейді “Үздік педагог – 2016” байқауының жеңімпазы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жадыра Қаржауова. Үлгілі ұстазбен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Жадыра Сабыржанқызы, алдымен өзіңіз туралы аз-кем мәлімет берсеңіз.
– Мағжан Жұмабаев ауданындағы Байшілік ауылында дүниеге келдім. Орта білімді Ленин орталау мектебінде және Петропавлдағы қазақ мектеп-интернатында алдым. Біз оқыған жылдары мектеп-интернатта қазақ тілін тереңдетіп оқытатын сынып ашылып, онда өңірімізге танымал педагог Әлия Малдыбаева сабақ берді. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дегендей, менің пәнге деген қызығушылығымды арттырып, осы мамандықты таңдауыма себепші болған Әлия Ғалымқызы. Қазіргі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алып, ұстаздық жолымды өзім оқыған Мағжан Жұмабаев ауданы Ленин орталау мектебінде бастадым. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа 2009 жылы келдім. Бүгінгі таңда жоғары санатты, бірінші (ілгері) деңгей курсы бойынша сертификатталған мұғаліммін. “Ұстазды алтын діңгекке теңер едім” деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қиыншылығы мен рақаты қатар жүретін мамандық атаулының ұлысын таңдап, оны зор жауапкершілікпен әрі абыроймен атқарып келе жатқаныма – 19 жыл.
– Сіздің бүгінгі жетістігіңіз жайлы жоғарыда айтып өттік. Осы ретте қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының “Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады…” деген сөзі ойыма оралып отыр. Бұл жеңіс бір күннің жемісі емес шығар?
– Дұрыс айтасыз. Қиюын тапса бітпейтін жұмыс, алынбайтын қамал жоқ екен. Мектеп бітіріп, мұғалімдік мамандықты таңдағанда Әлия Малдыбаеваға еліктеп, сол кісідей шәкірттерімді аузыма қаратқан ұстаз болғым келетін. Қазір өткенімді еске алсам, бұл жеңіске оп-оңай жеттім демеймін. Өзім педагогикалық қызметімді “Іздену”, “Толығу” және “Нәтижелі жылдар” деп үш кезеңге бөлер едім. Ленин орта мектебінде қызмет еткен алғашқы жылдарым үнемі іздену үстінде болды. Білмегенімді мектептің озық мұғалімдерінен сұрап, педагогикалық басылымдарға шыққан республиканың үздік ұстаздарының іс-тәжірибесі мен жаңа әдіс-тәсілдерін үйреніп, өз сабақтарыма енгіздім. “Ізденген жетер мұратқа” дегендей, “Әдістемелік құралдар байқауына” қатысып, облыс әкімінің сыйақысын иелендім. Іздене жүріп тәжірибе жинақтадым, толықтым, нәтижесінде осы жеңіске жеттім.
– Қазіргі таңда ұстаздардың алдында балаларды сын тұрғысынан ойлауға, сөйлеуге, білім-білік дағдыларын өмірде қолдана білуге үйрету міндеті тұр. Бұл талаптар үдесінен қалай шығып жүрсіз?
– Жаңа талаптар негізінде “Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында топтық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу” әдістемелік тақырыбы бойынша жұмыс істеймін. Шәкірттерімді жалықтырып алмау үшін әр сабағымда оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланамын. Сабақтан тыс уақытта оқушыларды дарынды балалар шеберханасында пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба, шығармалар сайыстарына дайындаймын. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылы ғана 11-сынып оқушысы Айдана Сағындықова ғылыми жобалар байқауында республикада ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, Айдана – “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” атты облыстық шығармалар байқауында, “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасының “Тілші-әдебиетшілер”, Ақнұр Арғымбаева “Сөз шебері” бағыты бойынша І орындарды иеленді. Ақнұр биылғы оқу жылында республикалық пәндік олимпиададан ІІІ орын алса, аталмыш сайыстың облыстық кезеңінде 9-сынып оқушысы Айна Қапарова көш бастады. Демек, оқушыларым алған білімдерін өмірде пайдалана біледі.
– Іс-тәжірибеңізбен бөлісетін ізбасарларыңыз бар ма?
– Біздің жұмыста ізбасарсыз болмайды. ҰБТ-ға сапалы дайындау әдіс-тәсілдеріммен облыс көлемінде тәжірибе бөлістім. Биылғы оқу жылында “Мәтінмен жұмыс түрлерін ұйымдастырудың тиімді жолдары”, “Жас ерекшеліктеріне сай оқытудың маңызы” тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткіздім. “6-сыныпта қазақ тілін оқыту. Мәдениеттанымдық аспект. Жұмыс дәптері”, “Жаңаша оқытуға – жаңаша көзқарас” әдістемелік жинағы және 8-сыныпқа арналған “Мәтінмен жұмыс түрлерін ұйымдастырудың тиімді жолдары” атты арнайы курстық бағдарламаларым республикалық “Үздік авторлық бағдарлама” байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бірнеше тәжірибелік және зерттеу жұмыстарым халықаралық ғылыми мақалалар жинағына енді.
– Отбасылық жағдайыңыз, болашақ жоспарыңыз туралы айтсаңыз.
– Отбасым, екі қызым бар. Жұбайым Айдархан мені үнемі қолдап, түсіністікпен қарайды. Тұңғышым Нұржамал Еуразия Ұлттық университетінде оқиды. Гүлзат орта мектепті биыл “Алтын белгіге” тамамдады. Өзім болашақта ғылыммен айналыссам деген ойым бар. Қазір “Үздік педагог – 2016” байқауының республикалық кезеңіне дайындық үстіндемін.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.